Белкөл: Кәсіпкерлік қанат жайған кент
Қазіргі таңда түрлі деңгейдегі әкімдердің халық алдында есеп беру шаралары жүргізілуде. Мұндай есептік жиындар қалаға қарасты кент пен ауылдық округтерде де басталды.
Аталмыш бағыттағы кездесудің алғашқысы Белкөл кентінде өтіп, онда қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, кент әкімі Тастайбек Мұсабаев пен кенттің учаскелік полиция инспекторы Ақжігіт Бақтияр жергілікті тұрғындар алдында өткен жылды қорытындылады.
Жиында алдымен учаскелік полиция инспекторы Ақжігіт Бақтияр ауылдың қоғамдық тәртібі жайын сөз етті. Ол заң үстемдігінің берік орнауы қашанда басты назарда тұратынын қаперге сала отырып, кенттегі қоғамдық тәртіптің тұрақты екенін алға тартты. Полиция инспекторының айтуынша, жыл көлемінде тұрғындар тарапынан 126 арыз-шағым түсіп, олардың барлығына дерлік тиесілі заңды шешім қабылданған. Ал, профилактикалық есепте 60-тан аса азамат әртүрлі санатпен тіркелген. Деректерге сүйенсек, есепті кезеңде кент аумағында 30-ға тарта қылмыс дерегі орын алған. Дегенмен, жіті тергеу-зерттеу амалдары нәтижесінде 20-дан астам істің мән-жайы анықталған. Сондай-ақ, табиғатты қорғау мекемелері қызметкерлерімен бірлесіп заңсыз балық, аң аулау сынды әрекеттердің алдын алу бойынша шаралар тұрақты түрде іске асырылуда. Осындай тексеру, бақылау негізінде өткен жылға қарағанда мал ұрлығының 30 пайызға төмендегені байқалған.
Ал, тарих қойнауына енген ескі жылда атқарылған елеулі өзгерістер мен жаңа жылдағы байыпты бастамалар туралы кент әкімі Тастайбек Мұсабаев таныстырды. Облыс орталығынан 12 шақырым қашықтықта орналасқан Белкөл кентінің бүгінде әлеуеті артып, келешегі кемелдене түскен. Инфрақұрылым желілері жаңартылып, әлеуметтік жағдайды көтеруге бағытталған ілкімді істер өзінің жемісті нәтижесін беруде. Экономикалық белсенді халық саны жалпы тұрғындардың 52 пайызын құраса, оның ішінде 335 адам өзін-өзі еңбекпен қамтығандар қатарында. Кенттің былтыр жыл басында бекітілген бюджеті 106 млн. 252 мың теңгені құраса, жыл көлемінде бұл қаражат 1,8 есеге артқан. Нарықтық қатынас жағдайында кент экономикасын әртараптандыру және салық түсімін арттыру бағытында жоспарлы жұмыстар атқарылуда.
– Кент бойынша "Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы" аясында былтыр жеке кәсіпкерлер саны 117 жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 20,6 пайызға артты, – деген кент әкімі мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп, жеке кәсібіне жол ашқан тұрғындарды атап өтті. Расында, белкөлдіктердің кәсіпкерлік саласына деген қызығушылығы жыл сайын артып келетіндігі қуантады. Мәселен, "Қызылорда өңірлік инвестиция орталығы" микроқаржы ұйымы арқылы жеке кәсіпкер Аманкүл Бакулова наубайхана, дәріхана, шағын маркеті мен шаштаразы бар шағын кешен ашуға несие алған. Ал, кәсіпкер Қуаныш Алматовтың иелігіндегі монша, шаштараз, көлік жуу орны, кіші теннис спорт залы бар кешен құрылысы қарқынды жүргізілу үстінде.
Сондай-ақ, ауылшаруашылығын дамыту саласы бойынша да белкөлдіктер белсенділік танытуда. Мемлекеттік қолдаудың арқасында жеке шаруа қожалық ашып, тіршілік тынысын кеңейткендер қатары көп. Олардың ішінде "Абай" шаруа қожалығы бар. Кәсіпкерлік нысан өз қаражаты есебінен 32 млн. теңгені құрайтын кіші сүт зауытын іске қосты. Сонымен бірге, "Сыбаға" бағдарламасын жүзеге асыру бағытында "Бірқазан", "Аманкелді", "Дархан", "Маханов" және "Абай" шаруа қожалықтарына 3,1 млн. теңге көлемінде "Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытумен мал шаруашылығы өнімдерінің өнімділігін және сапасын арттыруға" субсидия берілді. Бұл өз кезегінде 30-дан астам азаматтың тұрақты еңбек көзімен қамтылуына ықпал етті.
– 2018 жылы кенттегі М.Есмаханов, Т.Әбуов, Зеленая көшесіне және 1 шақырымды құрайтын 3-Линия көшелеріне облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, олар асфальтталды. Биыл да бұл жұмыстар өз жалғасын табады, – деді Т.Мұсабаев.
Жиын соңында қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақта атқарылған ауқымды істерге тоқталды. Оның айтуынша, қала бюджеті жыл басында 42,1 млрд. теңге көлемінде бекітіліп, есептік жыл қорытындысымен 51 млрд. теңгеге жеткен. Бұл бюджет көрсеткішінің жыл басынан бері 21 пайызға ұлғайғанын көрсетеді. Межелі қаражаттың 41 пайызы – білім, 18 – құрылыс, 14 пайызы – коммуналдық шаруашылыққа негізделген. Сондай-ақ, 25 мыңнан астам шағын кәсіпкерлік нысаны тіркелген. Демек, бұл – тұтас облыс көлемінде нақты жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік нысандарының 48,8 пайызы осы қалаға тиесілі екендігін аңғартады.
– Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 6 млрд. теңгеден асып, бұрынғымен салыстырғанда 4 пайызға өсті. Шаруа қожалықтардың бірігуімен 27 ауыл шаруашылығы өндіріс кооперативі құрылды. Өткен жылдағы ең ауқымды шараның бірі – Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өттік. Жыл көлемінде барлығы 800-ден астам мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылса, оның 60-қа жуығы осы мерейтой құрметіне арналды, – деді Н.Нәлібаев.
Айта кетейік, осы күнге дейін кент тұрғындары үшін өзекті мәселеге айналған теміржол өткелінен өту мәселесіне қолайлы жағдай жасалмақ. Кездесу барысында қала әкімі теміржол бойында орналасқан халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында теміржол өткелінен жаяу жүргіншілерге арналған көпір құрылысының басталатындығы жөнінде қуанышты хабармен бөлісті. Бүгінде оның жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеуге облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алған. Биылғы жыл мұндағы жұртшылық үшін игілікке толы болмақ. Себебі, енді белкөлдік тұрғындарға жаңа амбулаторияда медициналық қызмет көрсетіледі деп күтілуде. Жаңа медициналық нысан құрылысына жекеменшік-әріптестік негізінде қаржы қаралып, нысан жыл соңына дейін ел иігілігіне пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Есептік кездесу соңында жергілікті жұртшылық жасалған жұмыстарға өз ризашылығын білдірді.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.