ОБЛЫС ӘКІМІ АРДАГЕР-ЖУРНАЛИСТКЕ АВТОКӨЛІК СЫЙЛАДЫ
Арал ауданында КСРО-ның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Шәкірат Дәрмағамбетовтің 90 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар өтті. Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Арал ауданына жұмыс сапары барысында салтанатты шараға қатысып, мерейтой иесін құттықтады.
«Сыр өлкесі арғы-бергі тарихымызда шығармашылықпен айналысатын талантты ақын-жазушылардан, жыршы, қаламгерлерден кенде емес. Солардың бірі - талантты туындыларымен-ақ тұғырлы тұлғаға айналған, қаламы қарымды, ойы алымды, журналистика саласында өзіндік қолтаңбасы, өшпестей ізі бар, ақпараттың абызы Шәкірат Дәрмағамбетов ағамыз. Соғыс басталғанда 12-13 жастар шамасындағы бала болса да, «Еңбек армиясына» кеткен әкесінің ау-құралына ие болып, теңізден балық аулады. Пединститутты бітіргеннен кейін мектепте, партия комитетінде және аудандық, облыстық газеттердің редакцияларында жұмыс істеді. Бүгінде ауданнан шыққан қаламгерлер, журналистер көшін тоқсанға келсе де тұғырдан түспеген Шәкірат ағамыз бастап тұр», - деді өңір басшысы.
Өңір журналистикасына көп жыл еңбек сіңірген Ш.Дәрмағамбетовке облыс әкімі «Нива» автокөлігінің кілтін табыстады. Сондай-ақ, ардагердің кеудесіне ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін тақты. Сондай-ақ мерейтой иесін әріптестері мен замандастары, Қазақ ССР-нің Балық шаруашылығы министрі болған Құдайберген Саржанов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кішкене Айбосынов құттықтады. Өз кезегінде Ш.Дәрмағамбетов әріптестеріне риясыз көңілдері үшін алғысын білдірді. Айта кетейік, Шәкірат Дәрмағанбетов 1950 жылы Қызылордадағы педагогикалық институттың тарих факультетін тәмамдағаннан кейін Оқу министрлігінен Гурьев (Атырау) облысына жұмысқа жолдама берілді. Атыраудан соң Арал ауданының Шөмішкөл, Октябрь, Қаратерең мектептерінде директор, колхозда партком хатшысы, аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінде нұсқаушы, 1960 жылдың ақпан айынан Арал аудандық «Социалистік Арал», Қазалы ауданында «Ленин туы» газеттерінде бөлім меңгерушісі және редактордың орынбасары қызметтерін атқарды. 1966 жылдың наурыз айынан бастап облыстық «Ленин жолы» газетінің Арал-Қазалы аудандарындағы меншікті тілшісі болады. Ол өз міндетін 25 жыл мінсіз атқарды.