САҢЛАҚТАР ШЫҢДАЛҒАН СПОРТ КЕШЕНІ

– Мұнда қала тұрғындары демалыс уақытын өткізіп ғана қоймайды, сондай-ақ, жастардың қолайлы түрде жаттығуына бар мүмкіндік жасалған. Нысан қаладағы ең көлемді кешендер қатарын құрайды. Мәселен, үлкен залда күрес, каратэ-до, таеквандо, және джиу-джитсуге арналған бөлмелер бар. Ал, екінші қабатта атлеттер залы орналасқан. Жаңадан келгендер үшін залда жаттығу құралдарын қалай пайдалану керектігін түсіндіретін білікті мамандар жұмыс істейді. Барлығын қосқанда мұнда 44 қызметкер еңбекпен қамтылған. Сонымен қатар, ғимараттың екінші бөлігінде 620 орындыққа шақталған футзал бар. Онда облыстық, республикалық, тіпті халықаралық деңгейдегі спорттық сайыстар өтіп келеді, – дейді кешен директорының орынбасары Талғат Әбдіғаппарұлы.
Ал, алдағы уақытта жалпы ауданы 600 шаршы метрді, ұзындығы 25 метрді құрайтын бассейн күрделі жөндеуден өтпек. Барлығы 6 жолмен жабдықталған үлкен хауызда бір уақытта 40 адам емін-еркін суға түсе алады. Бұған дейін келушілер бассейнді жеке жаттығуларға көп пайдаланған. Себебі, мұнда кешен нұсқаушыларының көмегімен жүзудің түрлі тәілдерін үйренуге мүмкіндік алады. Сондай-ақ, кешен басшылығы санитарлық тазалық пен жеке бас гигиенаның сақталуына да аса мән береді. Өйткені, орталық қызметкерлері өз келушілерінің денсаулығы басты орында екенін айтады. Мәселен, ғимарат бассейнін пайдаланушы тұрғын ең алдымен тері-венерологиялық диспансерден белгілі бір жұқпалы аурумен ауырмайтындығын растайтын анықтама әкелген жағдайда ғана суға түсуіне рұқсат беріледі. Ал, әр сағат сайын оған залалсыздандыру үшін сүзгілеу жүргізіледі. Сондай-ақ, студент, мүмкіндігі шектеулі жандар мен зейнеткерлерге арнайы жеңілдіктер де қарастырылған.
Қашанда байрақты бәсекелер мен білек күші сыналатын түрлі додалардың нағыз қайнаған ортасына айналған нысанда биылдың өзінде бірнеше сайыс ұйымдастырылды. Жан-жақтан бас қосқан спорт шеберлері мұнда ауыр атлетикадан және самбодан ҚР чемпионаты, жекпе-жек сайысынан ерлер мен әйелдер арасындағы кубок пен өзге де сайыстарда өзара бақ сынасты.
«Евразия» кешені осылайша аймақтың спорт саңлақтары шеберлігін шыңдаумен қатар, тайталасқа толы тартыстың куәсі болып келеді. Ал, қайсыбір додада болсын сыр бермейтін Сырдың сырбаз спортшылары тілеуін тілеген ағайынды қашанда толайым қуанышқа кенелтіп жүр.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
Суретті түсірген: Н.НҰРЖАУБАЙ.