Балаға мейірім сыйла
Қаладағы №278 орта мектебінде БҰҰ балалар қорының бастамасымен балалар зорлық-зомбылығын алдын алуға бағытталған кездесу-семинар өтті.
Жыл басында бастау алған жоба Қызылордадан өзге еліміздің бес өңірін қамтыды. Жасөспірімдерге көрсетілетін қысымды тоқтату және оларды тәрбиелеу жолында ата-аналарды қолдау, дұрыс бағыт-бағдар беру мәселесін көздеген шара аталмыш жобаның "Есті! Сөйлес! Құшақта!" коммуникациялық науқаны аясында қолға алынды. Кездесуге ЮНИСЕФ ізгі ниет елшісі, шахматтан халықаралық гроссмейстер Динара Сәдуақасова арнайы келіп, аталмыш қордың балалар өмірі мен қоғамдағы орны туралы өз пікірімен бөлісті.
– Балаларды зорлық-зомбылықтан, күш көрсетуден қорғау мәселесі мен үшін таңсық емес. Себебі, мен бұл мәселені тікелей жолға қоятын жоба жұмысының үнемі басы-қасында келемін. Мұндай шаралардан түйгенім – баланың өз-өзіне сенімді болып өсуі үшін, ересек өмірде кез келген қиындық пен кедергілерді жеңуге қабілетті болуы үшін оны жақсы көру, қолдау маңызды. Сондықтан ата-аналар қауымының балаларымен етене жақын байланыста болып, жылы қарым-қатынас жасағаны жөн деп ойлаймын, – деді ол.
Айта кетейік, ЮНИСЕФ және Қазақстандағы адам құқықтары бойынша ұлттық орталық жүргізген зерттеу нәтижесінде еліміздегі ересектердің 39,5 пайызы балаларды тәртіпке тәрбиелеу мақсатында физикалық күш көрсетуді пайдаланған. Ал, 75 пайызы оларды жазалау ретінде зорлық-зомбылық жасау әдістерін қолдануды дұрыс деп тапса, тек 32,2 пайызы ғана бұл бағыттағы жөнсіз әрекеттерді түйткілді мәселе ретінде қабылдаған.
– "Мектепте зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған орай әрекет ету бағдарламасы" аймақтың жеті мектебінде пилоттық жоба ретінде енгізілді. Аталмыш білім беру мекемесінің директоры, оның тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, әлеуметтік педагог, психолог пен мектеп инспекторлары осы бағытта арнайы оқу курсынан өтті. Халықаралық ауқымда мектептегі осындай шиеленісті жағдайларды болдырмау жөніндегі озық тәжірибелер сыныпта және сыныптан тыс этикалық ережелердің жиынтығын белгілеу, үйрету және қолдау көрсету стратегияларынан тұрады, – дейді облыстық білім басқарамасының балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтік қорғау бөлімінің әдіскері Ләйлә Барахатқызы.
Сала маманының айтуынша, пилоттық режимде жұмыс жасаған мектептерде оқушылар арасында өзара кемсітушілік, қысым көрсету, бір-бірін сыйламаушылық әрекеті тыйылып, керісінше достық қарым-қатынасты берік ұстану секілді жағымды өзгерістер орын алған.
Биыл "Есті! Сөйлес! Құшақта!" коммуникациялық науқаны аясында еліміздегі ЮНИСЕФ өкілдігі республика шеңберінде бірқатар маңызды шаралардың ұйымдастырылуына бастама жасады. Ақтөбе, Маңғыстау облыстары мен Астана, Алматы қалаларында отбасылық футбол ойыны, дүниежүзілік әкелер мен балалар күнін мерекелеу, қоғамдық пікір көшбасшыларымен кездесу сынды бала санасының қалыпты жетілуіне ықпал ететін көптеген шараларға ұйытқы болды. Осылайша аталмыш қор дүние жүзінің 190 елінде аса қиын жағдайда қалған балалардың мінез-құлқын бейімдеуде жемісті жұмыс жасап келеді.
Семинар барысында ЮНИСЕФ Қазақстанмен байланыс жөніндегі маманы Динара Сәлиева аталмыш қордың бағыт-бағдарын жіті баяндап берді. Сондай-ақ, ЮНИСЕФ-тің еліміздегі ұлттық кеңесшісі, балалар мен отбасылық психолог Ирина Мацкевич ата-аналардың балалар тәрбиесіндегі басты қателігі мен артықшылығын психология тұрғысынан түсіндірді.
Шара соңы студенттер сарайында халықаралық гроссмейстер Динара Сәдуақасованың қатысуымен өткен шахматтан бір мезеттік ойын сеансына ұласты. Онда төрт дүркін әлем чемпионы облыстағы шахматқа қызығушылығы бар жас жеткіншектерге шеберлік сағатын өткізді.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.