Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ҰЯЛМАҒАН ӘНШІ БОЛАДЫ...

ҰЯЛМАҒАН ӘНШІ БОЛАДЫ...

     Біз қозғағалы отырған тақырып бұған дейін айтылып та, жазылып та жүрген мәселе. Десек те, аталмыш мәселе ешқашан өзіндік маңызын жойып, күн тәртібінен түскен емес. Себебі, өнер, музыка ұғымдары адам өмірімен біте қайнасып, ұштасып жататын дүние. Тіпті, музыка мына бізге қарағанда, әлдеқайда ұзақ жасайды, әлдеқайда өміршең. Тек оның қаншалықты сезім сырын дөп басып, жүрекке әдемі жеткізе білуінде. Қайсыбір әннің бағын ашу ол ақындық шеберлікке тән қасиет. Әрине, әншілердің әсері де жоқ емес. Әлемді қарусыз жаулаудың таптырмас тәсілі де осы – музыка.      
                  Мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков ұлттық руханият сөз болған бір жиында: «Кезінде музыканың құдіретін білген Гитлер әлемді жаулау үшін «ақымақ музыканы» қойғыза берген екен», – деп еді. «Ақымақ музыка» демекші, айтқалы отырған мәселеміз осы төңірегінде. «Әннің де естісі бар, есері бар, тыңдаушының құлағын кесері бар» деген хәкім Абайдың данышпан ойы талай әнге сын болып айтылды. Десек те, нәтиже шығарып жатқандар санаулы. Қазіргісі бұрынғы әннен өзгерек болып тұрған жайы бар. Бітпейтін жылаңқы ән, сөзінің дәмі жоқ даңғаза музыка, жеңіл ұйқас. Біздің бүгінде өнер деп бағалап жүрген ән сымақтардың кейпі осындай. Әрине, бес саусақ бірдей емес. Қайда барсаң да, тарс-тұрс музыкаға тап боласың. Батыстың жынойнақ музыкасының жастар арасында кеңінен таралғаны соншалық құлағын құлаққаппен бітеп, өзімен-өзі бір әлем болып жүргендерді күнде көз көріп жүр. Қазіргі таңда қанша хит туындылар туғанымен, олардың ғұмыры ұзаққа бармай жатады. Себебі, 3-4 рет тыңдаған кейін адам ол әуеннен шаршайды, жалығады. Ол жағын тыңдарман қауым жақсы біледі. Мәселен, талай тойды адақтап, тойдың көркін қыздырған «Қызыл өрік», «Чип-чип», «Аспанға қараймын», «Бол жанымда» сынды әндердің дәл қазіргі уақытта дәурені өтіп кеткен. «Чип-чипті» де айта-айта жақ талды. Ал, кешегі Шәмші әндері ешқашан ескірмейді. Ғұмыры ғасырға жетеді. Қазақ ән өнерінің алтын қорына айналған нағыз туындылар. Оны мейлі 50 жылдан кейін тыңдасаң да, дәл осы қасиетін жоғалтпайтындығы анық.                
        Бүгінгі той бизнес жеңіл-желпі, сапасы төмен, ойнақы әндердің тууына себепші болып жүр деген пікірлер өнер жанашырлары арасында жиі айтылып келеді. Жасыратыны жоқ, көп әншілердің тойшыл қауымды билететін, жеңіл ырғақты әуендерді таңдайтыны белгілі. Соның салдарынан әннің ұйқасы, сөз мағынасы көлеңкеде қалып қойып жатады. Жалпы, тыңдағанда әннің сөзі әсер етіп, тыңдарман сол әнмен бірге сүйсініп, не күйінуі керек. Сол әннен өзіңнің өміріңді елестетсең, міне, сонда сөз құдіреттілігін сезінесің.            Осы орайда, қазақ эстрадасындағы жас буын өкілдерінің ән таңдауда қаншалықты сауатты екендіктеріне көз жеткізіп көрейік. Өздеріңізге белгілі халық арасында әнші, жас композитор ретінде танылып үлгерген Жанар Доғалованың орындауындағы «Кім үшін?» әніне зер салыңыздар.                Кім үшін, кім үшін айтшы соның бәрі?
Оу, кім үшін айтшы?
Кім үшін, жаным, айтшы маған!
Кім үшін, кім үшін, жаным, кім кінәлі?
Кім? Ол кім? Кім?
Аты бар ма оның? Аты бар ма оның?                                                         
     Осындағы «Кім үшін?» сөзі 4 минуттық өлеңде 28 рет қайталанады. Сондай-ақ, «Сүйемін деші»деген өлеңінде мынандай жолдар бар:  
          Ұзап кетпеші,
Жалғызбын өзіңсіз
Сүйемін деші,
Аймалап мені үнсіз
Сезімін саздың мұңымен
Ғашықпын  тәтті  тіліңе, жаным!
Әнім де өзің, мәнім де өзің
Тында мені, тында
Құштарымсың сен,
Құшағыма ен...                                                                                    
             Махаббат туралы ән. Бірақ, махаббат туралы ән болатындай осы әнде тұла бойыңды шым еткізер іңкәрлікті, тәтті сезімді жырлаған жолдарды байқай алмадық. Қазақ қызы ешқашан «Сүйемін деші» деп жалынбаған болар. Керісінше, жігітке деген сезімін сыр сандықта сақтай білген. Қазақ қызы ешқашан «Ғашықпын тәтті тіліңе, жаным», «Құшағыма ен» деп тәрбиеден аттап, көргенсіздік танытпаған. Жоғарыда аталған ән қазіргі эстрадамызда әттеген-айы көп мың әннің тек бір-екеуі ғана.                               Міне, осындай қарапайым нәрседен ақсап жатамыз. Сөз қолданысын жетік игеруі мәтін жазатын кез келген ақынға қойылатын талап. Осы мәселе турасында  белгілі ақын Аманхан Әлім өнер жанашырларымен болған бір сұқбатында: «Қазір ән айтатындар өздері сөз жазады. Музыкасын да жаза салады. Үйрек сияқты болғысы келеді. Суда жүзеді, құрлықта жүреді, аспанда ұшады», – дегені бар еді.                                                                 
   Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінінде «Ұялмаған әнші болады» деп өнерге салғырт қарамау керек деген ойға келдік. Киелі сахнаны мекен еткен әрбір жас талант пен талғамды жоғары дәрежеде ұштастыра білуі шарт. Міне, сонда ғана ән сынға, әнші ұятқа қалмайды.                                                                                                                                                
                                                               Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.   
25 қыркүйек 2018 ж. 1 815 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам