ҚАУІПТІ ОРЫНДАРДА СУҒА ТҮСПЕҢІЗ
Шіліңгір шілденің ыстығы... Көпшілікті жағажайдан табатын кез. Суда жүзген жастар, жағасында ойнаған балалар. Жаз басталысымен суға түсушілер қатары көбеюде. Әйткенмен, оған да сақтық қажет екенін естен шығармаған абзал.
Осыған орай біз қалалық төтенше жағдайлар басқармасының мамандарына хабарластық. Қай жер қауіпсіз? Қай жерде суға түсуге болмайды? Мамандардың жұмысы қалай жүруде?
Сырдария жағалауында тұрғындарға табиғат аясына шығып, демалу үшін ақылы жағажайлар қызмет көрсетеді. Қала аумағында осындай 2 жағажай бар. Олар «Арай» мөлтек ауданымен Белкөл кентінің маңында орналасқан. Мамандардың айтуынша, мұндағы орындар бақылауға алынған. Кейбір азаматтар қала сыртындағы немесе ауыл-аймақтағы каналдарға шомылуға барады. Ал, соңы қайғылы жағдайға әкеп соқтырады.
«Су – тіршіліктің көзі» дегенмен, оның тілсіз жау екенін азаматтар әрдайым есте ұстай бермейді. Мәліметке сүйенсек, былтыр қала аумағындағы су айдындарында 9 адам қаза болcа, оның ішінде 3-уі бала.
– Суға түсу маусымында қауіпсіздік шараларын жүргізіп келеміз. Осының нәтижесінде 2016 жылмен салыстырғанда тосын жағдай 18,2 пайызға азайған, – деді аталмыш басқарма бастығы Ербол Әлішеров.
Биыл жыл басынан бері 8 адам қайғылы жағдайға ұшырады. Соның алғашқыларының бірі, мамыр айында жасы 20 жастағы жігіт «Астана» мөлтек ауданындағы Қызылорда каналында суға түсу кезінде батып кеткен. Бұл жерде суға түсуге болмайды. Кейбірі оған мән бермейді. Сөйтіп, соңы келеңсіздіктерге кезіктіреді. Сондай-ақ, мамандар жыл басынан бері суда суицид жасамақ болған 1 ер адамды құтқарып қалған.
Қандай орындарда суға шомылуға болмайды? Атап айтсақ, өзен немесе каналдардың кез-келген әрі ағысы жылдам, терең, жағасы тік жар жерлеріне суға түсуге, спирттік ішімдік ішіп шомылуға, балаларды ересектердің бақылауынсыз су жағасына баруы және олардың жүзе білмегендігі қайғылы оқиғаларға әкеліп соқтыруда.
Дегенмен, төтенше жағдайды алдын алуға талпынып жүретін жауаптылар қарап жатқан жоқ. Қайнаған күні олардың да тірлігі қызып тұр.
– Біздегі негізгі міндеттің бірі – судағы қауіпсіздік бойынша үгіт-насихат шараларын жүргізу. Осы бағытта жылда жүйелі түрде жұмыс кестесін жүргізіп келеміз. Арнайы бұйрыққа сәйкес қала, аудандар бойынша жауапты қызметкерлер бекітіліп, мереке, сенбі, жексенбі күндері Сырдария өзенінің қауіпті учаскелерінде жүргізілетін рейдтер мен үгіт-насихат шарасына шығатын топтар белгіленді. Олар өз ісін тиянақты атқаруда. Өйткені, біз қадағалап отырмыз. Сонымен қатар, басқарманың және құтқару қызметтерінің, көлік инспекциясының, жергілікті полиция қызметінің қатысуымен бірлескен рейд қолға алынды. Ондағы мақсат – техникалық құжаты жоқ қайықтарды мінуге, рұқсат етілмеген жерлерде, ішімдік ішіп суға түсуге тыйым салу керек, – деп түсіндірді Е.Әлішеров.
Жалпы, осы күндері су айдындарында суға шомылуға бейімделмеген 27 қауіпті орын белгіленді. Тағы бір шешімін таппай тұрған мәселе – өзен-көл жағалауындағы тұрғындардың демалатын орындарында ескерту, суға түсуге тыйым салу тақтайшаларының толық орнатылмағандығы алаңдатады. Әйткенмен, бұл бағытта мәселе аяқсыз қалмады.
– Жазда «Евразия», «Арай-аквапарк» «Ақмешіт» мәдени-спорт кешендерінің бассейндерінде 12 жасқа дейінгі балаларға кіру билет құны жеңілдетілсе деген ойымыз бар. Өйткені, ол балалардың өзен мен каналдардың қауіпті жағасына бармауына тосқауыл болар еді. Сонымен бірге суға кету оқиғаларын болдырмау немесе жедел құтқару мақсатында ыңғайлы жерлерге бейнекамера орнатылғаны дұрыс.
Осы маусымда табиғатқа шығып демалушылар саны арта түсетіні белгілі. Соған орай Сырдария өзенінің қауіпті жерлерін, ПМК-29, Шіркейлі, Светлый, Сталин каналдарының учаскелерінде ішкі істер органдарының атты патрульдары, №5547 әскери бөлімінің жауынгерлері бақылауға алса, қайғылы оқиғаны болдыртпауға септігі тиер еді, – деді басқарма бастығы.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.