Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ЖЕТІ КҮЛШЕНІҢ ҚАСИЕТІ...

ЖЕТІ КҮЛШЕНІҢ ҚАСИЕТІ...

     Қаладағы көшелердің бірінде келемін. Жұма күнгі бір сәт. Қарсы алдымнан қолында күлшесі бар апа шықты. «Қызым-ау, мына күлшеден ала қойшы» деп екі шелпегін қолыма ұстатты.
– Қабыл болсын, апа, – дедім.
Ол кісі менімен бірге аялдамаға дейін еріп келді. «Сенесің бе, күлше таратуға үйден біраз бұрын шығып едім. Әлі жүрмін, адам таппай. Үйінен ешкім шықпайды. Көшеде де жан баласы жоқ» деді апа. «Көбісі жұмыста болар. Өзіңіз осы қалада тұрасыз ба?» деп ол кісіні әңгімеге тарттым.
– Жаңа бір жайттың куәсі болдым. Көшеге бір келіншек шықты. Қолымдағы шелпекті  берсем, «Апа, мен жұмысқа асығып барамын. Оны салатын жерім жоқ» деп кетті де қалды. Қарбалас тірлігін желеу етіп бұлай еткені қалай? Адамның пейілі өзгеріп кеткен бе? деп іштегі шерін тарқата бастады. «Мен ауылдан келген едім. Балаларым қазір қалада тұрады. Оларға жиі келемін. Бұл жақтың тіршілігіне үйрене алмай-ақ қойдым. Көршімен де дұрыс араласпайды-ау, осы. Бәрі биік-биік етіп үй айналасын қоршап алған» деп ағынан жарылды ол кісі.
Қоғамдық көлігім келсе де, апамыздың жібергісі жоқ. Арасында келіп-кеткендерге қолындағы күлшесін таратып үлгеріп жатыр.
Өзін Зүбайра деп таныстырған апаның айтқан сөзінің жаны бар. Кезінде үйінен иіс шығарып, бауырсақ, күлше пісірген ақжаулықты әже, апаларымыздың алдынан өзіміз жүгіріп шығып, алуға асығып тұратын едік. Кейде қазаннан енді түскен бірнеше ыстық бауырсақтың ортасынан ағаш өткізіп, суытып жеп жүретін кездер болды.
Ал, бүгінде бәрі басқаша... Көрші-қолаңмен араласудың өзі мұң. Оған қоса күлше нан алып, үй-үйді аралап, тарату да сиреп барады. Мұндай келеңсіз көрініс көпқабатты тұрғын үй тұрғындары арасында жиі кездеседі. Ешкім есігін бірден аша бермейді.
Бір құрбым Астанаға қызметпен ауысып, орнығып алғаннан кейін жаңа әріптестеріне жеті күлше пісіріп алып барған екен. Сөйтсе, олар алмақ түгілі жұмыс орнында таратудың өзін ерсі санапты. Кейбірі неге таратып жүргенін сұраған көрінеді. Жаға ұстарлық көрініс. Себебі, қазақ бола тұра күлше нанды білмеген не сұмдық?..
Анам да күлшені жиі пісіреді. Жайсыз түс көрсе де бірден шелпек таратуды немесе садақа беруді ұмытқан емес. Әдетте, жеті нан бейсенбі, жұма күндері пісіріледі. Негізі, күнде тұрған ештеңе жоқ. Оны кез келген уақытта пісірсе болады. Әйткенмен, осы екі күні құран оқып, марқұм болған ағайын-туысты еске алады.
Біз салт-дәстүрді берік ұстанған халықпыз. Көнекөз қариялардың айтуынша, жеті шелпек пісіру үрдісі баяғыдан бар. Оның астарында әруақтың атынан елге ас беріп, сауабын өліге бағыштау түсінігі жатыр. Сонымен қатар, табиғат құбылысы мен олардың сырларын терең түсінген дана халқымыз 7 санын киелі деп ұққан. Бұл туралы халық арасына кеңінен тараған жеті қат көк, жеті жұлдыз, жеті ата, жеті қазына, аптаның жеті күні, жеті жыл, адам баласының жеті қабаты секілді ұғымдарды атауға болады.
Бұл үрдістің бүгінде қадір-қасиеті ұмытылып барады. Ас атаны – нанды кие тұтқан қазақ жеті күлше қасиетін ұмытпаса екен дейміз...
                                                                Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.
22 қазан 2018 ж. 4 934 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 422 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам