Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ЖАДЫМЫЗҒА ЖАТТАЛҒАН ЖАЗБАЛАР

ЖАДЫМЫЗҒА ЖАТТАЛҒАН ЖАЗБАЛАР

    Жиырмасыншы ғасыр қарсаңында Перовск қаласының тарихи географиясы, тарихи топонимикасы назар аударуға тұрарлық. Бұл кезеңде, яғни, 1890-1900 жылдар аралығында өңірімізге 46 рет экспедиция ұйымдастырылған.
Қала тарихын түгендеуде ерекше із қалдырған генерал Василий Каллаур 1898 жылы Перовск уезінің бастығы қызметіне тағайындалған. Қызметіне келген уақыттан бастап осы өңірдегі ежелгі қоныстарды аралап зерттеу жүргізуді алдына мақсат етіп қойған.
Ал бұған дейін 1891 жылдан Перовск уезін басқарған полковник Георгий Загряжский жергілікті тұрғындардың ерекшелігін жазып отыруға ден қойған. Ол Орта Азия ғалымдар қоғамына Сыр өңірі қазақтарының этнографиясынан хабарлама жасап отырған. Бұл екі автор да аталмыш жазбаларды Сыр бойында әскери қызметте жүріп, қағаз бетіне түсірген. Ел басқару ісін жергілікті қазақтардың тарихи-этнографиясын зерттеу ісімен ұштастырған.
Г.Загряжскийдің алға қойған мақсатының бірі – жергілікті қазақтардың ерекшелігін зерттеу. Оның «Очерки Перовского уезда» атты мақаласында Перовск уезі қазақтарының Сырдария өзенінің суының тасуын суармалы егіншілікке тиімді пайдалану жолдарын көрсеткен. Сондай-ақ уездің оңтүстік шығысында Сырдария өзені жағалауындағы тоғайлы қамысты жерлерде қоныстанған орта жүз қазақтарының көшпелі және жартылай көшпелі ауылдарын, олардың шаруашылықты жүргізу ерекшеліктерін қамтыған.
Перовск уезінде жергілікті халық Сырдария өзені арнасының таситын уақытын егін егуге тиімді пайдалана білді. Ғалымның жазып алған мәліметі бойынша, су тасқыны уақытына қарай егін уақыты 7 кезеңге бөлінген:
сәуір тасу - 25 наурыздан сәуірдің басына дейін, арпа мен бидай себілетін уақыт;
гүл шалдық – мамырдың басынан 7 күнге созылады, бидай, арпа, жоңышқаға су жіберіледі;
гүл уақыт – ағаш гүлдейтін уақыт, мамырдың орта кезінен 15 күнге созылады, бидай, арпа, бақша және жоңышқалықты суарады;
тайлақ тасу – 5 және 10 маусым аралығында, судың қатты жылдамдықпен таситын уақыты, 10 күнге созылады, тары егілетін уақыт;
шұлғау тасу – шілденің аяқ кезінен тамыздың басына дейін, астық жинауға қолайлы уақыт;
қарақұйрық тасу – тамыздың 5-нен 5 күнге созылады, қарақамыстың гүлдейтін уақыты;
сүмбіле тасу – тамыздың соңы, жоңышқа суғаруға пайдаланылады.
Қазақтардың мал шаруашылығымен қатар айналысқан кәсібінің бірі – аңшылық. Сыр бойында ол жеке кәсіп болған жоқ. Олар малдың бабын жасаумен қатар аңшылық етті. Зерттеуші бұл тақырыптағы көлемді мақаласында Сыр бойында қалыптасқан аңшылықтың ит қосу, қақпан құру, қуалап аулау, ор қазу, тұзақ құру сияқты әдіс-тәсілдерін қамтыған. Ғалым Қызылорда қазақтары айналысқан қосалқы кәсіп, балық шаруашылығы мәселесіне де көңіл аударған. Г.С.Загряжский қазақ қоғамында қолөнердің алатын орны ерекше екендігін, халық шеберлері мен ұсталарының әр ауылда кездесетіндігін жазып кеткен.
Сондай-ақ, ағаш өңдеу, киіз басу, тері илеу, қамшы өру, арқан есу, сабын қайнату, жүн бояу, жүн сабау, оқ-дәрі құюдың дәстүрлі технологиясын жан-жақты ашып көрсетілген. Сыр қазақтарының жосын-жоралғыларын да бақылап, нәтижелерін жариялап отыруды көздеген. Ол қазақтардың адамды ең ақырғы сапарға шығарып салу рәсімінің атқарылу жолдарын қарастырып, алғашқы болып «Туркестанские ведомости» газетінде жариялаған.
«О направлении торговых путей в Туркестанском крае» атты мақаласынан Қызылорданың үстінен өтетін сауда жолдарымен қатар қала қазақтарының да сауда ісіне араласуы, саудагерлікке қатысты кәсіпшіліктердің дамуы мәселесіне қатысты деректер алуға болады.
Әбубәкір Диваев 1895 жылы Сыр бойын аралаған сапарында Перовск қаласының қазағы Мақан Шықтыбаевтан көптеген ырымдарды жазып алған. Солардың қатарында егіншілікке қатысты келесідей мәлімет бар: «Алладан жауын тілеу, жер көгерту үшін тасаттық беріледі. Егін егіп жатқан диқанға өтіп бара жатқан жүргінші «бір дәнің мың дән берсін», - деп амандасады. Егер диқаннан біреу егістік үшін дән сұраса, ол мүмкіндігіне қарай сұраушыға береді. Диқан өз қырманының астығын алып, пайдалануға кірісерде «Диқан атаның» атына бағыштап, құраннан аят оқиды. Содан соң алғашқы өлшем қайыр-садақаға, «аққұлаға» бөлінеді. Бұл міндетті түрде кешкісін оттың жарығымен жасалады, күндіз жасалмайды». Бұл ырымдардың барлығы астық мол болсын деген мақсатта жасалған.
Қазіргі уақытта жұртшылық «Сыр бойындағы қала» деп жиі айтқанымен, шаһар халқының дарияның тосын мінезінің өзін шаруашылығына тиімді пайдаланғанын білі бермейді. Қазақтың дәстүрін нақтылауға дерек берер қарттардың қатары азая түскен бүгінгі күнде байырғы қазақтардың ортасында болып жазылған осындай мақалалардың құндылығы арта түсетіні анық.
                                                                  Биболат Сәтжан
25 маусым 2018 ж. 1 045 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 440 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам