Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ҚЫЗЫЛОРДА ЖАҢА – МҮМКІНДІКТЕР

ҚЫЗЫЛОРДА ЖАҢА – МҮМКІНДІКТЕР

Қызылорда қаласы әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында берген 7 айлық есепті баяндамасы
Құрметті халық қалаулылары!
Қадірлі мәжіліске қатысушылар!


Бүгінгі есепті хабарламамды бастамас бұрын, баршаңызды биылғы жылдың басты мерейтойлары - Тәуелсіз Қазақстанның теңдессіз жауһары – Астананың 20 жылдығы, қасиетті Сыр елінің бас шаһары – Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын.
Тарихи тағылымы мен мағынасы терең бұл даталарды атап өтудің маңызы зор.
Себебі, бұл қарапайым мереке емес, бұл - тарихқа тағзым, болашаққа бағдар.
Қызылорда қаласының 200 жылдық мерекесін атап өтуіміздің өзі, өткенінен өнеге алып, бабалардан қалған бай мұра мен асыл құндылықтарымызды ертеңгі ұрпаққа аманаттау, ұлттық қасиетіміз бен салт-дәстүрімізді дәріптеу деп түсінуіміз керек.
Қазақылықтың қайнары, Сыр елінің әкімшілік және рухани орталығы саналатын Қызылорда қаласы – небір тарихи кезеңдердің куәсі, тарлан тұлғаларды түлеткен қасиетті мекен, талай бастамалар мен тың жаңалықтардың қасиетті ордасы.
Осындай ұлы бастамалардың заңды жалғасындай, бүгінгі Қызылорда еліміздің жаңа тарихын жасауға қарқынды атсалысып келеді.
Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, қаламыздың көлемі бірнеше есеге ұлғайып, халқының саны өсті, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер, демалыс орындары, саябақтар, жаңа мөлтек аудандар мен көшелер пайда болып, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артты.
Бұл Сыр жұртшылығының ынтымағы мен бірлігінің, жерлестеріміздің бізге артқан сенімі мен қолдауының арқасында бірлесе атқарған еңбегіміздің жемісі.
Осы жиынды пайдалана отырып, барша қызылордалықтарға ел үшін жасап жатқан еселі еңбектері мен шын жанашырлықтары үшін риясыз алғысымызды білдіреміз.




Құрметті әріптестер!
Бүгінгі жаңарған – жаңғырған Қызылорда қаласы, экономикалық әлеуеті артып барлық салалар бойынша сенімді алға бастап келеді.
Биылғы жылдың 7 айының өзінде көңіл қуантарлық нәтижелерге қол жеткіздік.
Жыл басында қала бюджеті 42 млрд. 115,7 млн. теңге болып бекітіліп, бүгінгі күнге 50 млрд. 264,2 млн. теңгені құрады.
2018 жылдың 6 айында өнеркәсіп кәсіпорындарымен 370 млрд. 233 млн. теңгенің өнімдері өндірілді.
Өңдеу өнеркәсіп саласында 18 млрд. 761 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 2,7 пайызға өсті.
2018 жылғы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 38 млрд. 100,4 млн.теңгені құрады. Облысқа салынған инвестицияның 43,7 пайызы Қызылорда қаласының үлесінде.
Қала бюджетінің 2018 жылдың 6 айына кірістер болжамы 23 млрд. 602,7 млн. теңгеге жоспарланса, нақты түсім 23 млрд. 800,9 млн. теңгені құрап, 100,8 пайызға орындалды.
Оның ішінде өз кірістеріміз болжанған 8 млрд. 106,2 млн. теңгенің орнына 8 млрд. 295,8 млн. теңгеге немесе 102,3 пайызға орындалды.
******
Мемлекет тарапынан жасалған қолдаулардың нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласы да қарқынды дамып келеді.
«Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында құрылған «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары бойынша Қызылорда қаласында нақтыланған мал сатып алу жоспары бекітілді.
Қазіргі таңда, жоспарға сәйкес несиелендіру арқылы «Сыбаға» бағдарламасымен 22,9 млн. теңгеге 114 бас мүйізді ірі қара, «Құлан» бағдарламасымен 7,8 млн. теңгеге 27 бас жылқы, «Алтын асық» бағдарламасымен 7,2 млн. теңгеге 280 бас уақ мал сатып алынды.
Бұдан бөлек, елді мекендерді несиелендіру бойынша Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына «Жұмыспен қамту орталығы» арқылы 150 адамның тізімі жолданып, бүгінде 38 адам 163 млн. теңге несие алды.
Қала бойынша 390 шаруа қожалықтарының бірігуімен 27 ауылшаруашылығы өндіріс кооперативтері құрылды.
Ағымдағы жылы 2 ауылшаруашылығы кооперативін құру жоспарланса, бүгінгі күні 69 мүшеден тұратын 5 ауылшаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылып, жұмыс жасауда.
Ауылшаруашылығы дақылдарының егіс көлемдерін әртараптандыру мақсатында, барлығы 7 мың 686 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы:
Мемлекеттік бағдарламалардың бірі «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша биылғы жылы 75 маманға көтерме жәрдемақы үшін 12 млн. 626 мың теңге, 28 маманға баспана алу үшін 95 млн. 633 мың теңге жеңілдетілген несие берілді.
******
Өздеріңізге белгілі, аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлының тікелей бастамасымен 2021 жылға дейінгі алдағы 3 жыл «Қызылорда облысында кәсіпкерлікті қолдау жылы» болып белгіленіп, осы саланы дамытуға жан-жақты жағдай жасалуда.
Осындай жаңа мүмкіндіктердің арқасында, қаламыздың бизнес климаты жақсарып, шағын кәсіпкерлікті дамыту бағытында айтарлықтай оң өзгерістер қалыптасты.
Оның нақты дәлелі, облыс бойынша нақты жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің 48,8 пайызы Қызылорда қаласының үлесінде.
Қызылорда қаласында 2018 жылдың 1-ші шілдесіне 26 мың 272 шағын кәсіпкерлік субъектілері тіркелсе, оның ішінде жеке кәсіпкерлер - 19 мың 924, заңды тұлға - 5 мың 544, шаруа қожалықтары – 804 құрады.
Қызылорда қаласы мен қалаға қарасты кент және ауылдық округтерінде шағын және орта бизнесті дамытудың басты көрсеткіштеріне жүргізілген талдау нәтижесіне сәйкес 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында 1 мың 840 кәсіпкерлік субъекті тіркеліп, 1 мың 885 жаңа жұмыс орны ашылды.
Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен (1003 кәсіпкерлік субъекті тіркелсе, 1080 жаңа жұмыс орны ашылған) салыстырғанда 54,5 пайызға артты.
Жыл басында нақты жоспарлы көрсеткіштер қамтылған «Қызылорда қаласы мен қалаға қарасты кент, ауылдық округтердің кәсіпкерлікті дамыту бойынша Жол картасы» бекітілді. Бүгінгі күні карта аясында жалпы құны 2 млрд. 235 млн. теңгені құрайтын 165 жоба іске қосылып (жобалардың 47,8 пайызы елді мекендердің үлесінде) 232 жаңа жұмыс орны ашылды.

Кәсіпкерлік саласын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы бойынша:
«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға» арналған бағдарламасы аясында қалада (ауылдық округтерді қоса алғанда) 2018 жылдың басынан бері шағын несиелендірумен 104 жоба (580млн. 497 теңге) қаржыландырылды.
Бұл көрсеткіш өткен жылдың қорытындысымен салыстырғанда 2018 жылғы бірінші жартыжылдықтың өзінде 54 жобаға немесе 2 есеге артты.
Мәлімет үшін: (2017 жылы 270 млн. 700 мың теңгені құрайтын 50 жоба қаржыландырылып, 78 адам жұмыспен қамтылды.)

Бүгінгі күні «Өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы қосымша 25 млн. теңгені құрайтын 10 жоба қолдау алып қаржыландыруды күтуде.
Бұдан бөлек, жыл соңына дейін қаржы мәселелерінің оңтайлы шешілуіне орай ауылдық елді-мекендерден құны 355 млн. 500 мың теңгені құрайтын 51 жобаның құжаттары қаржы ұйымдарына ұсынылатын болады.
«Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында үстіміздегі жылы 55 жоба ұсыну жоспарлануда. Қазіргі таңда, «Өңірлік үйлестіру кеңесінен» 1 млрд. 681 млн. 775 мың теңгені құрайтын 30 жоба қолдау тапты.
Жыл басынан бері қалаға қарасты елді мекендерден қайтарымсыз грант алуға құны 426 млн. теңгені құрайтын 171 жобаның құжаттары конкурстық комиссия қарауына ұсынылып, жалпы құны 63 млн. теңгені құрайтын 52 жоба қолдау алды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 23 жобаға немесе 55,7 пайызға артты.

Мәлімет үшін: (2017 жылы 43 млн. теңгені құрайтын 29 жобаға қайтарымсыз қаражат берілді.)
Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында қолға алынған жобалардың нәтижесінде, қалаға қарасты елді-мекендерде 1 тігін цехы, 2 наубайхана, 1 қонақ үй, 1 автокөліктерге техникалық қызмет көрсету орталығы жұмысын жүргізуде, мал басын көбейту мен сүт, ет бағытын дамытуда 522 мүйізді ірі қара, 202 жылқы алынды.
«Береке», «Ырыс» несие беру бағдарламалары аясында 5 кооперативтің 138 мүшесі тарапынан 2 мың 814 мүйізді ірі қара сатып алынды.
Қала маңындағы елді мекен тұрғындарына сапалы жолаушылар тасымалын ұйымдастыру мақсатында 5 кәсіпкер орта сыйымдылықтағы қоғамдық көлік сатып алып, 11 кәсіпкер өз кәсіптерін дамыту мүмкіндігіне ие болды.
Бұдан бөлек, 2 жылыжай, 2 наубайхана, 5 қызмет көрсету кешені, 1 асхана, 1 мейрамхана, 2 монша нысандарының құрылыс жұмыстары жүргізілуде.





Инвестициялық жобалар:
Аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлының қолдауымен, индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында да ауқымды жобалар қолға алынуда.
Бүгінгі күні, қаламызда индустрияландыру картасына енгізілген жалпы құны 51,0 млрд. теңгені құрайтын 7 жоба жүзеге асырылуда. Ондағы 1 жоба республикалық картаға енгізілсе, қалған 6 жоба өңірлік картада.
Жобалар толық іске қосылғанда 1 мың 125 адам жұмыспен қамтылатын болады.

Инженерлік инфрақұрылымды дамыту
Сумен қамтамасыз ету бойынша:
Соңғы жылдары Қызылорда қаласының ауыз су инфрақұрылымын дамытуға 16 млрд. (15 млрд. 548,7 млн.) теңгеге жуық қаржы тартылды.
Биылғы жылы осы жұмыстардың жалғасы ретінде, «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы 13 жоба бойынша Республикалық бюджеттен бөлінген 1 млрд. 584 млн. теңгеге 10 шақырым ауыз су және 7 шақырым кәріз су құбырлары қайта жаңғыртудан өтуде.
Қалаға қарасты елді мекендерде ауыз су жүйелерін жүргізуге
8 жоба бойынша (7 елді мекенге) республикалық, облыстық бюджеттен 1 млрд. 34,8 млн. теңгеге 74,5 шақырым ауыз су, 2 дана су жинау қоймасының құрылысына қаржы бөлінді.
Жыл сайынғы, жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қалаішілік су құбырларының 70 пайыздан астамы толық жаңартылды.

Жылу жүйелерін жаңғырту:
Бүгінгі күнге, 8 млрд. теңгеден астам қаржыға 60 пайыз магистральды жылу желілері жаңартылды.
Биылғы жылға, жылу жүйелері мен қазандықтарды ағымдағы, күрделі жөндеуден өткізуге 8 жоба бойынша 2 млрд 210 млн. 400 мың теңге қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту:
Қалада жол жөндеу жұмыстары ең маңызды жобалардың біріне айналды.
Соңғы жылдар ішінде Қызылорда қаласында жол құрылысын дамытуға 23 млрд. теңгеден астам қаржы тартылып, 500 шақырымнан астам жолдар орташа, күрделі жөндеуден және қайта жаңғыртудан өтті.
Оның ішінде, қаламыздың шет аймақтарынан 37 көше жөнделді.

1 млрд. 550 млн. теңгеге, ұзындығы 150 шақырымды құрайтын 39 көшеге жаяу жүргіншілер жолдары салынды. 1 млрд. 357 млн. теңгеге ұзындығы 144 шақырымдық 94 көшеге жарық бағаналары орнатылды. 72 көпқабатты тұрғын үйлердің аулаішілік жолдары мен автотұрақтары жөнделді.
Биылғы жылы да бұл бағыттағы жұмыстар тиісті жалғасын табуда.
Атап айтқанда, қала көлемінде 1 млрд. 792 млн. теңгеге жалпы ұзындығы 77,7 шақырымды құрайтын 103 көшеге орташа, ағымдағы, күрделі және қайта жаңғырту жұмыстары жасалуда.
Жыл басында, Жібек жолы мен Ділманов көшелерінің қиылысында орналасқан, құны 180 млн. теңге болатын жаяу жүргіншілер көпірі пайдалануға берілді. Бұл көпірдің ерекшелігі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жедел саты (лифт) қарастырылған.

Мәлімет үшін:
Қала орталығындағы ұзындығы 1,3 шақырым болатын Тоқмағанбетов көшесіне Қазыбек көшесінен Байтұрсынов көшесіне дейін орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге облыстық бюджеттен 174,5 млн теңге бөлінді.
Ұзындығы 2,17 шақырым болатын Байтұрсынов көшесіне Абай даңғылынан Тоқмағанбетов көшесіне дейін орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге 145,5 млн. теңге бөлінді.
Ұзындығы 3,89 шақырым болатын Жаппасбай батыр көшесіне Қорқыт Ата көшесінен көпірге дейін орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге 183,6 млн. теңге бөлініп, бүгінгі күні Жаппасбай батыр және Байтұрсынов көшелері бойынша жұмыстар толығымен аяқталды, ал Тоқмағанбетов көшесі тамыз айында аяқталады деп күтілуде.
Шымбай көшесі мен Қаратоғай көшесінің қиылысына орташа жол жөндеу жұмыстарын жүргізуге (0,7 км) – 39,9 млн. теңге облыстық бюджеттен бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды.
Жөндеу жұмыстары 2017 жылы басталған Сәулет мөлтек ауданында көшелерін үстіміздегі жылы орташа жөндеуді аяқтауға, облыстық бюджеттен бөлінген 21,9 млн. теңгеге 1,3 шақырымды құрайтын 3 көшеге жол жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Қалаға қарасты елді мекендердің жолдарын жөндеу жұмыстары да қарқынды жүргізілуде.
Атап айтқанда, Қараөзек және Қосшыңырау ауылдық округтерінде, Қызылөзек, Иіркөл елді мекендеріне ұзындығы 24,5 шақырымды құрайтын кіре-беріс жолдардың орташа жөндеу жұмыстарына республикалық, облыстық бюджеттен 234 млн. 900 мың теңге бөлінді.
Тасбөгет кентіне облыстық бюджеттен бөлінген 28 млн. теңгеге ұзындығы 1,2 шақырым жерге 67 дана түнгі жарық бағаналары орнатылды.
Бұл жұмыстармен қатар, Тасбөгет кентінде облыстық бюджеттен бөлінген 446,5 млн. теңгеге 9,7 шақырым болатын 6 көшенің жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Оның ішінде: 6,6 шақырым болатын 3 көше күрделі жөндеу, 1,5 шақырым болатын 1 көше құрылысы және 1,6 шақырым болатын 2 көше орташа жол жөндеу (Жангелдин, Жанкин, Әбілқасымов күрделі жөндеу, Жүнісов жол құрылысы, Оразбаев, Есенов орташа жол жөндеу).
Белкөл кентінде, облыстық бюджеттен бөлінген 76,3 млн. теңгеге 2,7 шақырым болатын 4 көшеге орташа жол жөндеу жұмыстары басталды. (Зеленая, 2-Линия, 3-Линия, Есмаханов көшелері).
Ақсуат ауылдық округінде 7,3 шақырым болатын 12 көшенің орташа жол жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 83,2 млн. теңгеге бөлінді.
Қызылжарма ауылдық округінде 46,5 млн. теңгеге 2,3 шақырым болатын 1 көше орташа жол жөндеуден өтеді.
Сол жағалаудығы жаңа қаланың жол-көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында, «Шіркейлі» каналы үстінен өтетін көпір құрылысына 700 млн теңге (300 млн. теңге) бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Бұдан бөлек, қала орталығындағы жаңа көпірден бастап «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автожолына дейінгі аралықты жалғайтын және Сырдария өзенін жағалай орналасатын ұзындығы 12,1 шақырымдық 2 магистралды көшенің құрылысына облыстық бюджеттен 6 млрд. 229,8 млн. теңге қаралды.

Жолаушылар тасымалы бойынша:
Қала тұрғындарының қоғамдық көлікке деген сұранысын қанағаттандыру, қала көлеміндегі кіші сыйымдылықтағы қоғамдық көліктердің орнына орта және жоғары сыйымдылықтағы автобустармен ауыстыру бағытында орта сыйымдылықтағы 150 автобус алу жоспарланса, ағымдағы жылы облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға 10 автобус сатып алынды.
Осы саладағы жағымды жаңалықтардың бірі сәуір айынан бастап «Ақылды қала» жобасы аясында, қоғамдық көліктерде арнайы орнатылған мобильді қосымша арқылы (OyBy) электронды төлем жүйесі, телефон теңгеріміндегі ақшамен жол ақысын төлеу мүмкіндігі жасалды.
Жолаушыларға жайлы жағдай жасау мақсатында қалалық бюджеттен бөлінген 22 млн. теңгеге қала көшелеріне қосымша 10 аялдама орнатылды.



Құрылыс саласы бойынша:

Құрметті депутаттар!
Өздеріңізге белгілі, Қызылорда қаласында тұрғын үй құрылысы ерекше қарқын алып, халықты баспанамен қамту көрсеткіші еселеп артып келеді.
Соңғы жылдары қаламызда жаңадан бірнеше шағын аудандар бой көтеріп, 7 мыңнан астам қызылордалықтар баспаналы болды. Биыл да осы бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде.
Қазіргі таңда, қаламызда 133,2 мың шаршы метр болатын 1 мың 630 пәтерлік 36 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы салынуда.
Оның ішінде жеке инвесторлардың өз қаржысы есебінен 960 пәтерлік 22 көпқабатты тұрғын үй, мемлекеттік бағдарламалар арқылы 670 пәтерлі 14 көпқабатты тұрғын үйлер құрайды.
Қала тұрғындарының өз қаражаты есебінен жалпы ауданы 135,2 мың шаршы метрді құрайтын 1 мың 42 жеке тұрғын үй құрылысы салынды.
Ағымдағы жылы, атқарылған құрылыс жұмыстарының көлемі 9 млрд. 488,3 млн. теңгеге жетті.
Облыста атқарылған құрылыс жұмыстарының 38,7 пайызы Қызылорда қаласының үлесінде.
Бұл бағыттағы жұмыстарымыздың ең ауқымдысы, Сырдария өзенінің сол жағалауындағы жаңа қалада республикалық, облыстық бюджеттерден 220 пәтерлік 4 көпқабатты арендалық тұрғын үй мен
240 пәтерлік 4 көпқабатты кредиттік тұрғын үй құрылыстары басталды.
Бұл тұрғын үйлер жыл соңына дейін табысталады деп жоспарлануда.
Мәлімет үшін:
2017 жылдың мамыр айында құрылыс компанияларының өз қаражаты есебінен Сырдария өзенінің сол жағалауынан 5 қабатты 18 тұрғын үйдің және 320 орындық балабақшаның, шілде айынан бастап «Болашақ» университетінің студенттер қалашығы, жастар орталығы, Қазақ Орталық Атқару Комитеті мұражайы ғимараттары салына бастады.
«Абу-Сер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы мемлекеттік - жекеменшік әріптестік аясында, құны 742 млн. теңгені құрайтын 320 орындық балабақшаның құрылысы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Келесі жылы осы аумақта «100 келушіге арналған емханасымен қоса
300 төсектік көпсалалы облыстық аурухана», «Неке сарайы», 600 орындық мектеп, мемлекеттік - жекеменшік әріптестік аясында 500 келушіге арналған емхананың құрылысын салу жоспарлануда.

Қызылорда қаласында халықты баспанамен қамту бағытындағы ең үлкен жетістігіміз, апатты жағдайдағы үйдің тұрғындарын толық баспанамен қамтуға қол жеткіздік.
Басындағы жалғыз баспанасы апатты деп танылған жерлестеріміздің жағдайы, біз үшін ең өзекті мәселелердің бірі болатын.
2013 жылдың басынан есептегенде қаламызда 671 отбасы жалғыз баспанасы аппатты жағдайдағы азаматтар ретінде тұрғын үй кезегіне тіркелген.
Елбасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың және аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлының қолдауымен осы мәселені шешу мақсатында ауқымды жұмыстар жасалды.
Нәтижесінде, осы азаматтарға 2013 жылы 24 пәтерлі 1 үй, 2015 - 2016 жылдар аралығында 60 пәтерлі 3 тұрғын үй пайдалануға берілді.
2017 жылы Жаппасбай батыр көшесі және Титов қыстағынан 50 пәтерлі 7 көпқабатты тұрғын үйлерді пайдалануға бердік.
Биылғы жылы Жаппасбай батыр көшесінен 40 пәтерлі 2 тұрғын үй, 50 пәтерлі 2 көпқабатты тұрғын үйді пайдалануға беру арқылы 157 отбасы баспаналы болды.
2013-2018 жылдары аралығында қаламыздағы апатты жағдайдағы баспана тұрғындары ретінде кезекте тұрған 671 отбасына жаңа пәтерлердің кілтін табыстадық.
Осы мәселені түбегейлі шешу үшін атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде, заңды тұрғыда үйлерін апатты жағдайда екендігін растайтын құжаттарын ұсына алған, шын мәнінде баспанаға мұқтаж тұрғындарды 100 пайыз жаңа пәтерлермен қамтамасыз еттік.
Бұл, Қызылорда қаласында апатты жағдайдағы үйлердің мәселесі толық шешілді деуге негіз бола алады.

Құрметті мәжіліске қатысушылар!
Жоғарыда айтып өткенімдей жыл сайын қаламыздың шекарасы кеңейіп, халқының саны артып келеді.
Бұл біздің өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсарғандығының негізгі дәлелі.
Осыны негізге сүйене отырып қаламыздың Бас жоспарына өзгерістер енгізілді.
Қызылорда қаласының Бас жоспарына түзетулер енгізу мақсатында облыстық бюджеттен 55 млн.теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсінің жеңімпазы болып «Урбостиль» ЖШС-гі танылды.
Бұл жоба қалалық және облыстық мәслихат сессияларында қаралып, ҚР Үкіметінің қаралуына ұсынылды.
Бас жоспарға сәйкес, жеке тұрғын үй құрылысы мәселесін шешу бағытында қажетті шаралар қабылданып, тиісті жұмыстар кезең-кезеңмен жүзеге асырылады.
Атап айтқанда, қала аумағының көлемі бұған дейін 11 мың гектарды құраса, бас жоспарға сәйкес бұл жер көлемі 20 мың 582 гектарға ұлғайтылды.
Өздеріңіз куә болғандай, 2016 жылы Бәйтерек тұрғын ауданынындағы инженерлік желілерімен толықтай қамтамасыз етілген 980 гектар аумақтан, кезекте тұрған 6 мың 600 азаматқа жер учаскесі табысталған болатын.
Бүгінгі күні, осы аумақтан қосымша 150 гектар жер телімдері әзірленіп, инженерлік желілерінің жобасы дайындалды.
Жоба толық аяқталған уақытта 1 мың 267 азамат тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерімен қамтамасыз етіледі.
Қала бойынша жер кезегіне тіркелген азаматтардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында, Бәйтерек тұрғын ауданынан жалпы көлемі 670 гектар аумақтың егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы бекітіліп, келісілген жоба бойынша жер кезегіндегі 4 мың азаматты жер телімдерімен қамтамассыз ету жоспарлануда.
Мұнан бөлек, осы аумақтан қосымша 2 мың гектар жер телімін ашу жоспарланған.
Бұл өз кезегінде, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер кезегінде тұрған 22 мың азаматқа жер учаскелерін табыстауға мүмкіндік береді.
Қаланың бас жоспарына түзетулер енгізу барысында, 1 мың 360 гектар жер телімдерін резервке алу қарастырылған.
Бас жоспардағы өзгерістердің ең маңыздысы, қала маңындағы «Сабалақ», «Эдельвейс», «Болашақ», «Орбита» саяжайлары қала аумағына енгізілді.
Бұған дейін, осы елді мекен тұрғындарының жол, ауыз су және жарық туралы көтерген мәселелерін шешу қолданыстағы заң талаптарына сәйкес мүмкін болмады.
Ендігі ретте, аталған жер телімдері облыс орталығы құрамына енгізу арқылы тиісті қаржы бөлініп, инженерлік инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік туады.
Бас жоспарға түзетулер енгізу жобасында қала аумағы - 14 тұрғын ауданға бөлінді.
Осылайша, қала халқының саны осыдан 5 жыл бұрынғы (2013 жыл) көрсеткіш бойынша 240 мың адамды құраса, 2025 жылға дейін қала халқының саны 310 мың адамды құрайды деп болжануда.
Қызылорда қаласының Бас жоспарына енгізілген өзгерістер бүгін елеусіз оқиға болуы мүмін. Бірақ бұл өңіріміздің ертеңі үшін ең ауқымды жобалардың бірі екені анық.
Сыр бойының әлеуметтік-экономикалық дамуының бет-бейнесін қаланың өркендеуімен тамырластыруға болады.

*****
Қаламызды жасыл желекке айналдыру мақсатында көгалдандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп келеді.
Қызылорда қаласында 52 аллеялар мен скверлер бар. Аталған аумақтарға жыл көлемінде мыңдаған көшеттер мен гүлзарлар отырғызылды.
Қаламыздың әсем келбетін айшықтайтын түрлі архитектуралық формалар орналастырылып, жаңа демалыс орындары мен саябақтар салынуда.
Биыл, Тұңғыш Президент саябағы Рәміздер алаңына дейінгі аумақта қосымша 36 гектарға кеңеюде.
Бұл бағытта, ағымдағы жылы облыстық бюджеттен 500 млн. теңге бөлінді.

Жұмыспен қамту:
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында ауқымды шаралар жүзеге асырылуда.
2018 жылғы 1 тамызына жұмыспен қамту органдарында жұмыссыз ретінде 7 мың 839 адам тіркелген.
Жыл басынан 4 мың 576 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды, 3 мың 362 жаңа жұмыс орны ашылды.
Жұмыссыз азаматтардың ішінен бағдарламаға қатысушы 675 азамат қысқа мерзімді кәсіптік оқумен білім алуда.
Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту бойынша 1 мың 774 адам қоғамдық жұмысқа тартылып, 54 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді.
Әлеуметтік жұмыс орындарына 131 адам жолданып, 12 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Жастар тәжірибесі арқылы 280 мекемеге 383 жас маман жолданып, 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік қамсыздандыру мәселесі біздің назарымыздан ешқашан тыс қалған емес. Бұл біз үшін ең маңызды бірінші кезекте атқарылуы тиіс мәселелердің қатарында.
Осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстардың бірі, биылғы жылдың басынан бері қайырымды азаматтар мен жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен 11 млн. 805 мың теңгеге әлеуметтік жағынан аз қамтылған 1 мың 86 отбасына көмектер көрсетілді.
Білім саласы бойынша:

Құрметті әріптестер!
Біздің ең басты, әрі өзекті мәселелеріміздің бірі - ол білім саласын дамыту болып табылады.
Осы ретте, Сіздермен бірлесе отырып жыл сайын қала бюджетінің 45-50 пайызын білім саласына бағыттап келеміз.
Қалада білім саласын қамтамасыз етуге 2017 жылы – 18 млрд-тан аса (18 млрд. 2 млн. теңге) қаржы қаралса, биылғы жылы бұл сома 21 млрд. (21 млрд. 206 млн. теңге) құрады.
Мектепке дейінгі тәрбие беру саласында да айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп, қаламыздағы 3 пен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндеріміздің балабақшамен қамтылу көрсеткіші 100 пайызға жетті.
Қызылорда қаласы бойынша 237 мектепке дейінгі білім беру ұйымдары «Электронды балабақша» автоматтандырылған жүйесіне енгізілді (оның ішінде 206 жеке меншік балабақша).
Білім беру мекемелері үшін оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сатып алу және жеткізу бағдарламасы бойынша қаладағы барлық мектептер 100 пайыз оқулықтармен қамтамасыз етілді. (582 млн. 325 мың теңге).
Қала мектептерінің компьютермен жабдықталуы 100 пайыз, интернет желісіне қолжетімділік 100 пайыз болса, электронды күнделік жүйесіне қосылу көрсеткіші жыл соңына дейін 100 пайызға жетеді.
Жасалған қолдаулар мен ұстаздардың тынымсыз еңбектерінің нәтижесінде Қызылорда қаласы түлектерінің жетістіктерін де ауыз толтырып айтуға тұрарлық.
Өздеріңізге белгілі өткен оқу жылының қорытындысымен қалада оң өзгерістер орын алды.

Қала мектептері Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу мен орташа балл жинаудан жоғары нәтиже көрсетіп, 90,9% баллмен облыс бойынша көш бастады. Нәтижесінде тест тапсырған 1 мың 670 оқушының 980-і мемлекеттік грант иегері атанды.
Бұл көрсеткіш 2017 жылы 612 – і құраған болатын.
2017-2018 оқу жылының қорытындысымен 2 мың 141 мектеп бітіруші түлектің ішінен жоғарыда атап өткендей 980 түлек мемлекеттік грант иегері атанса, 98 түлек «Алтын белгі», 103 түлек
«Үздік аттестат» иегерлері атанды.
2014 жылдан бастап аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлының тікелей бастамасымен Қызылорда облысының түлектеріне Ресей Федерациясының жоғары оқу орындарында білім алуға жасалған мүмкіндікті пайдаланған Қызылорда қаласы түлектерінің 346-і бүгінде Ресей Федерациясының беделді оқу орындарының студенті атанды.
Білім беру нысандарының саны да жыл санап еселеп артып келеді.
Биылғы жылы, Тасбөгет кентінен 140 орындық жаңа балабақшаның құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі.
Құны 527 млн. теңге болатын балабақшада заманауи талаптарға сай жедел саты (лифт) қарастырылған және барлық бөлмелеріне жылы едендер орнатылған.
Мұнан бөлек, Жаппасбай батыр көшесіндегі жаңа тұрғын ауданда 600 орындық мектептің құрылысы жүргізілуде.
Жобаның жалпы құны 974,4 млн. теңгені құраса, мердігер мекеме «Ария-Жаңа Астана» ЖШС-і құрылыстың алғашқы кезеңіне бөлінген 160 млн. теңгені толық игерген.
Қала тұрғындарының сұранысына сәйкес, "Саяхат" мөлтек ауданынан 300 орындық мектеп, №261 орта мектептің жанынан қосымша 150 орындық ғимарат, Қызылорда-Жезқазған трассасы бойынан 600 орындық мектеп құрылыстарын жүргізу үшін жобалық сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды.
СПМК және Арай-3 мөлтек аудандарынан 600 орындық, Сырдария өзенінің сол жағалауы мен Қызылжарма ауылдық округінен 900 орындық мектеп құрылысын жүргізу мақсатында жобалық сметалық құжаттары әзірленуде.
Ішкі саясат саласы бойынша:
Бүгінгі таңда, қалада 11 ұлттық-мәдени орталық, 25 діни бірлестік, 6 саяси партияның филиалдары жұмыс жасайды, 414 үкіметтік емес ұйым тіркелген.
Үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік-маңызды жобаларын, жастар саясаты саласындағы өңірлік бағдарламаларды жүзеге асыру бағытында 22 млн 521 мың теңге қаржы бөлініп, түрлі бағыттағы 14 әлеуметтік жоба іске асырылуда.
Мемлекеттік жастар саясатын жергілікті жерде жүргізілуіне жастардың қанағаттанушылық деңгейі 88 пайызды құрады.
Жалпы, бүгінгі күні Қызылорда қаласы бойынша қоғамдық-саяси, діни ахуал тұрақты.

Мәдениет саласы бойынша:
Қызылорда қаласы-аймағымыздың тек әкімшілік қана емес, сонымен бірге мәдени - рухани орталығы болып саналады.
Осы ретте, қала бойынша жыл басынан бері түрлі бағыттағы 472 мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылып, оған 90 мыңнан астам көрермен қатысқан.
Бүгінде, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты 85 үйірмелер жұмыс жасаса, үйірмеге қатысушы өнерпаздар саны 1 мың 67 адам.

Спорт саласы бойынша:
Қалада спорт саласын дамыту бағытында жыл басынан бері дене шынықтыру ұжымдарымен бірлесіп 61 спорттық шаралар өткізіліп, облыстық, республикалық деңгейдегі жарыстарға барлығы
24 мың 280 адам қатыстырылды.
Еліміздің болашағы сауатты, салауатты ұрпақтың қолында десек, өңірімізде спорт саласын арттыруды назардан тыс қалдырған емеспіз.
Соңғы жылдардың өзінде қала бойынша 67 спорттық ойын алаңдары салынса, биылғы жылы осы жұмыстардың жалғасы ретінде қала бойынша 22 дана спорттық-жаттығу алаңдары, 4 Стрит воркаут алаңдары, 6 Еуропалық стандартқа сай шағын футбол алаңдары демеушілер арқылы салынды.
Соңғы үлгідегі, заманауи талаптарға сай спорттық-жаттығу алаңында веложаттығу, кермеше, брусья, түрлі күштік жаттықтырғыш құралдарымен қамтамасыз етілген. Бұл бағытта бюджеттен және демеушілер есебінен 255 млн. теңге қаржы қаралған.
Биылғы жылы, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры «Менің елім» әлеуметтік инвестициялар бағдарламасын іске асыру аясында қаламыздағы Титов және Астана мөлтек аудандарынан әмбебап спорт және балалар ойын алаңын салуды жоспарлауда.
Ағымдағы жылдың шілде айында, Байқоңыр қаласында өткен «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесіне» арналған
VI облыстық халықтық спорт ойындарында қала спортшылары үздік нәтижеге қол жеткізді.
Спорттың 12 түрі бойынша мыңнан аса адам сынға түскен дүбірлі додада, Қызылорда қаласының спортшылары жалпыкомандалық есеп бойынша бірінші орынды иеленді.
Елбасы, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің
“Қазақстан - 2030” стратегиялық бағдарламасында бұқаралық спортпен қамтылған халық санын 30 пайызға жеткізуді тапсырса, спорт саласына жасалған қолдаулардың арқасында біздің өңірімізде бұл көрсеткіш бүгіннің өзінде 27,8 пайызға жетті.

Цифрландыру бойынша:
Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын жүзеге асыру және қалада тұрмыс сапасын арттыру, жаңа инновацияны кеңінен тарату мақсатында «Ақылды қала» жобасы бойынша нақты шаралар қабылдануда.
Нақтырақ айтқанда:
1. Қала тұрғындары мен қонақтарының қала әкімдігімен тікілей байланыс жасау үшін, мәселелерді дер кезінде шешуге арналған «Q Orda» атты мобильді қосымшасы жақын күндері іске қосылады.
Бюджеттен тыс көздерден қаржыландырылған бұл мобильді қосымша, арнайы Android және IOS платформаларына жасалып, 2 тілде барлық ұялы телефондарға жүктеуге мүмкіндіктері қарастырылған.
2. Қалалық бюджеттен бөлінген 21 млн. теңгеге жер қатынастары саласындағы заң бұзушылықтарды анықтау, жұмсалатын жұмыс уақытын азайту мақсатында GPS геодезиялық құралы мен ArcGIS (АР ГИС) бағдарламасы алынды.
GPS геодезиялық құралы жердің кез келген жерінде, кез келген ауа-райында, сондай-ақ жер маңындағы ғарыштық кеңістіктегі объектінің орналасу орнын мен жылдамдығын анықтауға мүмкіндік береді.
ArcGIS (АР ГИС) бағдарламасы - америкалық компаниясының геоақпараттық бағдарламалық өнімдерінің бірі жер кадастры үшін, жерге орналастыру, жылжымайтын мүлік объектілерін есепке алу, инженерлік коммуникациялар жүйелері, геодезия, жер қойнауын пайдалану қызметтері мен басқа да салаларда қолданылады.
Аталған жоба жер қатынастар саласындағы заң бұзушылықтарды анықтауға жұмсалатын уақытты 15 күннен 2 күнге дейін қысқартады.
Облыстық Жол картасына енгізілмеген 2 жоба қалалық деңгейде жүзеге асырылатын болады. Оның ішінде:
3. Қаланың халық көп шоғырланатын демалыс орындары мен саябақтарында ақпараттық ресурстарға, мемлекеттік көрсетілетін электронды қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында WI-FI тегін интернет желісін енгізуге «ORDA Wi-Fi» жобасы қолға алынуда. Бірінші кезеңде, пилоттық режимде Ыбрай Жақаев көшесі бойына орнатылады, ұзындығы 1 км, ені 50 м болатын ауқымда секундына 100 мегабайт жылдамдықтағы, жаңа технологиямен жабдықталған (Ubiquiti UniFi AC Mesh) құрылғы орналастыру көзделуде. Бұл жобаға қалалық бюджеттен 3 млн. 500 мың теңге бөлініп, жобаны іске асыру жұмыстары басталып кетті.
4. Қала көшелерінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Байтұрсынов көшесінің бойында орналасқан №3 және №15 мектеп-гимназиялары тұстарына 4 дана («Дети», «Ограничение максимальной скорости») светодиодты жол белгілерін орнатуға қалалық бюджеттен 2 млн. 300 мың теңге бөлінді.
5. Келесі, көпқабатты тұрғын үйлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған «ОV Orda» бұлтты бейнебақылау
(облачное видеонаблюдение) жобасы. Қазіргі таңда, осы жоба аясында Қазақтелеком АҚ-ның қаржысы есебінен қаладағы тұрғын үйлерге видеодомофондар орнатылуда.
Ерекшелігі, тұрғындар үшін мобильді қосымшалары жасалып, 7 күндік мұрағат сақтау мүмкіндігі бар. Абоненттік төлем әр пәтерге 300-500 теңге көлемінде қарастырылған.
Бірінші кезеңде, былтырғы жылы қаладағы 2 көпқабатты
(Астана мөлтек ауданы) тұрғын үй қосылған.
2 кезең бойынша - 91 көпқабатты (Сырдария, СПМК-70, Арай-2, Сұлтан Бейбарыс, Мерей мөлтек аудандары) тұрғын үй қосылды.
3 кезең бойынша - жыл аяғына дейін тағы 50 көпқабатты тұрғын үйді қосу жоспарланған.
Қазіргі таңда, білім саласын цифрландыру басты назарымызда.
Бұған дейін, мемлекеттік және жеке меншік балабақшаларға балаларды орналастыру үшін қызылорда қаласының білім бөлімімен Е-Акимат базасы арқылы жолдамалар беріліп келді.
Қазіргі таңда, «Е-ДДО» -тұғырнамасы базасында «Data Evolution» ақпараттық жүйесімен «Балаларды балабақшаға автоматты түрде бөлу жүйесі» жобасы қолға алынып, бұл жобаны жүзеге асыруға қалалық бюджет есебінен 67 млн. 864 мың теңге бөлінді.

Жобаның мақсаты:
1) балабақша жұмысын автоматтандыру процесіне көшіру;
2) балаларды кезекке қою (тіркеу);
3) жолдама беру;
4) персоналды басқару;
5) балабақшаларға балаларды тіркеу;
6) аналитикалық - статистикалық есеп жасау.

Аталған жобаның 1-ші кезеңінде барлық жеке және мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарға оқу курстары өткізіліп базасы енгізілді. Қазіргі таңда курстың 2-ші кезеңі жүріп жатыр, яғни, «Е-ДДО» базасына барлық 245 мектепке дейінгі ұйымдарының мәліметтері енгізілуде.
Әрбір мектепке дейінгі ұйым «Е-ДДО» базасына балабақша туралы мәліметті, тәрбиеленуші балалардың тізімін, ондағы педкадр мен кадрлық бос орындар жөнінде толық мәліметтер енгізіледі. Барлық ай сайынғы көрсетілетін қызмет түрлері (жолдама беру, атқарылған жұмыстың актілерін қабылдау) электронды түрде жүзеге асырылады.

Құрметті халық қалаулылары!
Атқарушы билікке халықтың қоғамдағы талабы мен тілегі, елдің мүддесі, көкейтесті мәселесін жеткізуші, халық қалаулысы ретінде бұқара мен билік арасындағы дәнекер Сіздермен біздің жұмысымыз тығыз байланысты.
«Бірлік – береке бастауы» деген халық даналығы.
Бүгінде, біздің өңіріміз өрелі істерімен ерекшеленіп, аймағымыздың даму тарихында өзіндік орнын қалыптастырып үлгерді.
Мұның барлығы Елбасының, аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлының қарышты қолдауының, Сіздер мен біздердің бірлесе атқарған тынымсыз тірлігіміздің нәтижесі, халықтың артқан мол сенімінің жемісі.

Құрметті әріптестер!
Экономиканың қай саласында болмасын, облыс орталығы жақсы істердің ұйытқысы, тың жетістіктер мен жақсы көрсеткіштердің локомотивіне айналуда.
Алдағы уақытта да, екі ғасырлық тарихы бар біздің шаһар дәулеті мен сәулеті келіскен көрікті орталыққа айналатынына күмәніміз жоқ.
Қызылорда- Жаңа мүмкіндіктер мекені!
Халық пен билік арасындағы байланысты дамыту, бұл бағытта заман талабына сай жұмыс жасау біздің басты мақсатымыз болып қала бермек.
Игілікті істеріміз мол болғай!
Назарларыңызға рахмет.




21 тамыз 2018 ж. 2 095 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 442 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам