ҚАРТАЙҒАНДА ТЕҢІЗ ТАҒАМДАРЫН КӨП ЖЕУ КЕРЕК – ҒАЛЫМДАР
Теңіз тағамдары, жаңғақ пен көкөністерді жиі тұтынатын 65 жастан асқан адамдарда өлім қаупі 25%-ға аз болады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі The Guardian басылымына сілтеме жасап.
Ғалымдардың айтуынша, мұндай диета салауатты өмір салтының рецепті саналады әрі әртүрлі аурудың алдын алады.
«Бүкіл әлем бойынша, әсіресе Еуропада біз қартаю процесінің жылдамданып жатқанына куә болып жүррміз. Бүгінгі таңда оған қарсы тұратын қандай мүмкіндіктер бар екенін анықтау өте маңызды. Теңіз тағамдарының адам денсаулығына пайдалы екені бәрімізге белгілі. Бірақ бұл зерттеу оның тек қарттарға қалай әсер ететініне ғана арналды», дейді зерттеу авторларының бірі, IRCCS Neuromed неврологиялық институтының эпидемиологы Мариаура Боначчио.
Оның айтуынша, бұған дейін мұндай диетаның жүрек аурулары мен ракқа әсері туралы зерттеулер жүргізілген.
British Journal of Nutrition журналында жарияланған зерттеуде ғалымдап 2005 жылдан бастап 2015 жылға дейін Италиядағы 65 жастан асқан 5200 адамның тамақтану рационы мен денсаулық жағдайын бақылауда ұстаған. Осы уақыт аралығында зерттеуге қатысқан 900 адам көз жұмған. Қатысушылар тамақтану рационы туралы қағаз толтырып отырған. Сол арқылы зерттеушілер 0-9 масштабы аралығында олардың тамақтану ерекшелігінің теңіз диетасына қаншалықты жақындығын бағалаған.
Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, теңіз тағамдары диетасына сай тамақтанған адамдарда дене белсенділігі жоғары болған. Сонымен қатар жынысына, белсенділік деңгейі мен әлеуметтік статусына қарамастан мұндай тамақтарды тұтынушылар арасында өлім қаупі 25%-ға төмен болған.
Ғалымдар бұл зерттеу арқылы теңіз тағамдарының нақты қалай әсер ететінін қарастырмағанын айтады. Олардың айтуынша, мұндай диета адам өмірін ұзартуға септігін тигізе алады.
Мұндай қорытындыға келмес бұрын ғалымдар қарттардың қатысуымен өткізілген тағы алты зерттеуді қарап шыққан. «Сіз салауатты өмір салтын жас кезіңізден ұстана бастасаңыз, әрине, нәтиже бұдан да жақсы болары сөзсіз. Дегенмен, қартайған шағыңызда да теңіз диетасына көшу әлі кеш емес», дейді Боначчио.
Дегенмен, Глазго университетінің метаболизм медицинасы профессоры Навед Саттардың айтуынша, бұл зерттеудің нақтылығы төмен.
«Бұл зерттеу қартайған шақта теңіз тағамдарының пайдалы екенін көрсетіп отыр. Бірақ мақаладан байқағанымдай, авторлар зерттеу жүргізбей, тек бақылау жасаған. Яғни, қатысушылардың сөзі негізінде шешім шығарып отыр. Оны дәлелдеу қажет. Кейбір адамдарда денсаулық жағдайына байланысты тамақтану рационы да басқа болуы мүмкін», дейді ол.