ДӘУІРНАМАНЫҢ АЛТЫН КӨПІРІ
Қаланың темір жол вокзалының тура жанында шағын ғана ғимарат орналасқан. Сырт қарағанда елеусіздеу көрінетін қарапайым нысанға бас сұға қалсаңыз, құдды бір тарих қойнауындағы өткен ғасырға кері оралғандай күй кешесің. Оның қабырғасындағы әрбір құнды жәдігер келушілерге тарғыл тарих беттерінен шежірелі сыр шертіп тұрғандай. Тіпті, сонау қадым заманнан қалған халқымыздың келі-келсап, диірменін қолмен ұстап көргендегі сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сыры кетсе де, сыны кетпеген олардың әрқайсысының бет-бедерінде сан мың жылдық тағдырдың талай ізі сайрап жатқаны анық. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің Ақмешіт музейі филиалына бара қалсаңыз, дәл осындай әсерге бөленуіңіз бек мүмкін. Ал, өткен күн тағылымын түйсінуге бекінген әрбір жанның сүйікті мекеніне айналған орынның 113 жылға тарта тарихы барын біреу білсе, біреу біле бермейтіні даусыз. Себебі, бүгінге дейін бірнеше мәрте жөндеуден өткен музей филиалының іргетасы сонау 1905 жылы қаланғаны қарапайым жұртқа беймәлім. Алғаш әскери казарма ретінде салынған нысан 1917 жылы қайта қалпына келтіріліпті. Қос ғасырлық шежіресі тасқа басылған Қызылордада кеше мен бүгінді жалғаған осындай байырғы мәдени орындар саны жетіп артылғанымен, бұл рухани орданың орны өз алдына бір төбе.
Ал, бұл ғимарат 2004 жылы Ақмешіт музейі ретінде есігін қайта айқара ашқан еді. Содан бері келушілердің ерекше қызығушылығын оятатын рухани шаңыраққа айналды. Бүгінде 2000-нан астам бай жәдігерлері бар музей қоры қазақ тарихындағы астаналар – Орынбор, Қызылорда, Алматы, Астана қалалары туралы айрықша маңызды мағлұматтармен бөліседі. Сонымен қатар, оның экспозициялық залдарынан «Ақмешіт-Перовск» қалаларының тарихы, Қызылорда ҚазССР-нің астанасы, ХХ ғасыр басындағы зиялы қауым өкілдерінің тұрмысы мен олар тұтынған небір бағалы бұйымдарды кездестіруге болады. Ауқымды 4 залды құрайтын музейдің біріншісінде Ақмешіт бекінісінің макеті қойылған. Тайға таңба басқандай жасалған дүниеде саз балшыққа майда сабан араластыра салынған бекініс қолмен қойғандай анық кескінделіпті. Әрбір бөлшегіне дейін аса мұқияттылықпен қарасаңыз, қамал қабырғаларында ұзын тісті қорғаныштар, бұрыштарында зеңбіректер орналастырылған мұнараларды байқауға болады. Бекіністің өзен жағасындағы мұнарасына темірмен құрсауланған мықты қақпа орнатылыпты. Оның ішіндегі үш құдық, екі мешіт-медресе және балшықтан салынған үйлер де көзге бірден түседі. Дереккөздерге сүйенсек, әлгі екі мешіттің бірі – қазіргі қала орталығындағы – «Айтбай» мешіті деседі. Сол кездегі құрылысшылар саяси ахуалды ерекше ескерсе керек, орданың айналасы орлармен қоршалып, суға толтырылыпты. Тарихшылар мұнда әйелдер мен балаларды қоспағанда 400-ге жуық қоқандықтар мен қазақтар тұрғандығын растайды. Қызығушылықпен қараған адамға кішкентай ғана макет ескі қала жайлы осыншама құнды деректерді алға тартады.
Ал, келесісінде Абай Құнанбаев, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров секілді ұлы ақын-жазушыларымыздың 90 жыл бұрын латын қарпінде жарық көрген шығармалары аз данада сақталған. Себебі, кезінде қазақтың астанасы болған – Қызылордада латын қарпінде көптеген көне кітаптар баспа бетін көрген. Солардың ішінде түпнұсқа еңбектер де кездеседі. Соның бірі – Ахмет Байтұрсыновтың 1926 жылы таза латын қарпінде шыққан «Әліп би» кітабын музей қызметкерлері көздің қарашығындай сақтап отырғандарын айтады. Парақтары сап-сары рең тартып, селдірей түскен дүние – бағалы байлық көзі екені даусыз.
Қазақ АССР-і Орталық Атқару Комитетінің 1925 жылғы шешімімен астананы Орынбордан Ақмешітке көшіру туралы жарлықты өлке еңбекшілері қуанышпен қарсы алды. Шырайлы шаһардың оған лайық екеніне дәлел ретінде мұнда қазақтардың көп тұратындығы нақты айтылған. Бұл аймақтың болашағы үлкен үміт күттіретін суармалы егістіктің орталығы болуы да өз әсерін тигізбей қоймады. Сөйтіп, астананы Ақмешітке көшіру үшін үш күн ішінде қызыл паравоз жөндеуден өтіп, Орынбордағы бүкіл зиялы қауымды жаңа астанаға көшіріп әкелді. Бір қызығы, қара түтіні будақтап келе жатқан тарихи паровоздың дәл осы сәттегі ерекше суреті де музейдің құнды жәдігерлер қорына енген. Сондай-ақ, 1925 жылы кеңестің V республикалық съезі болып өткені біз үшін шерлі ескі деректерден аян. Осы жиында халқымыздың тарихи есімі қалпына келтіріліпті. Себебі, бұған дейін орыс билеушілері ұлт атауын бұрмалап, қырғыз атандырып келген еді. Сол съезде бұдан былай АКСР астанасы Ақмешітті «Қызылорда» деп атауға қаулы қабылданған. Бұл туралы құнды мәліметтерді бүгінгі өскелең ұрпаққа музейдің келесі эскпонат залы растайды.
– Бір әттеген-айы, біздің қолымызда осы ғимараттың 1905 жылы, яғни, іргесі қаланған тұстағы алғашқы суреті жоқ. Десе де, көнеден жеткен жез самаурындар, құмандар, елеуіштер, телефон аппараттары, теміржолшылардың сөмкесі, қол шамдар, арнайы пітір-садақа беретін ыдыстар, ағаш табақтар, ақын-жазушы Асқар Тоқмағамбетовтің жазу машинкасымен қатар, өзге де құнды жәдігерлер бар. Олар көбінесе, сол кездегі орыс көпестерімен арадағы сауда-саттық қарым-қатынас кезінен сақталып қалған. Сонымен қатар, сонау XIX ғасырдың көзіндей болған қымбат дүниелер де бар. Көбіне, келушілер 100 жылдың куәсіне айналған аталмыш дүниелерге ерекше қызығушылық танытады, – дейді филиал меңгерушісі Кенжекүл Ахметова. Музей есігін айқара ашқаннан бері қызмет етіп келе жатқан Кенжекүл Күлбараққызы мұндағы әрбір жәдігердің тарихын бес саусақтай жатқа біледі. Олардың әрқайсысына ерекше қамқорлықпен қарайды. Себебі, бұл – салғырттық пен немқұрайдылықты көтермейтін сала екендігін айтады ол.
Ал, музей экспозициясымен танысу барысында біз үшін соңғы зал ерекше құпиялар мен баға жетпес мұраларға толы болып көрінді. Расымен де, солай. Бұл бөлімге енгенде, әуелі жоғары жақта орналасқан алып пианино еріксіз көзге түседі. Меңгерушінің айтуынша, бұл музыкалық аспап өткен ғасырда Германияда жасалған көрінеді. Ал, оның мұнда түсу оқиғасы беймәлім. Бір таңқаларлығы, аспап басқыштары піл сүйегімен қапталыпты. Сондықтан болар, музыкалық құралдың дыбыс сапасы әлі күнге өз бабында тұр. Саусақ тисе, сарнай жөнеледі. Оның оң жақ бұрышында бір жарым ғасырлық тарихы бар үй жиһазы орналасыпты. Ерекше шеберлікпен жасалған ағаш туындысы бүгінгі заманауи дүниеден еш кем емес. Қараған көздің жауын алады. Ал, жоғарыға ілінген «Le Roi a Paris» қабырға сағаты тық-тық етіп, қазір де жүрісінен жаңылмаған. Францияда жасалған деседі. Өзгермейтін заңдылық бойынша саннан-санға асыға жылжып бара жатқан сағат тілі осылайша 150 жылдан астам уақытты артқа салыпты...
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
Суретті түсірген: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.