Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » БАТЫР АНАНЫҢ АҚ ТІЛЕГІ

БАТЫР АНАНЫҢ АҚ ТІЛЕГІ

    Қазақта «Ананың тілегі алты молданың дұғасынан да күшті» деген бар. Расында да, сәбиі үшін отқа да, суға да түсуге даяр ата-ана мейірімі шексіз. Бұл мейірімнің құдіреті, жылулықтың күші талай қауіптен аман алып қалып, біраз қиындықтан қорғайды. Олардың мейірімі ыстыққа да, суыққа да төтеп бере алады.
Осындай мейірімге толы, ақжаулықты ана, әзиз әже, бейбіт күннің батыры кім деп ойларсыз? Әрине, халықтың демографиялық ахуалына үлес қосқан, елге күріш егіп еңбек еткен батыр аналарымыз баршылық. Расында да қарап отырсаңыз, қиын-қыстаулы кезеңде отбасына да, даладағы егістікке де үлгіріп, одан он баланы дүниеге әкеліп, аналық борышын атқара білген ақжаулықты аналар бүгінгінің нағыз батыры емес пе...
Соның бірі – қалаға қарасты Абай ауылындағы Абай көшесінің тұрғыны, батыр ана Нағима Аймағанбетова апамыз. Ауыл әрбір жанға ерекше әсер етері сөзсіз. Себебі, ақын да, жазушы да, батыр да ауылдан шыққан. Мұнда ауылдың қарадомалақтары көшеде асыра сала ойнап жүр. Үлкендері бір-бірімен амандық-саулық сұрасып тұр. Сырттан қарасаңыз, әдемі көрініс, кәдімгідей демалып қаласыз. Тіпті, көнекөз қариялардың әңгімесін айтсаңызшы... Тұнып тұрған кітаптай дерсіз.  Олардың айтқаны, көргені, басынан өткені бәрі біздер үшін үлкен өнеге болмақ.
Кейіпкеріміз 19 жасында тұрмыс құрды. «Келін болып түскен сәтімде енемді әже деп атап кеттім. Марқұм әжеммен 43 жыл бірге тұрдық» деп бастады сөздің басын. Нағима апамыздың Құдай қосқан өмірлік жары Қаппар Аймағанбетов білікті дәрігер болған. «Балалы үй – базар» демекші, бұл отбасында 15 бала дүниеге келді. Үшеуі ұл, он екісі қызбала, арасында егіздер де бар. Бір қызығы, өз балаларының кіндік әкесі Қаппар ата болыпты.
– Қазiр ойлап отырсам, өзiмнiң алаңсыз жұмыс істеуіме иманды болғыр енем көп еңбек сiңiрген екен. Себебі, он бес баланың тамағы, тәрбиесі, бәріне әжем қарайтын. Тіпті, олардың есімдеріне дейін өзі қоятын. Мен ешқашан араласқан емеспін. Баланың еңбекпен етене болуына да, үлкенге құрметпен, кiшiге iзетпен қарауына да сол әжем көп күш салыпты, – деп өткенін еске алды.
Бақытты отбасының ұрпақтары орта мектептен кейiнгi өмiр жолын анасының егiстiк алқабында еңбек етуден бастаған. Одан кейін жоғары білім алды. Бүгінде дүрсiл қаққан он бес жүрек сан түрлi маман иелерi атанып жүр. Олардың арасында әке жолын қуған дәрiгер мен бiлiктi ұстаз да, су маманы мен есепшi де, журналист пен тiгiншi де, аспазшы да бар. Кейде балалары балалық бал дәурендерiн сағынған шақтарында, әжелерi мен ата-анасының отырған қарашаңырақта бас қосып тұрады.
Әңгіме барысында үйдегі естелiк альбомды парақтадық. Мына бір суретте енесi, отағасы Қаппар мен өзi балаларымен дастарқан басында шүпiркелесіп, мәз болып отыр. Бәрiнiң де жүзiн шуақты күлкi арайландырып, риясыз пәк көңiлдерiн айғақтап тұрғандай. Ендi бiрiнде кейіпкеріміз облыс, аудан басшыларымен, сол кездегi еңбек озаттарымен бiрге салиқалы жиында бас қосқан. Тағы бiрiнде бiр топ әйелдер тынымсыз әрi таза еңбегiмен Еңбек Ері атанған Ұлбала Алтайбаеваны ортаға алыпты.
Ақ күріштің атасы Ыбырай Жақаевтың мектебінен жалықпай үйренген аяулы ана, еңбек ардагері Ұлбала апаның ізбасары болуды өз жауапкершілігі деп білген. Ақ маржанды егудің қыр-сырын меңгерген ол алғашқы 5 жылдықта 57, онан соң 75, одан кейінгі жылдары 90 центнерден өнім алған.
Иә, Жаратқан «Жан бергенге дән беремiн» деген асыл сөзiн жадында ұстаған Нағима апа өзi еңбек ете жүрiп, қыз-келiншектердi диқаншылыққа баулыды. Бiрнеше рет аудан чемпионы болды, II, III дәрежелi Еңбек Даңқы орденiнің иегерi атанды. Өз кезiнде күрiшшi, звено жетекшiсi болған ол аудандық, облыстық кеңестiң депутаты, партия пленумдары мен съездерiнiң делегаты болып сайланып қана қоймай, биiк мiнбеден аймақ мәселесiн көтере білген.
«Алтын алқа» иегерi баланы өзiнiкi емес, Алланың берген аманаты деп бiледі. Әрдайым аузынан тәубесiн тастамайды. Қазіргі күні ол немере мен шөбере сүйiп отырған бақытты ана, асыл әже, ардақты ардагер. Сонымен қатар, үнемі өз балаларымен қоса, туған елiнiң бақытын, татулығын тiлеп отырады. Елде тыныштық, молшылық орнап, көпбалалы базарлы үйлердiң молайғанын, әр отбасының берекесiн тасытатын ақжаулықты аналардың шын мәнiнде қазынаға айналғанын қалайды.
Алла өмiрге үш қыз әкелген ананың тiлегiн бередi деген сөз бар. Олай болса, біздің кейіпкеріміз он екi қыздың анасы екенiн ескерсек, алтын құрсақты ананың шынайы тiлегi қабыл болатынына сендік.
                                                                            Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.
11 қыркүйек 2018 ж. 1 933 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам