Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ТАРИХИ МАҢЫЗЫ БАР ескі ғимараттар келбетін қалай сақтап қаламыз?

ТАРИХИ МАҢЫЗЫ БАР ескі ғимараттар келбетін қалай сақтап қаламыз?

   Көз ұшында қалықтаған ақша бұлт­тармен таласқан көрікті ғимараттар қай қаланың болмасын ажарын ерекше аша түседі. Ал, бұл әсемдік өз кезегінде  қала абыройын асқақтатып, көше келбетін еселей түспек. Бізге жеткен көне жәдігерлерге сүйенсек, ежелгі елдердің билеушілері тарих жылнамасында мәңгілікке есімін өшірмес үшін әлемнің қайталанбас озық үлгідегі ғимараттарын салуды жөн санаған. Мәселен, олардың қатарында төрткүл дүниенің жеті кереметі саналатын – Тәж-Махал, Мысыр пирамидалары, Рим Коллизейі сондай мақсатта дүниеге келген сәулеттік туындылар. Қаншама гладиатордың қанына бөккен Коллизей Рим империясының мақтанышына айналса, өзге де елдерде орналасқан зәулім сарайлар билеушілердің айбынын асырып келді. Тіпті, кезінде Әмір-Темір салдырған түркі халқының рухани астанасы – Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи кесенесін де бұл тізімге қоспай өтуге болмас. Әлемнің нағыз тісқаққан шеберлерінің қолынан тұрғызылған нысан әлі күнге дейін тарихи әрі мәдени жәдігерлердің көшін бастап тұр.
         Жалпы, заманауи үлгідегі зәулім ғимараттар – қаланың келбеті, көркі болса, тарих қойнауынан сыр шертетін осындай көне сәулет үлгілері шаһардың жаны іспеттес. Қос ғасырлық тарихы бар Қызылорда шаһарында осыдан бірнеше жыл бұрын өткен заманның архитектурасынан көрініс беретін мұндай нысандар қатары біршама көп болғанымен, қазір өкінішке орай, олардың саны азайып қалғандығын жасырмаймыз.
         Зерттеушілердің айтуынша, Еуропа сәулет өнерінде сонау V-VII ғасырдағы тарихтан сыр шертетін ежелгі қалалардың өзіндік ерекшеліктері сақталып қалған көрінеді. Олар бізде ескі тарихи архитектурасын сақтаған мұндай нысандардың күн өткен сайын жоғалып бара жатқанын алға тартуда. Көненің көзіндей, тарихтың өзіндей болып бүгінге жеткен олардың әй-шайға қарамастан трактормен сүріліп тасталуы немесе сыртқы келбетінің толықтай өзгертіліп, жаңаша сипат алуы біздегі тарихқа деген көзқарас деңгейінің соншалықты төмендеп кеткендігі деп дабыл қағуда. Кинорежиссерлер де қазір ХІХ-ХХ ғасырдағы қазақ тарихы жайлы деректі фильм немесе қандай да бір тарихи дүние түсіргісі келсе, осындай олқылықтың салдарынан қиындықтардың кесе көлденең кедергі болып жататындығын сөз етуде.
         Ендеше, бүгінгі күн алдында бұрынғы көне дәуірден қалған тарихи ескерткіштер, жер астынан аршылып алынған көне қалалар, ескі қорымдардың сол қалпын сақтай отырып, заманауи технологияның көмегімен жаңғырту міндеті тұр. Ал, бізге ол кезге тән сол жәдігерлердің мұртын бұзбай сақтау – парыз. Қазіргі таңда облыс көлемінде 490-нан аса тарих және мәдениет ескерткіш мемлекет қорғауына алынған. Оның ішінде 21-і республикалық, 274-і жергілікті маңызы бар және 201 ескерткіш алдын-ала есепке алынған тарихи-мәдени мұра нысандарының тізіміне алынған. Ал, 2002 жылы ашылған облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының «Мәдениет», «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы» Заңдарын басшылыққа ала отырып, тарихи-мәдени сақтау, пайдалану, анықтау, зерттеу, насихаттау, ескерткіштер мәртебесін белгілеу, сондай-ақ, оларды құртып жою, қирату, бұрмалау, орынсыз өзгерістер енгізуден және тарихи орынынан алып тастаудан қорғауды қамтамасыз етіп отыр. Десе де, осы орайда айта кететін бір мәселе – қалалық бағдарламалар, әсіресе құрылыс өтетін жоспарларына сәйкес ескі ғимараттар "сносқа" кетуі мүмкін, немесе жекеменшікке өтіп, кеңселік, сауда үйі, я болмаса, түрлі бағыттағы нысанға айналып кетіп жатқандығы жасырын емес. Мұндай жағдайда ғимараттың аты ғана емес, заты да өзгеріске ұшырауда. Әсіресе, сыртқы келбеті мүлдем жаңаша кейіппен жаңаруда. Нарықтық бәсекеге икемделген заман талабы коммерциялық мүдделердің алғашқы орынға шығып кетуіне ықпал етуде. Нәтижесінде құнды маңызы бар ғимараттарды жылтыр, сапасыз дүниелерімен қаптап, безендіріп тарихи тұрпатын жоғалтып жатырмыз.
         – Өңірдегі ескерткіштерді есепке алу, сақтау және оларды қорғау бағытындағы жұмыстарды үйлестіру, нақты шешімдер шығару, жаңадан ескерткіштер мен мүсіндерді орнатуды ұйымдастыру мақсатында облыс басшылығымен аймақта жаңа ескерткіштерді орнатуды реттеу және тарихи-мәдени мұра обьектілерін тарих және мәдениет ескерткіштері деп тану, сондай-ақ оларды мәртебесінен айыру туралы қорытынды әзірлейтін облыстық комиссия жұмыс жасайды. Біздің мекеменің көздеген мақсаты да сол – ескі ғимараттарды қаз-қалпынша сақтап қалу, қорғау, – дейді облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Сапар Көзейбаев.
         Оның айтуынша, аталмыш бағыттағы ескі ғимараттар мен ескерткіштердің қатарында бүгінде 140 жылға жуық тарихы бар Айтбай мешіті, 1890 жылы салынған Христос Спаситель шіркеуі, 1905 жылы іргесі қаланған теміржол вокзалының ғимараты, қазіргі А. Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйі, облыстық әскери ғимараттың шақыру пункті, теміржол милициясы ғимараты, яғни, қазіргі Ақмешіт музейі сынды бірқатар нысандар бар.    
         Қаланың 200 жылдық тарихы сарапталған бір жиында қаланың бұрынғы әкімі Қожахмет Баймаханов меншік қатынастарын реформалаған жекешелендіру кезеңінде көптеген нысандардың жеке кәсіпкерлердің иелігіне өтіп кеткендігін баяндаған еді: "Мен қызметке келген жылдары қазіргі А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйі «Сайгун» атты жастардың көңіл көтеретін нағыз жынойнақ орны еді. Кәсіпкерге өтініш айтып, нысанды қайтадан мемлекет меншігіне алдық. Осылайша ғимарат жаңғыртылып, мәдениет үйі атауымен есігін қайта айқара ашты. Алдына Асқар Тоқмағамбетовтың бюсті орнатылды. Бүгінде бұл ғимарат мәдениет пен руханияттың қайнаған ордасына айналды" деген еді ол өз сөзінде. Осындай игі іске Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, белгілі суретші Рахым Шегебаев та азаматтық араша болған еді. Ағамыз көк түтіні будақтап айыр тістерімен қабырғаның көбесін сөгуге даяр тұрған экскаваторды райынан қайтарған бірден-бір жанашыр жан еді. Сан мың жылдық тарихы бар ғимараттың жермен жексен болуына шырылдап қарсы шыққан суретші сол кезде жарғақ құлағы жастыққа тимей, білдей бір облыста көркем-сурет галереясының жоқтығын тілге тиек етіп, аталмыш нысанды ең болмағанда келер ұрпаққа осындай мәдени азық болар кешен етіп қалдыру үшін табан тоздырған еді. Атпал азаматтың тілегі орындалып, нәтижесінде тарихи нысан бүгінде рухани байлықтың мекеніне айналып отыр.
         – Еліміздің маңызды әрі рухани қаласына биыл 200 жыл толды. 1818 жылы қаланы қоқандықтардың басып алғаны белгілі. Содан бергі қаланың көне ескерткіштерінен тек қана қазіргі КБИ мөлтек ауданына жақын жерде орналасқан Қарақожа батырдың бейіті қалды. 1853 жылы Ақмешітті орыс әскерлері иеленді. Осы кезде қалада Айтбай мешіті, орыс православ шіркеуі, училище, бекініс, су мұнаралары, монша салынды. Олар қазір сақталған. Ал, Перовск қаласында әйгілі кәсіпкер Алтын руынан шыққан бақуатты кісі, халық арасында "Қара Махан" атанған Махан Жиенбайұлының николай кірпішінен көтергізген 10-нан аса зәулім үйлер де болған. Десе де, олардың барлығы дерлік Тәуелсіздік кезінде бұзылып кетті. 1917 жылы Перовскіде Кеңес үкіметі орнатылды. Ол уақытта да тарихи үйлер  өте көп еді. Егемендік алғаннан кейін көптеген тарихи маңызы бар ғимараттар бұзылды. Жойылып кеткен ғимараттардың қатарында мемлекет қайраткерлер, ақын, жазушылар, Кеңес Одағы Батырлары, Халық әртістері тұрған үйлер бар еді. Бүгінде қаламызда ескі ғимараттар мен көне ескерткіштердің саны 20-ға жетіп жығылады, – дейді тарихшы Бақытжан Ахметбек.
         Қос ғасырлық шежіресі хатталған Қызылорда қаласы қазақ зиялыларының табаны тиген тарихи өлке. Дереккөздерге сүйенсек, ХІХ ғасырда мұнда 36 ғимарат бой көтеріпті. Соның бірі – қалалық училище. Қазір оған ескі базар маңындағы «Аль-Асад» сауда үйі орналасқан. Бұл ғимарат алғашында 1878 жылы әскерилердің балаларына арналған училище ретінде салынған. Шіркеу жанындағы барактарда офицерлер мен солдаттардың отбасы тұрғандықтан, оқу орны жақын жерге, яғни шіркеуге қарама-қарсы қоныс тепкен. Ал, базар жанындағы барак типтес үйлер 1990 жылға дейін ел игілігіне жарып, бүгінде олардың барлығы сүріліп тасталған. Аталған ғимараттардың бір құрылыс материалынан, яғни күйдірілген қыш­тан тұрғызылған. Бүгінде ғимарттың тарихын маңызын ескерген басшылық «Аль-Асад» сауда үйінің қабырғасына Алаш қозғалысының қайраткері Мұстафа Шоқай құрметіне ескерткіш тақта орнатты. Өйткені, көненің көзіндей сақталған бұл ғимаратта 1899-1902 жылдары бала Мұстафа білім алған.
         Сонымен қатар, қаладағы осындай қастерлі орталықтың бірі – «Айтбай» мешіті. Аталмыш нысан тек бұрыннан келе жатқан көне мекеннің бірі ғана емес, талай ғасыр тезінен жеткен тас қабырғалары өзіндік ерекшелікке тұнып тұр. Көк күмбезді үйдің бізге беймәлім құпиясы бар. Тарихшылардың айтуынша, мешітті сонау 1878 жылы Айтбай қажының қаржысына Әулиеата шеберлері – Ысқақ пен Камал салған. Күйдірілген қышпен өрнектелген. Төбесі қаңылтырмен жабылып, іші сыланып, әктелген. Ал, 1980 жылы «Қазақ жобалау қалпына келтіру» институты мешіттің толық жаңғырту жобасын қайта жасаған. Сондай-ақ, осы мешіттің ішінде құдық бары туралы да халық арасында әңгіме таралғанымен, оның рас-өтірігіне көп жұрт көз жеткізе алмай жүрген еді. Сөйтсек, әлгі құдық аталмыш нысанның төргі жағында орналасыпты. Сонда оның құпиялығының сыры неде? Тарихи өлкетанушылардың болжауынша, құдықтың артында жерасты жолы бар екен. Ол жол шіркеу мен казармаға апаратын көрінеді. Шіркеу де көне нысанның бірі саналса, казарма – дарияның бойында орналасқан бұрыннан келе жатқан әскери ғимарат. Бір қызығы, аталмыш жерасты жолына кез келген адам түсе алмаған көрінеді. Тек сол кездегі бай-көпестерге, шенді әскерлерге ғана рұқсат етіліпті. Қуантарлығы, осындай құнды сырды ішіне бүккен қасиетті иман үйі әлі күнге дейін өз ерекшелігін сақтап қалған.
         Ал, саясаттанушы Сәулет Сахиев көтеріліп отырған аталмыш тақырыптың орынды екенін тілге тиек ете отырып, облыс орталығымен қадым заманнан бірге жасап келе жатқан ескі ғимараттардың заман ағымына сай жаңарып отыруын заңдылық деп санайды. Десе де, оның түбегейлі бұзылып, өз мән-маңызын жойып алудың да зардаптарын жоққа шығармайды.   
 – Баршамызға белгілі өңірімізде тарихи маңызы бар ескі ғимараттар мен ескерткіштер бар. Соның ішінде облыс орталығында да бірнеше көне көздер баршылық. Алайда, түрлі себептермен олардың біршамасы бұзылып, орындарына басқа ғимараттар салынды. Менің ойымша, қаланың ортасында орналасқан ескі ғимараттар көп өмір сүре алмайды. Себебі, қала орталығы күн өткен сайын дамып, жаңа үлгідегі ғимараттарды талап етеді. Соған байланысты құрылған түрлі комиссияның қорытындысымен ескі ғимараттардың тағдыры шешіліп жатады. Бірақ, біз тарихымызды ұмытпауымыз қажет. Көптеген дамыған елдерде тарихи маңызы бар ғимараттар мен ескерткіштер мемлекет қарауында және оны ұқыпты ұстауда жергілікті халық та өз үлесін қосуда. Сол себепті біздегі мемлекет қарауындағы түрлі тарихи ғимараттар мен ескерткіштер мемлекет қарауында болғанымен оны ұқыпты ұстаудағы кейбір жергілікті тұрғындардың мәдениеті жетпей жататынын жасырмаймыз. Десе де, халықтың барлығына қара күйе жағуға болмайды, олардың арасындағы жаны ашымайтындардың іс-қимылынан, сол өңірдің тұрғындары кінәлі болады. "Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді" дегендей, біздің қоғамда әртүрлі адамдар өмір сүреді. Сол себепті тарихи маңызы бар құндылықтарымызда сақтауда, оларды дұрыс ұстауда тек жастарды емес орта буындағы адамдарды да тәрбиелеген жөн. Бұл ескерткіштер мен ғимараттарды тек мемлекет қана қарамау қажет, оны өзімізде қадағалап қарауымыз тиіс, – дейді ол.
Жалпы, қазіргі архитек­тор­лар «Ертеректе салын­ған ғимараттар қаланың бүгінгі кел­бетіне сай келе бермейді» дейді. Қазір құрылыс технология­сы жетілген соң қала көркін аша түсу мақсатында заманауи көзтартар нысандардың жиі бой көтеруі тиіс деген уәжді алға тартады. Бұл сөздің де жаны бар. Дегенмен,  сол заманның бел­гісі деп танылған ғимарат­тар­ды тарихи ескерткіш ретінде сақ­тап қалу – үлкен жауапгершілік. Яғни, аталмыш бағыттағы ғимараттар кім­нің меншігінде бол­са да, әрдайым мемлекеттің қорғауында тұруы тиіс. Оны бұ­зып, кескін-келбетін өзгертуге еш­кім­нің құ­қысы жоқ. Себебі, тарихи мүлік – ортақ мүдде, ортақ байлық. Жалпы, Сырдың бас шаһарының әрбір бұрышы тарих. Өйткені, мұнда қазақ ұлтының ел болып қалыптасуының бір кезеңі жатыр. Ендеше, өткен шежірелі тарихтың тәбәрігі іспеттес ескі әрі құнды дүниелерді әспеттеп, келер ұрпаққа дін аман жеткізу де әрбіріміз үшін – ортақ міндет.
                                                                         Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА
30 қазан 2018 ж. 2 671 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 445 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам