ҚАЗАҚСТАНДА ЖЫЛ САЙЫН КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАН 5 МЫҢ ҚЫЗ ЖҮКТІ БОЛЫП ҚАЛАДЫ
ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев жастар арасында өз-өзіне қол жұмсайтындар саны азайып келе жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Статистика бойынша әлемде жыл сайын 18 жасқа дейін ерте ана атанған 15 миллион қыз тіркеледі. Оның ішінде 40 пайыздан астамы түсік жасатады. Бізде жыл сайын осындай жағдайға 15-18 жас аралығындағы 5 мыңнан астам қыз тап болады», - деді министр елордадағы «Инвестиция - жастарға. Ешкімді тыс қалдырмайық» халықаралық конференциясында. Сонымен қатар, Дархан Кәлетаев әлемдегі және Қазақстандағы жастар арасындағы суицид мәселесіне тоқталды. «Дүниежүжілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жыл сайын 67 мыңға жуық жасөспірім өзіне зақым келтіру салдарынан көз жұмады. Суицид жасөспірімдер арасындағы өлім-жітім бойынша алдыңғы орындағы себептердің бірі болып отыр. Статистика комитетінің дерегіне сүйенсек, Қазақстанда 14-тен 28 жасқа дейінгілер арасында өз-өзіне қол жұмсау оқиғалары азайып келеді. Яғни 2015 жылдағы 970-тен 2017 жылы 818-ге дейін төмендеді. Дегенмен де бұл көрсеткіш әлі де жоғары», - деді ведомство басшысы. Министр бүгінде жастар мен олардың мүдделеріне мемлекет саясатында ерекше көңіл бөлініп тұрғанын атап өтті. Елімізде Жастар және отбасы істері жөніндегі комитеті жұмыс істеп жатыр, сондай-ақ барлық өңірлерде өкілетті меморгандар жасақталған. Екі күнге жалғасатын халықаралық конференция барысында жастарды қолдауға арналған ұсыныстар әзірленеді. Шараға 35 елден жүзден астам шетелдік мейман қатысуда. Қазақстан тарапынан Парламент Мәжілісінің депутаттары, орталық атқарушы органдардың басшылары, сарапшылар мен жастар ұйымдарының өкілдері атсалысып жатыр. Бұдан бұрын хабарланғандай, Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Елбасы Жолдауы аясында жастардың рөлін арттыруға жаңа серпін берілетінін атап өтті. Айта кетейік, Елбасы биылғы Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады.