Мереке күндері қауіпсіздік мәселесі бақылауда болады
Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев отырысты ашып, жаңа жылдық мерекелерді қауіпсіз өткізуде лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін естеріне салды.
Жауапты мекемелер мен ұйымдардың басшылары мерекелік іс-шараларды өткізуге дайындық барысы жайлы баяндады.
"Жылыту маусымы өңірде тұрақты өтуде. Барлық 1166 әлеуметтік нысан мен 763 көпқабатты тұрғынүйге жылу беріліп, тиісті мекемелердің жұмысы – "Қызылорда ЖЭО" МКК, "КРЭК" АҚ, "ҚазТрансГаз Аймақ" және "Қызылорда су жүйесі" штаттық режимде жұмыс істеп тұр", - деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы М.Усаин.
Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Омар Бержановтың айтуынша, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп мерекелік іс-шараларды қауіпсіз өткізу бойынша барлық қажетті шаралар қолға алынды.
"Мереке күндері мәдени-көпшілік іс-шаралар өтетін облыстағы 408 әлеуметтік нысанға іс-шаралар жоспарына сәйкес қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету бойынша тексеру жүргізілді. Төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша облыстық комиссия эвакуациялық көшіру жолдарының жағдайын, алғашқы өрт сөндіру құралдарының жұмысқа жарамдылығын тексерді, қауіпсіздік шаралары туралы халықты алдын ала ақпараттандырды және мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлеріне нұсқау беріп, іс - шаралар өткізілетін орындарда жедел топтар құрылып, кезекшіліктер ұйымдастырылады", - деді О. Бержанов.
Отырысты қорытындылай келе, облыс әкімі комиссия мүшелеріне жаңа жылдық іс-шараларды қауіпсіз өткізуге жүз пайыз дайындықты қамтамасыз етуді тапсырды.