ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҰРЛЫҚҚА ШЕКТЕУ БАР МА?
«Амал не, қазір әдеби ұрлықты кәсіп етіп, «жазушы» атанып жүргендер аз емес. Мен оларды өздігінен аңға түсе алмайтын, көктегі қырандар мен жердегі жыртқыштардан қалған жемтікпен күн көретін қарақұстарға теңегенім бар». Бұл – халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің қазіргінің кейбір «қаламгерлеріне» берген бағасы.
Ия, шынымен де, өзгенің еңбегін оңай олжалап, атын шығарып жүргендер қатары бүгінде көп-ақ. Көптігі соншалықты кейбір пысықайлар бір сөзін де ауыстырмай қаз-қалпынша газет-журналдар мен әлеуметтік желілерде ұялмай жариялай береді. Ең болмаса, тонын теріс кигізіп, екі сөздің орнын ауыстыруға да құштар емес екенін байқадық. Соның салдарынан өнеріміз бен әдебиетімізде бір-бірінен егіз қозыдай айнымайтын дүниелер туып жатыр. Әр беріден соң, шығарма арасына бір өлеңді тілге тиек етіп жаза қалсақ, қай авторын көрсетуді білмей сасатын болдық. Поэзиядағы ұрлықты ысырып қойғанда, ел алдына күнде әнін айтып, биін билеп жүрген әншілер арасында бір-бірінің шығармашылық мүлкіне рұқсатсыз қол сұғып, соңында ұятты болып жүргендер баршылық. Өнер дейтін бір терінің пұшпағын илеп жүрсе де, сол ұрлықтың кесірінен бір-бірімен соттасып, қырықпышақ болып жатқандарын көк жәшіктен жиі куә болып жүрген жайымыз бар. Ал, әншілер мен композиторлар айналдырған жеті нотадан ұқсас әуен тууы заңдылық деген уәж айтады. Қазір ел аузында жүрген хит әндердің түбін қазып, біршама зерттесең, сол әнге деген құштарлығың су сепкендей басыла қалады. Себебі, көбісінің не сөзі, не әуені ұрланған болып шығады. Содан не керек, бұл ұқсастық па, әлде ұрлық па деген екіұшты ойға келесің. «Адам болған соң, ойланатын болған соң және бiр ортада, бiр мәдени-тарихи жағдайларда ғұмыр кешетiн болған соң бiреуге келген ой, идея екiншi бiреуге де келуi мүмкiн. Тiптi, әрi-берiден соң әлем әдебиетi, мәдениетi, сюжеттер, идеялар бүкiл адамзатқа ортақ, әрi бiрiнен-бiрiне көшiп жүретiнi де белгiлi» депті бір сөзінде сыншы Әлия Бөпежанова. Сыншының бұл пікірін әдебиеттің өзі дәлелдеп тұрғандай. Себебі, сонау жыраулар поэзиясында назирагөйшілік деген дәстүр жалғастығы бар екендігі мәлім. Кейбір идея мен ұйқас ұқсастығы немесе аракідік бірдей тіркестердің өлең арасында ұшырасуы орынды. Әрине, қазіргідей баспасөз құралдары мен әлеуметтік желілердің жоқ екендігін ескерсек, мұның тіпті де ұрлық болуы мүмкін емес. Бұл – әдеби заңдылық. Әдебиетте, жалпы өнер атаулыда «реминисценция» деген ұғым-түсінік бар екенін айтады әдебиетші қауымдар. Оны латын тілінен аударғанда «естелік, еске түсіру» деген мағынаны білдіреді. Ол – кешегі мен бүгінгі ақындардың поэтикалық байланысының бір көрінісі. Егер де кейбір образдар, сөз орамы, тіркес, бірдей сөздер мен сөйлемдер бір ақындардан ауысып, екінші ақындармен үндесіп жатса, ол ешқандай да көшіруге жатпайды. Оны шығармашылық тілде «реминисценция» дейді. Шығармашылық психология мен идея бірізділігі, алуан көріністердің біртектілігі, тарихи-табиғи оқиғалар бірлігі ақындардың бір-бірін қайталауына еркінен тыс әкеліп соқтыратындығын әдебиет өкілдері растайды. Сонда сөзі таусылған сорлы ақын деп бірін-бірі қаралап жатқан бүгінгі ақын-жазушыларымыздың әдебиет теориясынан хабары болмағаны ма, әлде авторлық құқықты алға тартып, шығын өтеу арқылы өзгеден жырған олжаның кері ме?
Рас, мемлекетімізде авторлық құқық қорғалған. Оған сай заң да бар. Егер шығармашылық мүлкіңізге өзге біреу рұқсатсыз қол сұқса, зиянның орнын толтырудың немесе табысты өндiрiп алудың орнына өтемақы мөлшерiн сот белгiлейдi. Десек те, бұл айыппұл шығармашылықта жиендік жасауға әзірше тұсау болып тұрған жоқ. Әрбір төл туынды әдебиетіміз бен өнеріміздің тарихында өзіндік өрнекпен әдемі мұра болып қалғаны шығармашыл жандар үшін салмақты сын. Себебі, өнер деген алаяқтық пен салғырттықты көтермейтін нәзік салаға сызат түсірмеу – үлкен жауапкершілік.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.