СЫРДЫҢ СЫРБАЗ ҚЫЗЫНЫҢ КЕШІ ӨТТІ
Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық драма театрында "Жүрегімдесің" атты шығармашылық кеш өтті. Ықыластарын құшағына алып, залға асыға кіріп, орындарына жайғасып жатқан Қызылордалықтар, жүздерінен сағыныш пен сүйіспеншілік байқалады.
Жарық берілді, дыбыс реттелді, концерт басталды... Ə дегеннен кəсібилік пен шеберлік, шынайылық таңдай қақтырды. Сахналық безендірілу, дыбыстың жүйелілігі, жарықтың орнықтылығы... Жарар, бұл мен сараптар тұсы емес-ау концерттің...
Сахнаға көптен сағындырған, өзінің де тұла бойы сағынышқа толған кеш иесі шыққандағы елдің ықыласын көрсеңіз, өнер адамының бақыты осы дерсіз! Əн жүрек, саз кеуде, өлең ғұмырдың иесі Индира Елубаеваны расында жұрты сағыныпты. Əрине, өнерпаздың өзін іздегенге берері тек əні, сазы, өлеңі, бірақ, осы құдіреттердің биігінің биігінде тұратын сөз деген құдіреттің қасиетін жанымен түсінетін кеш иесінің əр сөзінде маржандай боп жарқырап ықылас көрініп тұрді. Енді, сахна мен көрермендер залының арасындағы махаббатты айтып жеткізбек былай тұрсын, көзбен көрудің ғанибеті бөлек.
Сыршыл лиризмге толы əндер, өмірдің өзіндей болған өлеңдер, жан-дүниесімен беріле қызмет жасап жатқан өнерпаздар, бəрі-бəрі творчествалық тандем болды. Алатаудың баурайынан араға атақ салдырып, адам салдырып, ат шалдырып келтіре алмайтын шоқтығы биік өнер иелері Шəкизаданың, Ақбота Керімбекованың, Еркін Нұржановтың, Мəдина Сəдуақасованың өзім деп қызмет етіп, елпілдеп жүргенін көріп, көңіліміз қуанып, осы бір ақшаға алынбас абыройды Сырдың абыройы деп теліп отырдық іштей... Сыр өнерпаздарының ішіндегі даралары Үміт Медеуова, Күнсұлу Түрікпен, т.б.-да жерлестеріне, ұжымдастарына жасап жатқан құрметін көріп, көз қуанды.