МАМАНДЫҚ ТАҢДАУДЫҢ МӘНІ ЗОР

Бүгінгі жастардың дені заңгер, экономист, қала берді кеденші болуды армандайды. Сондықтан да қазір жоғары оқу орындарын бітіргендердің көбі, яғни, 4-тен 3 бөлігі аталмыш мамандық иегерлері екен. Демек, баласын осы салада оқытатындар жеткілікті. Рас, аталмыш кәсіп иелерінің табысы өзгелерге қарағанда қомақты. Бірақ бәрінің жұмыс тауып, айы оңынан туары екіталай.
Сарапшы мамандардың пікірінше, қазіргі уақытта маркетолог, web-дизайнер, химик, ақпараттық технолог, өнеркәсіп саласы мамандары тапшы. Ал, астрофизик, астроном сынды ғарыш саласы мен механик, картограф, геодезист мамандығына еліміз аса зәру көрінеді. Осы саланы игеретіндерге қажеттілік жылдан-жылға артып келеді.
Сонымен қатар, мұнай-газ және энергетикалық салаға да баса назар аударуда. Алайда, бұл мамандыққа жастардың қызығушылығы төмен. Себебі, әдебиет пен тарих сынды гуманитарлық пәндерден алдына жан салмайтын оқушылардың көпшілігі физика мен химияға келгенде тосылып қалады. Оған ұлттық бірыңғай тест барысындағы көрсеткіштері куә.
Үстіміздегі жылы қаламызда 2141 оқушы мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам басады. Олардың 1848-сы жоғары оқу орнына, 293-і колледждерге түсуді жоспарлап қойған. Оның ішінде педагогикалық, медициналық, өнер мамандықтарына – 782, техникалық сала бойынша – 1284, әскери оқу орындарға – 75 бала түсуге ниеттеніп отыр. Қарап отырсақ, техникалық мамандықтардың саны артып тұр. Бұл биылғы жылы оқушылардың сұранысқа ие мамандықтарды таңдайтынын білдіреді.
Ж.Аймауытов: «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл – жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе», – дейді. Рас, жас жеткіншек тек өз жүрек қалауымен ғана таңдаған кәсіптің шебері бола алады. Яғни мамандық таңдау – жай ғана оқып, диплом алу емес, өмірлік жолыңды айқындау. Сондықтан болашағыңды айқындау барысында талапкер де, ата-ана да «жеті рет өлшеп, бір рет кескені» абзал. Қазір қол қусырып қарап отыратын уақыт емес. Дұрыс бағытты таңда да, лайықты маман бол! Өйткені өз саласының білгірі ғана қай кезде де сұранысқа ие.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.