ҚОС ІШЕКТІҢ ҚҰДІРЕТІ немесе әрбір қазақтың үйінде домбыра бар ма?
«Домбыра шерткенде оны адамша сөйлетіп, сол арқылы белгілі бір күйдің мән-мазмұнын тыңдаушыға толық жеткізу керек» деп күй анасы Дина Нұрпейісованың айтқан сөзі өнер жолында жүрген біраз күйшіге әлі күнге дейін бағдаршам болып келеді. Десе де, екінің бірі емес, тек оның құлағында ойнайтын хас шебер ғана бұл үдеден шыға білсе керек-ті.
Ол – ұрпақтан ұрпаққа бабамыздың көзіндей аманат болып жеткен бірден-бір асыл қазына. Қазақ пен домбыра қашанда егіз ұғым. Оны бір-бірінсіз елестету әсте мүмкін емес. Қазақ халқының мәдениеті мен әдебиеті, толғамы терең тарихы осы аспаппен үндесіп жатқандай көрінеді. Сонау білім-ғылымы жоқ заманның өзінде-ақ ата-бабаларымыз бұл аспапта еркін ойнап, қос ішектен талай кереметті тудырған. Бар сүйініш-күйінішін осы аспаптың құдіреттілігімен түсіндіре білген.
Аңыз сырына үңілсек
Ертеде бір аңшы жігіт биік таудың қиясын, қалың қарағайдың арасын тұрақ еткен бұғы-маралды аулап, кәсіп етіпті. Бірде қанжығасы майланып, теңбіл марал атып алады. Оны етекке түсіру үшін ішек-қарнын ақтарып, алып тастайды. Содан арада айлар өткен соң әлгі жігіт аң атуға ұрымтал жер еді ғой деп, баяғы теңбіл маралды атқан маңға бет алады. Сол сәтте құлағына бір ызыңдаған дауыс естілгендей болады. Барлап қараса, өткенде атқан маралдың ішегін қарға-құзғын іліп ұшқан болу керек, қарағайдың бұтағына қос тін болып керіліп қалғанын көреді. Ызыңдаған дыбыстың содан шығып тұрғанын аңғарады. Бұтақтарға керіле кепкен оны сәл ғана жел тербесе ызыңдап, әдемі әуен шығарады. Оның өзі бірде уілдеп, бірде сарнап, енді бірде сыңсып жылағандай болып, аңшы жігітті алуан түрлі күйге түсіреді. "Мына қос ішекке тіл бітейін деп тұр екен, бір амал жасайын" деген оймен оны үйге алып келеді. Сөйтіп, ағаштан бір аспап жасап, соған әлгі қос ішекті тағады. Тартып көрсе, шынында да тіл біткендей сұңқылдап қоя береді. Ерекше үн мергеннің ғана жанын жадыратып қоймай, тыңдаған жанның бәрін ұйытады. Осылайша бұл көптің сүйіп тыңдайтын аспабына айналған деседі...
Бұл қазақтың ұлттық мұрасы – домбыра мен күмбірлеген күй ұғымының дүниеге келуі туралы ел аузында қалған "Қос ішек" аңызы еді. Мұнан өзге, осыған ұқсас оқиғалар желісіне құрылған "Тауқұдірет", "Қамбархан" әпсаналары да аталмыш құндылықтардың туу тарихынан сыр шертеді. Ал, енді бір аңызда домбыра тиегінің қалай пайда болғаны жайлы мынадай дерек айтылады. Жаумен шайқасып, алыс сапар шегіп әбден қалжыраған батыр жолшыбай дем алуды ұйғарады. Сөйтіп, саялап отырған тал ағашының бір шыбығын кесіп алып, оған жылқының қылын керіп байлаған көрінеді. Одан дыбыс шығармақ ниетпен шертіп көреді. Десе де, қанша тырысқанымен ойындағысы болмапты. Сол аралықта қалғып кетсе керек, әлдебір әдемі әуеннің әуезімен тербеле оянады. Байқап көрсе, аспаптың мойын тұсынан кішкентай ағаш тиек тұр екен. Содан батыр аң-таң қалып: "Е, бұл шайтанның ісі болды ғой" деп ойлайды. Халық арасында жоғары тиекті "шайтан тиек" деп атап кеткені сондықтан дейді көнекөздер.
Расында, ел аузында сақталып қалған осындай сан түрлі әпсаналар өскелең ұрпаққа ұлттық құндылықтардың пайда болу тарихын замана көшінде үздіксіз насихаттауға әлі де үлес қосып келеді. Мейлі, қаншалықты шындыққа жанасымсыз болса да, оның астарында үлкен дала философиясы мен халықтық таным жатқандығы анық.
Оған құмар ұрпақ азайып бара ма?
Бұрын исі қазақтың делебесін қоздыратын қасиетті қара домбыра әрбір шаңырақтың қақ төрінен орын алып тұрушы еді. Аса шеберлікпен жасалған дүние есіктен енген жанның назарын бірден өзіне аударып, халқымыздың рухани биік-беделін аңғартатын еді. Ал, үйге сыйлы қонақтар келген жағдайда қара домбыра ерекше сайрай жөнелуші еді. Кейде құйқылжып, кейде көкіректі басар ауыр қоңыр үн естіген жанды сан түрлі күйге бөлейтін. Мұндай жиында ауылдың үлкен-кішісі тайлы-тұяғына дейін қалмай түгел осы жерден табылатын. Аға буын әсерлі әуеннен құлақ құрышын қандырса, жас өрендер кішкентайынан әсем үнді бойына сіңіріп өсті. Себебі, ол кезде екі қазақтың бірі домбыра шерте алатын қабілеті зор болған. Бірінен кейін бірі іліп әкетіп, лезде жалғастырып кете беретін бұл қасиет сол кезде қазақпын дейтін әрбір жан үшін үйреншікті жағдай еді.
Ал, қазір ше? Жиналған бес адамның біреуі домбыра шерте алса, қуанатын болдық. Расымен де, түрлі жиын-тойларда осы дүниемен кеш көркін аша түсетін жандарды кездестіру күн өткен сайын қиындап барады. Тіпті, үй біткеннің төрінен табылатын үкілі домбыраны қазір бір ауылдан іздеп табудың өзі қиын. Той-жиын бола қалса, оны іздеп ауыл кезіп кететін жағдайдың болып тұрады. Бүгінде оны тек көнекөз қариясы, не домбыра шертетін адамы бар бірлі-жарым шаңырақтан ғана көреміз.
– Атам Ахметбек жақсы домбырашы болған. Өзі өлең шығарып, ән айтатын қасиеті бар еді. Сол қасиет дарыса керек, менің де кәсіби күйші болмағанмен, аздап шертетінім бар. Ата жолымен көргенімізді жасап, оны әлі күнге дейін төріме іліп қоямын. Ел алдына шығып, шанағынан күй төгетін өнеріміз болмаса да, бала-шағамның ортасында біріміз тартып, біріміз тыңдап отырамыз. Өйткені, ол – қазақтың рухы ғой. Оны тыңдасаң, рухтанасың, қуанасың, демаласың. Тұтас ұлт тарихын, шерлі шежіресін қос ішектінің құдіретімен бүгінге жеткізген бұл аспап қашанда бабамыздың иісі, көненің көзі болып сақталып қалуы тиіс, – дейді Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті "Қорқыттану және өлке тарихы" ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Бақытжан Ахметбек.
Расында, тарғыл тарихтан сыр шерткен домбырадан төгілген күй мен шырқалған әнде терең мағына жатыр. Ұлы даланың өлмейтін өр рухын дәулескер күйшілер бізге осы аспаптың құдіретті үнімен жеткізген. Яғни, қазіргі заманның тілімен айтсақ, біздің нағыз ұлттық брендіміз.
Ал, бүгінде жастардың оны тартуға деген қызығушылығы азайып бара ма? Халық арасында аталмыш дүниеге деген құрметтің қасаңданып кеткені рас па? Осы сынды сұрақтардың қоғам арасында туындауына не себеп болды екен? Байқап қарасақ, бұл бағыттағы мәселені талқылауға келгенде қашанда айтылар пікір қақ бөлініп, екіжақты ой қалыптасып жүрген. Бірі домбыраның құлағында ойнайтын ұрпақ әлі де бар және бола береді де десе, енді бірі бұл қызығушылықтың бүгінде су сепкендей басылғандығын айтады. Ақиқат қайсы? Таразылап көрейік.
– Мені республиканың өзге облыстарына қарағанда Сыр өңірінің өнерге қызығушылығының айрықша екендігі қуантады. Бір кезде домбыра тарта алатын жандар қатарының азайып кеткендігі рас. Бірақ, соңғы жылдары ашылып жатқан түрлі үйірмелердің, музыкалық колледждерде домбырадан бөлек, жыр-терме мамандықтары бойынша маман даярлайтын кафедралардың арқасында бұл мәселе өзінің оң шешімін тауып келе жатыр, – деп бастаған белгілі термеші Әділхан Қуаңбаев ұлттық аспапқа деген қызығушылықтың жоғалмайтынына мынадай себептерді тілге тиек етті: – Домбыраның замана ағысымен жандануына түрлі республикалық, халықаралық байқаулардың да әсері жоқ емес. Оның үстіне қазір облысқа қарасты қай ауданға бара қалсаңыз да, ол жақтан арнайы жыр мектептерінен бөлек, сыныптар мен үйірмелердің ашылғандығын байқайсыз. Оларға қатысып жатқан балалар нөпірі де көп. Өзім осы саладамын, бұл мәселенің мән-жайы маған етене таныс. Болашақ жыршы-термешелерді дайындайтын кезде де алдымен домбыраны үйретеді. Мәселен, бізге кәдімгідей күй сабағы оқу кестесіне енді. Яғни, сенің дауысыңмен қатар, аспапта ойнау шеберлігің де назарда болады. Ал, мен осыдан кейін-ақ бұл құндылықтың ұмытылып, құрдымға кетуі бекершілік деп ойлаймын.
Дәстүрлі жырды кие тұтып, қасиетті өнерді халыққа насихаттап жүрген термешінің бұл сөзін Қазанғап атындағы музыкалық колледжінің халық аспаптары кафедрасының меңгерушісі Әлімжан Әбсадықов та қолдайды. Оқытушы аталмыш оқу орнынан жастарды күйшілік өнерге баулитын арнайы мамандықтың ашылғанына 40 жылдан астам уақыт болғанын айтады. Сөзінше, сұраныс та, талапкерлер қатары да жоғары көрінеді.
– Домбыра мамандығы бізде музыкалық колледж ашылғалы бері бар. Бұған дейін өнер ордасынан қаншама шәкірт түлеп ұшып, бүгінде республиканың түкпір-түкпірінде өнер көрсетіп жүр. Музыкалық білімі болмаса да, бізге домбыраны өз қабілетімен өте жақсы үйренген балалар көп келеді. Жылына жалпы халық аспаптар бөліміне 30-дай оқу гранты бөлінсе, оның 12-13-ке жуығы соған тиеді. Ал, мұнымен қоса ақылы түрде де оқуға ниетті жастар қатары мол. Сонда бізде жыл сайын барлығы 25-тен аса домбыра тартудың маманы кәсіби тұрғыда білім алып шығады, – дейді ол.
Ал, қазіргі таңда қаладағы өнер мектебінің жалпы ұлт-аспаптар бөлімінде 130-дан астам жас білім алса, оның 70-80-ге жуығы домбыра үйренуге ниет білдірген өрендердің үлесінде екен. Ал, ондағы әрбір баланың әбден машықтанғаны соншалық талдырмыш сауасақтары домбыра шанағында жеңіл жылжып, аспап пен көңіл пернесін дөп басуда өте шебер-ақ.
Насихаттың заманауи үлгісі
Өнер мен мәдениетті қоғамға сіңіре түсуде соңғы уақытта ұлттық саз аспабын, музыкасын, ұмытыла бастаған игі дәстүрлерін қайтадан сәнге айналдырып, насихаттау мақсатында төрт-бес жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқан "Домбыра пати", "Домбыра фест" шаралары бүгінде Қазақстанның түкпір-түкпіріне тарап кетті. Ашық аспан астындағы бұл игі шара өнерге құштар жастар тарапынан қолдау тауып, өз аудиториясын қалыптастырып та үлгерді. Аталмыш шараның аты мен затына байланысты кейбір екіұшты пікірлер айтылса да, ұлттық құндылықты насихаттаудың бұл жаңа форматының орны ерекше болып тұр. Себебі, жас ұрпақты киелі өнердің құдіретін ұғындыруда, қызығушылығын оятуда бұл әдістің маңызы зор. Оның қыруар қаржымен өтетін жаттанды мерекелік жиындардан әлдеқайда артық көрінетіндігі де сондықтан болар.
Ұлттық өнердегі мұндай алға басушылықты көріп, ішің жылитыны сөзсіз, әрине. Өйткені,ол – қазақ үшін аса қастерлі дүние. Домбыраны шерте білу – ата дәстүріне бойлау, бойға сіңіре білу. Атадан қалған баға жетпес мұрамызды жас ұрпақ өз деңгейінде құрметтеп, келер буынға аманат етсе, нұр үстіне нұр болмақ. Кімде-кім домбыра құдіретін шын ұғынса, психология, физика, математика, тарих, педагогика ғылымдарының барлығын оңай меңгере алады деседі. Себебі, оның бойында пәндік білімнің барлығы дерлік кездесетіндігін айтады музыкант мамандар. Демек, ол көзбен көріп, құлақпен естуге болмайтын сезімді ұғындыра алатын қасиетке ие. Ендеше, әрбір иісі қазақтың бұл жәдігерді ұлттық құндылықтың бірегейі ретінде қастерлеуі парыз деген ойға келдік.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.