ЕЛОРДАДАҒЫ ИНВЕСТИЦИЯ ИГІЛІГІ

Жиырма жыл тарихта бір қаланы дамыту үшін қас-қағым сәт. Дегенмен, Астана сәулеті күннен-күнге қарыштап, жайнаған жарқын қалаға айналды. Қаланы көркейту, елге инвестиция тарту бағытында айтарлықтай жұмыс жасалды. Көп ұзамай игі істердің нәтижесін халық көре бастады. Осы аз ғана мерзім аралығында көптеген заманауи мектеп, оқу орыны, спорт кешені, аурухана, тұрғын үй салынды. Мұның бәрі Астананы дамыту, халықтың тұрмысын жақсарту үшін жасалған шаруалар еді. Бұл үшін Елордамызға қомақты инвестиция тартылды.
Астананың қазіргі заманғы технологиялардың, сапалы білімнің, инвестиция мен жаңа креативті идеялардың орталығы ретінде бағындырған белестері мен жеткен жетістіктері жетерлік. Инвестиция – экономиканың екінші тынысы. Дегенмен, шетелдік ірі компаниялардың мол қаржысын тарта білу үшін де елде экономикалық ахуал жақсы, саяси тұрақтылық сақталған, әлеуметтік даму көрсеткіші жоғары болуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда Астана барлық талаптарға толық жауап берді. 2015 жылдың аяғына дейін елордаға 100 млрд. АҚШ долларынан астам шетелдік инвестиция тартылған. Осынша қаржыға Астанада жаңа экономикалық жобалар жүзеге асырылды. Көптеген бірлескен кәсіпорындар құрылып, миллиардтаған доллардың өнімі өндірілді. Жалпы алғанда, инвестиция игілігін елорда тұрғындары көп жылдан бері көріп келеді.
Осы орайда, 20 жылда Астанада 1172 өндірістік, әлеуметтік-мәдени және қоғамдық маңыздағы нысандар салынғанын тілге тиек етуге болады. Негізгі капиталға инвестициялардың жылдық көлемі 1997 жылдан бері 46 есеге өсіп, 8 трлн. теңгені немесе 47 млрд. долларды құраған. Мұндай үдеріс 2017 жылы да лайықты жалғасын тауып, ЕХРО-2017 халықаралық көрмесін өткізу арқылы оң экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізді. Өткен жылы Астанаға тартылған инвестиция көлемі 945 млрд. теңге болса, оның 70 пайызы жеке инвестицияның үлесінде болған екен. Өйткені, Елбасы биылғы Жолдауының «Ақылды қалалар» «ақылды ұлт» үшін» деп аталатын оныншы басым бағытында Астананың дамуына ерекше назар аударып, нақты міндеттерді айқындап берген еді.
Міне, инвестицияларды игеру арқылы екінші тынысы ашылған елорданың экономикалық көрсеткіші санаулы жылда осылайша еселенді. Әлемде инвестицияға қолайлы қала ретінде танылған Астананың бұл бағыттағы шығар биігі әлі алда.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.