Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Қуандық ҚАСЫМОВ: СЫР ТЕАТРЫНЫҢ ЖЕТІЛЕ ТҮСКЕНІН БАЙҚАЙМЫН...

Қуандық ҚАСЫМОВ: СЫР ТЕАТРЫНЫҢ ЖЕТІЛЕ ТҮСКЕНІН БАЙҚАЙМЫН...

    Қуандық Қасымов – қазақ актерлық мектебі мен режиссура саласының дамуына айрықша үлес қосқан бірден-бір тұлға. Оның шығармашылығы театр сахнасына қойылатын жанрларды аса талғампаздықпен таңдай білуімен ерекше. Бүгінге дейін білікті маманның режиссерлігімен көрерменге жол тартқан Ш.Айтматов пен М.Шахановтың «Сократ түні», Ж.Омаровтың «Құлыншақ пен бөлтірік», Д.Исабековтың «Пері мен періште», Ш.Мұртазаның «Ноқтаға басы сыймаған», Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек», И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы», У.Шекспирдің «Ричард ІІІ», С.Жүнісовтің «Қысылғаннан қыз болдық» пьесаларын жұртшылық жылы қабылдады. Қазақ театр өнерін туған елде ғана емес, шетел сахналарында да асқақтатып жүрген режиссермен Сыр топырағында кездесудің сәті түсіп, осы саладағы өзекті мәселелер  төңірегінде ой бөліскен едік.                                              
      –Заңғар жазушымыз М.Әуезов «Театр адамның ішкі жан-дүниесіне әсер етіп, біздің адами қалпымызды тәрбиелейді» деген екен. Осы тұрғыда бүгінгі көрермен арасында театр мәдениеті толығымен қалыптасты деп ойлайсыз ба?                                  – Енді-енді қалыптасып келе жатыр. Тіпті, еліміздің кей жерлерінде бұл мәдени үдеріс әлі де кенжелеп тұр. Мәселен, орыс театрларында бұл мәдениет өте жоғары деңгейде. Себебі, олар  әлі күнге дейін кассадан арнайы билет сатып алып, спектакль тамашалауға келеді. Қандай керемет! Халықтың өнерге деген құштарлығы осында жатыр ғой. Ал, бізде ше? Шыны керек, бізде билетпен театрға келетіндер жоқ демей-ақ қояйын. Бірақ, тым сирек. Оған мына бүгінгі ғаламтордың да әсері жоқ емес шығар, бәлкім. Қазір телефон арқылы қалаған нәрсеңді көруге мүмкіндігің бар. Сондықтан бүгінде адамдар анда-мында артық қимылдамай, осы кішкентай экран арқылы керек дүниесін тамашалай салғанды құп көреді. Оның үстіне транспорт мәселесі де бар. Қоғамда аталмыш мәдениеттің қалыптасуына ең бастысы – халықтың театрға деген қызығушылығының болуы өз әсерін тигізеді. Көрсем, рухани демалсам деген аз да болса құлық, ниет болмаса, бәрі бекер. Ешкімді сүйреп әкеліп, сахна алдына отырғыза алмайсың. Сосын тағы бір айта кетерлік жәйт, мұнда келген кей жастарымыз қиқулап-ысқырып, залды айқай-шуға толтырып, ішіп-жеп отырған жерін ат-көпірін шығарып кетеді. Осыған қарап-ақ олардың бойында көрермен мәдениеті қаншалықты қалыптасқандығын аңғару қиын емес. Қарап тұрып қарның ашады.                 
   – Ал, бізде спектакльдің тақырып ауқымы қаншалықты кең?            
– Қазіргі драматургияда жетеріне жеткізе жазатындар аз. Әсіресе, комедия жанрына келгенде тақырып өте тапшы. Кейде бұл жанр сол Қалтай ағамызбен бірге кеткендей көрінеді маған. Мұхаметқали Хасенов, Қанабек Байсейтов секілді мықты драматургтер саусақпен санарлық. Дулат Исабеков, Иран-Ғайып сынды бұл сала жанрында шебер жұмыс жасайтын таланттар жоқтың қасы. Бүгінде көбісі шағын интермедия жазудан әрі аса алмайды. Ал, біз тек мықты драматургтер жазып кеткен туындыларды өңдеп, заманға сай жаңаша леп беріп, сахналаумен ғана шектеліп келеміз.                                       
  – Сонда осы салада жүрген бүгінгі жас драматургтер неге толымды дүние жазбай жүр?                                             
– Меніңше, бұл мәселемен Мәдениет министрлігінен бастап құзырлы орындар тікелей айналысу керек сияқты. Өнер саласына қатысты оқу орындарын қаншама жастар бітіріп жатыр. Олардың арасында конкурстар жиі ұйымдастырылып тұрса, әділ бағасы берілсе, сонда барып осындай дарын иелері қолдарына қалам алып жаңа шығармалар жазатын болар. Яғни, шығармашылық адамына осындай стимул керек.       – Қазір көрермен қандай қойылымдарды жылы қабылдайды, қандай тақырыптар өтімді деп ойлайсыз?                                                       
    – Біздің халық ойын-сауық, мереке-думанға бір табан жақын. Сондықтан олардың комедия тақырыбына қызығушылығы ерекше. Мелодраманың да өз көрермені бар. Тіпті, өте әсерлі, сюжет желісі тартымды жазылса, трагедияны да жақсы қабылдап жатады. Бұл жерде мәселе жанрда ғана емес, шығарманың жазылуы мен әртістердің сахнада ойнау шеберлігіне де тікелей байланысты.               
      – «...Қасиетті сахна актер үшін келіп кететін, мардымсыз айлық алатын «жерге» айналады». Бір сұқбатыңызда осылай депсіз. Бұлай айтуыңызға не түрткі болды?                                                                      
        – Бұл сөзімнің түп-төркінінде өнерге деген қолдау мен жанашырлық шаралары одан әрі ұлғайса екен деген ой жатыр еді. Расында, оларға рухани-материалдық тұрғыда толық жағдай жасау өнер адамдарының шығармашылықпен айналысуына, ізденіске енуіне мүмкіндік туғызады. Егер шығармашылық адамына мұндай жағдай жасамаса, оларды той-думаннан табамыз. Оны көріп те жүрміз. Оларға сахнадан гөрі сол жер өмір сүруіне тиімді. Жақсы тұрмыс үшін сол жақтан қосымша қаражат табады. Яғни, қай жерде ақшаның көзі бар, сонда жүреді. Айналып келгенде, күн көрістің қамы ғой. Сөйтіп, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен күн кешуді әдетке айналдырады. Ал, бұл театр мен өнердің, одан қалды әртіс деген мәртебелі мамандықтың дәрежесіне нұқсан келтіреді. Осы ойды меңзесем керек.         
  – Бүгінде таяқ лақтырсаң болды, аты да, заты да көп түрлі әзіл-сықақ театрларына келіп тиеді. Атын атап, түсін түстемесек те, бұл өзіңізге жақсы таныс. Сіздің ойыңызша, мұндай өнер ордалары қаншалықты өміршең?                     
   – Әрине, пәленше театр сахнада мынадай уақыт ғана өнер көрсетеді деп айта алмаймын. Әу баста көрерменнің сұранысы болған соң құрылған да шығар. Бірақ, мұндай театр әртістерінің көбісі сахнада интермедия ойнаумен немесе монолог айту мен ғана шектеліп жүр. Театр деген атауды иемденген соң олар спектакль ойнап үйренуі тиіс. Образды ашу үшін әртістер бір-бірімен тіл табысып, жымдаса жұмыс жасай білуі керек. Сахнадағы әрбір қозғалыстың өзі әртісті кәсіби тұрғыда шыңдай түседі. Ал, бір адамның қақшиып монолог айтып кетуімен ғана талант бағасы өлшенбейді. Десе де, сатиралық театрлар қай қалаға барса да, көрермен олардың билет бағасының қымбат екеніне қарамастан тайлы-тұяғымен қалмай келіп, тамашалайды. Арза күлкі, жадағай сөз, таяз ойға кеткен қаражатын да, уақытын да аямайды. Осындайда маған осы біздің сатирамыз сахнада не айтады деген ой келеді. Айтқан сөзінде мағына бар ма? Жұрт күлмейді емес күледі-ау, бірақ былай шыққан соң неге күлгенін ұмытып қалады.                                                        
   – Осы саланың нағыз маманы ретінде қазіргі жас буынның өнер жолындағы ізденісіне көңіліңіз тола ма?            
  – Алысқа бармай-ақ, осы облыстық драма театрдың әртістерін алайық. Мен бұл шаңыраққа ұжымның шақыртуымен бірнеше мәрте келдім. Жылда келген сайын әртістердің кәсіби тұрғыда жетіле түскенін байқаймын. Бұл жолы да М.Қасеновтың «Пай-пай, жас жұбайлар-ай» комедиясының тұсаукесерінде бірге жұмыс жасадық. Сондай жан-жақты. Ән де айтып, би де билеп жатыр. Сахнаны еркін меңгерген. Ұжым жақын арада Шотландияға барып өнер көрсетеді екен. Керемет емес пе? Міне, осындай жалындап тұрған жастарға уақытында қолдау білдіріп, қолтығынан демеп жіберсе, олардан болашақта қазақ өнерін өркендететін нағыз майталмандар шығады.   
Сұқбатты жүргізген: Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
04 маусым 2018 ж. 1 330 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 439 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам