Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » АСТАНА – БИІК ТӨРІМ, ҚЫЗЫЛОРДА – ТУҒАН ЖЕРІМ

АСТАНА – БИІК ТӨРІМ, ҚЫЗЫЛОРДА – ТУҒАН ЖЕРІМ

     Астана... Ақмешіт... Сайын даланың төсінде тербеліп өскен қазақ баласы үшін бұл екі ұғымның да жаттығы жоқ. Олардың қазақ деген ұлттың ел болып қалыптасу тарихындағы орны қашанда бір төбе. Арада талай жыл өтсе де, бұл құндылық өз маңызын әсте жоймайтыны айдан анық. Себебі, қос шаһар халқымыздың тұтас тарихымен етене астасып жатыр. Кейде оларды егіз ұғымдай көретініміз де сондықтан. Бірі – тарихи талай оқиғаның болуына себепші тұңғыш астана, екіншісі – бүгінгі егемен ел кіндігіне айналған ару қала – Астана.               Расында, төрткүл дүние көз тіккен жасампаз жастар қаласы – Астананың бүгінгі келбеті тым ерек. Қазіргі таңда Тәуелсіз Қазақстанды бейнелейтін бұл шаһармен еліміздің өскелең ұрпағының арманы мен үміті біте қайнасып жатқандай. Күн санап жаңарып-жасарып келе жатқан әсем Астана бүгінде халқымыздың мақтанышы мен ұлт пен ұлыстың бірлігін нығайтудың, елді біріктірудің нышанына айналды.     
    Иә, Тәуелсіздіктің осындай теңдессіз тартуы – Астана қаласына биыл 20 жыл толып отыр. Еліміздің жүрегі іспетті шырайлы шаһардың мерейлі мерекесін атап өтуге санаулы ғана күн қалды. Сан алуан қиындық пен жетістік, бастама мен нәтижеге толы 20 жыл тарих үшін ауыз толтырып айтарлықтай уақыт емес. Әйтсе де  дұшпанымыз күйініп, жолдасымыз сүйсінетін деңгейге қол жеткіздік. Алға қарай аяңдап, келешекке нық қадам басып келеміз. Еліміз үшін бүгінгі қуаныштың, дәл қазіргі шаттықтың орны ерекше. Ең бастысы, еңселі Елордамыздың өркениетке көш бастап, дамудың даңғыл жолына бет түзей түскені көңілге қуаныш ұялатады. Аз ғана жылда аспан астын жайнатып, келбеті келіскен шаһар тұрғыздық. Расында, жазиралы сары далаға зәулім-зәулім ғимараттар салып, шырайлы қала соғу тақыр жерге тау тұрғызғанмен бірдей емес пе? «...ен тоғайға ел қондырсам деп едім» деп ат жалында, түйенің қомында жүріп күн кешкен бабалар мұраты бүгінде шындыққа айналғандай. Он-он бес жылға кейін шегініп, салыстырсақ, қазіргі тоғыз жолдың торабында қанатын кеңге жайған арман қаланы көреміз. Тұтас Қазақстанның дамуын жалғыз Астананың өзі-ақ әлемге паш етіп тұрғандай. Маңызды шешімдер мен бағдарламалар, дәстүрлі түрде халыққа жол тартатын Елбасы Жолдауы жылдан-жылға экономика қуаттылығын арттыруға негіз жасап келеді. Оны Мемлекет басшысының сарабдал саясатының жемісі деп білеміз. Тыныштық пен бейбітшіліктің биік үлгісін көрсетіп, төрткүл дүниені өзімізге қараттық.  ЕҚЫҰ тізгінін ұстап, ДСҰ-ға мүшелікке енгеніміздің өзі қандай ғажап? Астанадағы дүниежүзі көшбасшыларының басын қосқан саммит еліміздің әлемдік деңгейдегі беделін зеңгір көкке бір көтеріп тастағаны рас. Ал, былтыр ғана өткен маңызды шараның бірі – EXPO-2017 көрмесі де еліміздің әлемдік аренадағы орнын айқындай түсті. Қазақ елін дүниежүзі етене тани түсуге зор мүмкіндік жасады. Үш ай бойы төрткіл дүниенің назарын өзіне аударып, тұтас ел осы бір ауқымды шараның абыройлы өтуіне атсалысты. Өткенге көз тастап, сараптасақ, соңғы жиырма жылда осындай ірілі-ұсақты жетістіктерге қол жетті. Осы мекеннің ұланы ретінде туған елдің мұндай асқаралы асуына іштей қуанасың. Марқаясың, мақтанасың. Шырайлы шаһар тәуелсіздіктің бізге тартқан өлшеусіз сыйы екеніне тағы бір мәрте тәубе етесің.                 
  Ал, ерке Есіл бойындағы Астанаға қарап бой түзеп келе жатқан Алаштың Ақмешіті – Қызылорданың заманауи үлгіде жаңарған кескін-келбетін көргенде жүректі қуаныш сезімі кернейді. Күннен-күнге сәулеттік ажары айшықтала түскен алғашқы астанамыздың бүгінгі кейпі тіптен ерек. Көздің жауын алатын әсем гүлзарлар мен сан түрлі архитектуралық мүсіндер көрікті мекен көшелерін одан әрі шырайландыра түскендей. Әсіресе, шаһарымыздың бас көшесі Жібек жолы бойын жағалай серуендесеңіз, ерекше күйге бөленесіз. Жерді бауырлай жапқан алқызыл шоқ гүлдер мен түрлі пішіндегі архитектуралық кескіндер сонау алыстан мен мұндалап, көз тартады. Ерекше шеберлікпен жасалған мұндай тас мүсіндер тек сәулеттік тұрғыда ғана емес, терең түсіне білген жанға тағылымы мол тәлім-тәрбие ұғындырып тұрғандай. Олардың әрқайсысынан қазақылықтың иісі аңқып тұр. Ал, түнгі қаланың ерекше шырайын көргенде бейне бір сырлы бояудың құдіретін ұғындырған суретшінің ғажап туындысы көз алдымызға елестейтіні анық. Мақпал түннің тыныштығында мүлгіген шаһар тіпті сұлулана түсе ме дерсіз. Гүлзарлардың мұрын жарар хош иісі, бірін-бірі жағалай қонған самаладай жап-жарық шамдар көз тартар көркемдікті паш етіп тұрғандай. Сондай-ақ, Ақмешітте атқарылып жатқан айшықты істердің ауқымына да ерекше көңіл сүйсінеді. Әсіресе, соңғы жылдары әсем де көркем шаһарға айналып, қала келбеті ажарлана түсті. Архитектуралық сәулеті жаңарып, тарихи орындар қайта жаңғырды. Демалыс алаңдары, сансыз ғажап гүлдер аллеясы, тынығу жағажайлары, зәулім үйлер, түрлі-түсті жарық шамдары мен көше бойында тізілген тал ағаштары да әсемдік атаулыға үлес қосқандай асқақтатып тұр. Сырдың киелі топырағынан нәр алып өскен ақын балаларының «Қызылордам қыздан бетер сұлуым» деп жырға қосуының да мәнісі осында жатса керек.           
  Елбасы өңірге жасаған әр сапары сайын облыстың экономикалық қуаттылығының артып келе жатқанына оң бағасын беріп келеді. Бұл киелі Сырдың келбетін одан әрі айшықтай түсті. Мәселен, тәуелсіздік жылдарынан бері өңір тұрғындарының саны 800 мыңға жетсе, 190-ға жуық білім, 100-ден астам денсаулық сақтау нысандары бой көтерді. Қазіргі уақытта аймағымыз шикізаттық емес сектордың дамуы бойынша өзге өңірлер арасында көш бастап тұр. Сонымен қатар, бірнеше ірі инфрақұрылымдық жобалар іске қосылды. Сырдарияның сол жағалауынан жаңа қаланың құрылысы қарқынды жүруде. Болашақта жүз мыңнан астам халық тұрады деп жоспарланып отырған инвестициялық аймақта халықтың сапалы өмір сүруіне қажетті әлеуметтік нысандар, бизнес орталықтары, сауда орындары бой көтереді. Сөйтіп, Астанадағыдай қызылордалықтар да сәні мен салтанаты келіскен сол жағалаудың тұрғыны атанбақ.                                                                             
 Ендеше, «Дарияның жағасында бір қала бар» деп ақындар жырға қосқан Сыр өңірінің бас шаһары – Қызылорда мен Арқа төсіндегі ару қала – Астананың тарих қатпарындағы сабақтастығы, ғасыр тезіндегі үндестігі осылайша болашақ даңғылында одан әрі тоғысып, беки түспек. Себебі, міндет – ортақ, мүдде – жалғыз.     
                                                      Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.       
12 маусым 2018 ж. 2 019 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам