Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » «...ҚАЙТА ТҰРЫП ҚАҚЫҢ БАР ЖҮГІРУГЕ»

«...ҚАЙТА ТҰРЫП ҚАҚЫҢ БАР ЖҮГІРУГЕ»

   Жер бетінде қанша адам болса, сонша тағдыр бар. Өзіндік өмір жолында дертімен күресіп, мойымай келе жатқан мына кейіпкеріміз мені үнемі тамсандырып отырады. Ол кім десеңіз, қала тұрғыны, жастар белсендісі, жыл патриоты – Сағатбек Сиюев.
Журналист болғандықтан көптеген шараларға барамыз. Сондай сәтте Сағатбекті сыртынан көріп қалдым. Өзі арбада отырса да, белсенді, жігерлі.  Би билегенін көрсеңіз, таңғалмасқа болмайды. Бір күні міндетті түрде танысып алармын деген ой келді. Оның да сәтте түсті. Таныса, араласа келе, Сағатбектің адами қасиетінің жоғары, көзі ашық, көкірегі ояу, қарапайым, жылы жүзді, болашағына тек жарқын үмітпен қарайтын қазақтың нағыз азаматы екеніне көзім жетті.
Өмірдің әр күні күрестен тұрады. Жалындап тұрған жігіт осыдан 5 жыл бұрын кенеттен жол апатына ұшырап, жансақтау бөлімінен бір-ақ шығады. Алдымен Алла, содан соң дәрігерлердің арқасында аман қалды. Әйткенмен, сол ауыр сәттен бастап арбаға таңылды. Әрине, басында қиын болды. Бірақ, уақыт емші... Міне, содан бері Сағатбек өмір сынағына сыр білдірмей келеді.
Ол әрбір іске сабырлы болуды, терең ойлауды, адам тани білуді үйренді. Өйткені, ол өз жолында көп адамды жолықтырды. Кезінде арбада отырғандарға жұрт біртүрлі қарайтын еді. Жанға батса да, шындық. Ал, қазір қоғамда бұл көзқарас түзеліп келе жатқандығы көңіл қуантады.
Сағатбектің айналасында тек жақсы жандар бар. Яғни, достары көп. Оған қоса кез келген адамның өзі Сағатбекпен дос болып араласқысы келеді. Неге десеңіз, кейіпкеріміздің өзі бауырмал, көпшіл.
Ол бір орында тоқтап қалмай, тек алға қадам басуды мақсат тұтады. Нағыз батылдық! Сондай-ақ, оның жаны жақсылық жасауға құштар. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін көмектесуге әзір. Тіпті, мерекелік шаралар, қайырымдылық акциялар ұйымдастырып жүреді. Жоспарлы жүргенді жаны сүйеді, әр қадамына есеп береді.
– Әркім қолынан келетін іске ұмтылып, соның нәтижесін көріп, үлгілі етіп отырса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Мен үшін 2017-2018 жылдар табысты болуда. Астананың 20 жылдығы қарсаңында болған облыстық патриоттар форумында аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың «Жыл патриоты» марапатын алдым. Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың белсенді жастарға арнаған «Самғау» сыйлығының иегері атандым. Параби спорты (арбадағы би) бойынша Қазақстан республикасының чемпионатында «Freestyle Group» аталымы бойынша 1-орынды иелендік.
Сонымен қатар, Қызылорда өңірінде 1 оңалту орталығы бар. Сонда «Жыл адамы» болдым. Мұның барлығы маған артылған сенім деп білемін. Еңбек еленіп, марапат бұйырған сайын ел алдында серт қабылдағандай сезінесің, жауапкершілік күшейеді. Оны ақтау керек, ақталуы тиіс әрбір аманат үшін аянбай еңбектене түсу керек – деді Сағатбек.
Осы мақсатта былтыр қаламыздың жүрегі қайырымдылыққа толы жастардың басын біріктіріп, «Жылы жүрек жастар» қозғалысы жасақталды. Оның құрамында 30-ға жуық жалындаған жас пен еріктілер кірді.
– Мұндағы мақсатымыз – түрлі діни ағымдар жетегінде кетіп жатқандарға жәрдемдесу, жиі байқалатын қатыгездік пен жастар арасындағы қылмысты алдын алу, мейірімділікке тәрбиелеу, бірлескен жұмысқа өзің белсене атсалысу арқылы өзгелерді баулу, ауызбіршілік пен мейірімділікті насихаттау, – деп түсіндірді ол.
Расында да олар қыстың суығы мен жаздың ыстығына да қараған жоқ. Қарттар үйінен бастап балаларға дейінгі аралықта атқарылып жатқан шара қаншама... Соның бәрінде де әрбір жастың қосқан үлесі бар. Басты мақсат –  абырой, атақ, мақтау қағаздары үшін емес, өзгеге өнеге беру арқылы имандылыққа бастау және көптің алғысы мен үлкеннің батасын алу. Кейде осы жастарға қарап, қоғамымызда осындай жандар көп болса, әлдеқайда жақсы болар едік-ау деген ойда қаламыз.
Жақсыларды жанына серік еткен Сағатбектің де өз өмірлік ұстанымы бар. Ақиық ақын Мұқағали «Мәңгі сені жазбаған сүрінуге, қайта тұрып қақың бар жүгіруге» деп жырлағандай, елдің алғысына бөленіп жүрген кейіпкеріміздің ертеңі еңселі, жолы жарқын болары сөзсіз. Лайым, тек солай болғай...


Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.
14 тамыз 2018 ж. 1 791 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 442 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам