БІР СУРЕТ МЫҢ СӨЗГЕ ТАТИДЫ
Мойнынан фотоаппаратын тастамайтын, үнемі қағытпа қалжыңымен ортасын күлкіге қарық етіп жүретін Бағдат Есжанвты облыстың журналистер қауымы ерекше құрметтейді. Бұл – оның өз кәсібіне, адамгершілік қасиетіне берілген баға болса керек.
Кейіпкеріміз – Бағдат Есжанов 1977 жылы Шиелі ауданына қарасты Сұлутөбе аулында дүниеге келген. Еңбек жолында Арқалық, Қостанай қалалық телеарналары, сондай-ақ «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасында телеоператор қызметтерін атқарған маман қазір облыс әкімінің баспасөз қызметінде фотограф ретінде жемісті еңбек етіп жүр.
Бүгінде негізгі қызметімен қоса шығармашылыққа зор мән беріп жүрген Б.Есжанов өз кәсібіне шын берілген жан ретінде әріптестері арасында зор беделге ие. Ол кісінің қызметтік жолы қалай басталды?
– Алла Тағала қай кәсіптен несібе беретінін өзі шешеді екен. Негізі Арқалық қаласына тарих мамандығы бойынша оқуға түскен едім. Студент кезімде, операторлыққа қызығып үйрене бастадым. Бойымдағы талант осы салаға қарай тартқан болар. Тез үйреніп алдым. Осылайша, 2003 жылы қалалық телеарнада телеоператор қызметінен еңбек жолымды бастадым. Кәсібімді жақсы көргеннен шығар, ұжымым менің жұмысыма оң бағасын берді. Кейін Қостанай қалалық телеарнасының басшылығы шақырып, сонда ауыстым. Ал, Қызылордаға келуім өзінше бір қызық оқиға. Жұмыс болған соң қиындығы қатар жүреді. Бірде оқыс оқиғаға кезіктім. Басымды жарақаттап алдым. Содан қостанайлық дәрігерлер «адам болып кетуің екіталай» деген болатын. Осылайша, бас жарақатымен туған жеріме келдім. Мұндағы дәрігерлер де емі жоқ екенін тілге тиек етті. Алайда, көрер жарығым бар екен. Ауылда массаж жасайтын Дәмеш деген апа бар еді. Сол кісі басыма массаж жасай отырып, жансыздана бастаған тамырларды тірілтті. Осылайша, ауруымнан айықтым. Мұнда «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасында телеоператор болдым, кейіннен облыс әкімдігіне қызметке шақырды, – дейді ол кісі ағынан жарылып.
Жаңа қызметке келгеннен кейін алғашқыды оператор болды. Сөйтіп жүргенде суретке түсіруге қызыға бастайды. Қолына фотоппарат тисе, жылт еткен кадрларды түсіруге ынтасы ауып тұрады. Түсірген суреттері де көпшілікке ұнай бастады. Осылайша, 2014 жылдан бастап облыс әкімінің баспасөз қызметіне фотограф қызметіне ауысты. Төрт жыл уақыт ішінде ол республика, облыс, қала тарихына қатысты бірқатар оқиғаға куә болып келеді. Суреттері жергілікті басылым беттерінен жиі көрініс табады. Тек аймақтың тыныс-тіршілігі ғана емес, еркін тақырыптарға да назар аударады. Үнемі қай жерден жақсы кадр шығады деп қырағылықпен жүреді. Бұл өз мамандығына деген құрметтің белгісі екені анық.
– Мен өз мамандығымды ешқашан айырбастамас едім. Біріншіден, камерамен, фотоаппаратпен жұмыс істегенді жаным сүйеді. Фотограф – айлакер аңшы секілді қағілез болуы керек. Ол – ойдың адамы. Түсіретін дүниесін іштей миында пісіріп жүруі керек. «Мен осы тақырыпты қалай ашамын» деп ойланғаны абзал. Сондай-ақ, әсіресе ауылға, елді мекендерге барғанда қарапайым көріністен жақсы дүниелерді түсіруге болады. Еңбек адамдары, олардың жасап жатқан жұмыстарынан бөлек-бөлек туынды шығады. Қысқасы, сурет баспасөз бетіне шыққанда, астындағы сөзді оқымай-ақ, адам түсінетіндей болуы қажет, – дейді ол.
«Жігітке жеті өнер де аз» деп жатады ғой. Ол кісінің бойынан табылатын жақсы қасиеттері жетерлік. Бағдат тек фотоөнерде ғана ерекшеленбейді. Әзіл әңгімелерінің өзі өз алдына бір бөлек. Сыр журналистері қағытпа қалжыңдарын да айтып жүреді. Ол – отбасында өте мейірімді, балаларына қамқор әке, адал жар. Балаларды ұрып тәрбиелеу немесе орынсыз ұрысу, жеку оның табиғатына жат қылық.
Бағдат ағаның төл туындыларына қарап, «Бір сурет мың сөзге татиды» деген бір мәтел еске түседі. Бір ғана суретпен бәрін баяндағысы келгені айқын сезіледі. Осы орайда, «Бүгінгі жаңалық – ертеңгі тарих» деген сөз қолына фотоаппарат ұстаған қауымның санасына қазықтай қағылған қағида екенін түсінуге болады.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.