Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » КІЛЕМ ТОҚЫҒАН ШЕБЕР

КІЛЕМ ТОҚЫҒАН ШЕБЕР

   Ісмер Бақытгүл Райымбаеваның көздің жауын алатын көркем қолөнер туындылары еріксіз таңдай қақтырады. Қарап тұрып, «Қолы білген құм үстіне кеме жүргізер» деген рас екен-ау деген ойға келесің. Шындығында, қызылды-жасылды әлеммен көмкерілген дүниелер бірінен-бірі асып түсіп, халқымыздың қадым заманнан жеткен қолөнершілік қасиетін паш етіп тұр. Алуан түрлі өрнекпен әспеттелген түкті кілем, бізкесте, гобелендер кәдімгі зауыттан шыққан төсеніштерден еш кем емес. Өте ұқыптылықпен, асқан шеберлікпен жасалғаны көрініп-ақ тұр.                                                            
       – Ең алғаш кілемді 2 сынып оқып жүрген кезімде тоқыдым. Әжемнің үйретуімен, нұсқауымен жасап шыққаным есімде, – деп әңгімесін бастаған ол кілем тоқудың қыр-сыры, әдіс-тәсілімен бөлісті. – Бұл іске өте шыдамдылық керек. Арнайы жібек жіптерден жасалады. Кілем дайын болғанға дейін бірнеше кезеңнен өтеді. Мәселен, тоқуды бастамас бұрын оның өлшеміне қарай ең әуелі ағаштан станок жасаймын. Асты-үстінен шеге қағылып, желісін соған орап отырамыз. Арқауын дайындаған соң, әр түстің көлеміне байланысты өлшемді кәдімгі тор көз дәптерге түсіріп аламын. Кілемге салынатын ою-өрнекті де есептеп, дәптерге бояу арқылы түсіремін. Шатасып кетпес үшін әрбір түс санмен белгіленіп тұрады. Ал, бізкестені тебеннің көзін сындырып, сол құралмен тоқып шығады. Астынан жіпті алып, жоғарысынан инемен тартып отырады. Мұнда сурет матаның өзінің бетіне салынып, сол сызық бойынша тоқылып шығады, – дейді шебер бізбен әңгімесінде.               Осылайша сан түрлі қолөнер үлгілерін дайындап шығарған ісмер әженің бұйымдары бүгінде шетел асып кеткен. Мәселен, былтыр ЭКСПО халықаралық көрмесі аясында ұйымдастырылған Қорқыт ата мемориалдық кешеніндегі этноауылда оның 50-ден астам бұйымына Англия, Латвия, Молдавия, Швеция, Чехия мемлекеттерінен келген туристер ерекше қызығушылық танытты.             
  Бүгінде алпыстың асқарына шыққан Бақытгүл әжейдің ерекше үлгідегі жайнамаз тоқитын да қасиеті бар. Оның қолынан туған жайнамазды республиканың түкпір-түкпірінен арнайы ат арытып келіп, алып кететіндер бар. Мұның себебі де жоқ емес. Өйткені, ол кісі 1690 жылы тоқылған жайнамаздың дайындау тәсілін білетін бірден-бір шебер. Бір қызығы, аталмыш намаз төсенішінде он сегіз мың ғалам түгел көрініс тауыпты.            
– Осыдан он жылдай уақыт бұрын Астанаға барғанымда Пирамидаданы тамашалап жүріп, бір суретті көзім шалып қалды. Төменгі бұрышына «Жайнамаз. XVII ғасыр. Қызылорда облысы, Сырдария ауданы. Шіркейлі ауылы» деп жазылыпты. Таңғалдым. Жайнамаз салынған сурет сондай бір ыстық болып көрінді. Фотоаппаратқа түсіріп алдым. Үйге келген соң көшірмесін жасап көрсем деген ой келді. Сұрастыра келе оны Шіркейліде тұратын бір молда кісі Меккеге барып келген соң осы бұйымды бәйбішесі мен тоқалына арнайы жасатыпты деген әңгімені естідім. Ол кісінің қандайда бір ұрпақтары қалса, рұқсатын алып, алдынан өтіп, осы дүниені қайта дайындағым келді. Шіркейліге іздеп бардым. Үрім-бұтағынан ешкімді таба алмай келдім. Ауданда Мұрат Мұсаев деген дін жолында жүрген азамат бар еді. Сол кісінің нұсқауымен әлгі жайнамаздың түпнұсқасын Жамбыл облысынан таптым. Арнайы сонда барып, оның тоғызыншы ұрпағымен жолықтым. Төрт ғасыр бұрын жасалған жайнамаз сол ұрпағының үйінде төрде ілініп тұр екен. Адамның тәу етіп маңдай қойып, екі тізесі тұратын жерінің түгі түсіп тозыпты. Көрген сәтте жайнамаздың тоқылу шеберлігіне таңғалдым. Адамзат баласының шыр етіп келген минутынан бақилық өміріне дейін кәдімгідей айна-қатесіз бедерленіпті. Сөйтіп, ол кісіден батамды алып кері қайттым. Бір қызығы, жайнамазды тоқып бастағанда қолым өзімен-өзі жүгіре отырып, лезде бір жарым ай уақыт ішінде аяқтап шықтым, – деді қолөнер шебері.  
    Қазіргі таңда төрт ғасырлық шежірені ішіне бүккен жайнамаз ғалымдар тарапынан зерттелу үстінде екен. Бақытгүл әжей бүгінде бұл бұйымның жетіншісін әзірлеу үстінде екенін айтады. Әрбір ісін дәрет алмай бастамайтын шебер бүгінде шәкірт тәрбиелеп отыр.
                                                                 Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
26 маусым 2018 ж. 1 786 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам