Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » «АСТАНАДА ТҰРАМЫЗ...»

«АСТАНАДА ТҰРАМЫЗ...»

    «Астаналықпын...» Осы бір ауыз сөз құлаққа сондай жағымды естіледі. Әрі туған елге деген мақтаныш лебі есіп тұрғандай. Құтты мекенді шексіз сүйетіні сезіледі. Келбеті келіскен көрікті көшелер, көктегі күнмен таласқан зәулім ғимараттар, иісі жұпар аңқыған гүлзарлар бәрі-бәрі Елорданың арайлы ажарын айшықтап тұрғандай. Төңірек түгел көз тартар кереметке толы. Бұл ғажап көрініске куә бола тұрып, ғашық болмау мүмкін емес. Әсіресе, ару қалаға қонақ ретінде барған жандар қашанда осы ерекше сезімге өн-бойын жылытып, әсерленіп қайтады. Сарыарқа төсіндегі, ерке Есіл жағасындағы шырайлы шаһарды көріп, сұлулықтың не екенін ұғына түседі. Саф ауасы тынысты ашып, субұрқақтары жан-сарайыңды нұрға бөлеп жатқандай. Ал, алғашқы астанада дүниеге келіп, бүгінде түрлі себептермен елордалық тұрғыны атанған жерлестер бұл туралы не дейді? Арқа төсіндегі ару қаланың даму барысы мен тың өзгеріске толы тынымды тіршілігін олардың өздерінен естігенді құп көрдік.
Жадыра ЖҮСІП, Астана қаласы әкімдігінің дін мәселелерін зерттеу орталығының маманы:
– Қай қаланы болмасын, қала ретінде қалыптастыратын оның жаны, яғни тұрғындарының ыстық ықыласы, естеліктері, үміт-арманы, болашағы. Мен бұрын Астананы тек ғимараттар қаласы деп ойлаушы едім. Қазір сол ғимараттарға жан бітіп, тамырына қан жүгіргенін күнделікті куә болып жүрмін. Алматы секілді Астанада да жас­тар керемет студенттік шағын өткізіп, бірі өмірлік серігін жолықтырып, енді бірі ең қызықты күндерді өткізіп, ыстық ықыласқа бөленуде. Астананы кәдімгі адам ағзасы секілді. Мәдениет пен көркем құндылыққа сай халықтық сана қалыптасқан кезде Астана аса талғампаздық пен әсемдіктің үйлесімінен туған керемет қалаға айналды. Себебі, кез келген адам өзінің тұтас елдің жүрегіне айналған Елордада тұратынын мақтан тұтатыны анық.
Жазира ӘШІРБЕКОВА, Ш.Шаях­метов атындағы «Тіл-қазына» ұлт­тық ғылыми-практикалық орта­лы­ғы­ның маманы:
– Менің бұл қалаға келгеніме біраз жылдың жүзі бола қоймаса да, құдды бір Астананың байырғы тұрғынындай тез бауыр басып кеттім. Оның рауандап атқан әрбір таңына, көкжиектен ауып бара жатқан қызыл күрең күніне ғашық болып үлгердім. Аспанмен тілдескен зәулім ғимараттардың әсемдігі өз алдына бір бөлек. Тура қолмен қоя салғандай асқан шеберлікпен тұрғызылған. Мұндағы халықтың қонақжайлығы да ерекше. Сондықтан болар, бұл шаһарды бөтенсіп, жаттық етпедім. Елорда – саяси әрі экономикалық ұстанымдарды назарда ұстай отырып, жан-жақты үлкен сауаттылықпен дүниеге келген қала. Кезінде бұл аймақтың бірнеше жылдан соң осындай жайнаған-жаңарған жасыл-желекті қалаға айналарына ешкім сене қоймағаны рас. Десе де, орасан істердің арқасында болашақ қаласы бой көтерді. Сан алуан игіліктің ордасы, елдің жүрегі, Отанның тірегі атанды. Ең жас астана болғанына қарамастан талай мәрте саяси әрі экономикалық маңызы айтулы шаралардың қайнаған ортасына айналды. Мемлекетаралық байланыс пен ресми кездесулер ұйымдастырылып, салмақты шешімдер қабылданды. Міне, бұл – 20 жылдағы Астананың жеткен жетістігі. Ал, түсіне білген жанға дәл осы қалада тұрып, оның осындай әрбір өзгерісін көзбен көру бұл – үлкен бақыт.
Рахымжан КЕМЕЛ, «Қазақстан» РТРК АҚ-ның әлеуметтік медиа бөлімінің редактор-аналитигі:
– Астанаға келгеніме де міне 7 жылдың жүзі болып қалыпты. Әрине, ол кез бен қазіргіні салыстыруға мүлдем келмейді. Алғашында қыдырып келгенде бәрі таңсық, керемет, бір басқа әлемге, басқа елге келгендей әсерде болдым. Бәлкім, сол өзімнің туған өлкемнен көп шықпағаннан да шығар. Жалпы, Елорда ешкімді бей-жәй қалдырмайды. Сол келген жылдары автобусқа мініп,  қаланы өзім аралап шықтым. Ол кезде айлық жолақы билеті деген болатын. Соны үйдегілерден сұрап алып, көліктен көлікке мініп аралағаным есімде. Көбісінің қарбалас тіршілікпен олай да бұлай да, шапшаңдықпен ағылып жатқанын аңғардым. Жылдар өте келе сол ағынның ішіне өзіміз де қалай кіріп кеткенімді байқамай қалыппын. Осында бұрынғы араласып жүрген достарымды жолықтырдым, жаңа достар таптым, замандас-ағалармен аралас-құралас болдым. Осылайша талай жас­ты арманға бастаған Астана биыл өзінің 20 жылдығын атап өтіп отыр. Қиын-қыстау жылдары сонау Алматыдан, еліміздің төріне елорданы көшіру бұл үлкен ерлік және тарихи сәт деп айтар едім.

Сауалнаманы жүргізген:
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
06 шілде 2018 ж. 1 499 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 440 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам