Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ЕЛ ЖҮРЕГІ – ЕЛОРДА

ЕЛ ЖҮРЕГІ – ЕЛОРДА

    Сарыарқа төсінде сән түзеген, үлкен де, кіші де сүйсіне қарайтын Астанаға биыл – 20 жыл. Ерке Есілдің жағасында бой көтерген әсем қаламыз жаңа ғасырда бой тіктеген береке-бірліктің алтын ордасы.
Қазақ даласының қақ төрінде орын тепкен Астана біршама уақыт ішінде қара шаңырақ астында дүниеге келген қазақ көк әлеммен тілдескен зәулім үйлерді салып, құтты қонысқа айналдырып, қысылып-қымтырылмай жаһан халқымен иық тірестіріп тұратындай дәрежеге жеттік. Үшінші мыңжылдық табалдырығын азаттықтың арайлы таңы атқан ұлт болып ұйып аттаған Қазақ елі болашаққа нық қадам басып, алыс қияндарға жанарын жіті қадайды. Қазақстанды асқар асуларға бет алған керуен десек, Астана – оның адастырмас темірқазығы іспетті.
Азияның солтүстігінде орналасқан Астананың аумағы 722 шаршы шақырымнан асады. Тұрғындар саны – 1 млн-ға жуық. Сондай-ақ, елордамыз «Алматы», «Сарыарқа» және «Есіл» секілді бірнеше ауданнан тұрады.
Жан-жақты дамыған жаңа қалада жаңаша серпінмен өмір сүргісі келетіндер көп-ақ. Бірі арнайылап армандап қоныс аударса, енді бірі қызмет бабымен ауысып келуде. Мұндағы халық саны жыл артқан сайын көбейіп келеді. Айталық, 2000 жылдары Астанада 169,2 мың адам өмір сүрсе, 2006 жылдың басында ол 550,2 мыңға жеткен. Ал, 2013 жылдың 1 наурызындағы ақпарат бойынша халық саны 783 471 адамды құрады.
Бас қалада неке қиып, дүниеге сәби келу қатары да көбеюде. Өмірдегі ең қуаныштысы да осы емес пе... Астанаға іс сапармен барғанда көше бойында, Есілдің жағасында, демалыс орындарында сәбилерін жетектеп жүрген ерлі-зайыптыларды көзіміз көбірек шалды. Еңселі елорданың ертеңі – сол балалар емес пе?
Статистикалық мәліметтерге мән берсек, үлкен қалада демографиялық ахуал даму үстінде. Өзге облыстан қоныс аударатындардың көптігін айтпағанда, күніне елордада 70-80 сәби дүние есігін ашатын көрінеді. Қала емханаларына жылына орта есеппен 35 мыңдай адам тіркелетіні көп жайтты аңғартса керек.
«Бір төл туса, бір түп жусан артық өседі» дейді халқымыз. Елордада халық санының жылдам әрі қарқынды өсуі белсенді көші-қон үдерісі мен бала туу көрсеткішінің артуына байланысты. Әрине, бұл ретте денсаулық сақтау саласының орны ерекше. Осы орайда Астана қаласы денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, ай сайын 2000-нан астам сәби дүние есігін ашады. Бұл көрсеткішті өткен жылмен салыстырғанда бірнеше пайызға артық екені көрінеді. Сонымен бірге 2005 жылы қалада 8,8 мың бала өмірге келген. Ол дегеніңіз, 2000 жылғы дүниеге келген нәрестеден 4,3 мыңға көп. Әсіресе, 2013-2016 жылдар аралығында қарқынды өсім динамикасы байқалды. Яғни, туу көрсеткіші 23 мыңнан астам сәбиге жетті.  
Астанада тұрғындарының саны 2017 жылы 972693 болса, жыл соңында ол 1026181 адамға жетті. Осы аралықта халық өсімі 53489 адамды құраған. Оған қоса Астанадағы ең тұрғыны көп «Алматы» ауданындағы халық саны 431 мыңнан асты.
Ал, қала халқының өсуі көші-қон ағыны есебіне де байланысты. Мұндағы жоғары көрсеткіш 2000-2001 жылдар аралығында байқалды. Олардың арасында тұрақтанып қалғандары көп. Сандарды сөйлетсек, 2002 жылы 6,8, 2003 жылы 5,4, 2004 жылы 14,2, 2005 жылы 15,7 мың адамды құраған.
Сол жылдары Қызылорданың өзінен біраз адам Астанаға ауысып, отбасы құрып, бүгінде балаларын алып қаланың азаматтары етіп тәрбиелеуде. Соның бірі Айдос Сәдуақасов, ол Астананың жас тұрғыны, журналист, саясаттанушы. Ол әрбір қазақтың отбасын құрып, балалы болу бақыттыңбастауы деп біледі.  
Бас қаламыз Астанаға 2005 жылы қызмет бабымен қоныс аудардым. Алланың қалауымен бір жылдан соң отау құрдым. Әрбір жаңа қалаға көшіп келіп, енді шаңырақ көтерген жастарға тән қиындықты жолдасым Гүлжан екеуміз де бастан кештік. Мен Қызылордадан, жолдасым Түркістаннан болғандықтан, алғашқы кездері Сарыарқаның сары шұнақ аязына үйрену оңай болған жоқ.
Оған қоса Астанада сол кездері тұрғын үй, жол, көлік қатынасы секілді негізгі инфрақұрылымдық база әлі дамымаған еді. Соған қарамастан асқақ арман мен жастық жалын бізді алға жетелеп келеді. Құдайға шүкір, бүгінде үш баланың ата-анасымыз. Үлкен қызым Нұрайым 5, ұлым Нұрислам 1 сыныпта оқиды. Кішкентай Нұрәлиіміз 1,5 жаста. Балалы болу – бақыттың бастауы. Қазір өзім мемлекеттік қызметте, жолдасым жоғары оқу орнында қызмет етіп, еліміздің өркендеуіне қолдан келгенше өз үлесімізді қосып келеміз, деген ойымен бөлісті кейіпкеріміз.
Жұмыр жерде қаншама шырайлы шаһар бар. Зәулім-зәулім үйлері зеңгір көкпен таласып, сәулет өнерінің өрнегін сан құбылтқан сол қалаларды көргенде қиял жетегіне беріліп «Біздің де осындай келбеті көркем шаһарымыз болса» деп армандайтын едік. Салқар даламыздың қақ төріндегі Сарыарқа көрікті, келбетті, әсем, айбынды Астананы құшағына қысып, күннен-күнге жасана түсуіне ерекше пейілін танытып отыр. Елордамыз жылдан-жылға қарыштап дамып келеді. Халық саны да көбейе түсті. Жиырма жылға жуық уақытта еліміздің бас шаһар тұрғындары бірнеше есеге көбейіп, миллион адамнан асатын мегаполиске айналды.
Еліміздің Елордасы осылайша берекк мен бірліктің, татулық пен достықтың арқасында өркенін кеңге жайған өрелі өзгерістерге толы құт қонған менеге айналды.
                                                                              Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.
22 мамыр 2018 ж. 1 849 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 525 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам