ЕТ ӨНІМДЕРІНЕ ЕРЕКШЕ ЫҚЫЛАС
Қызылорда қаласына қарасты кент және ауылдық округ әкімдерінің есеп беру кездесуі Қызылөзекте жалғасты. Жиынға қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, халық қалаулылары, сала басшылары және ауыл тұрғындары қатысты.
Есепті жиында учаскелік полиция инспекторы Нұрлыхан Рахменшеев өткен жылы атқарылған жұмыстар барысын таразылады. Қызылөзек және оған қарасты үш елді мекенде 208 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылған, 52 арыз-шағым қабылданып, әртүрлі шаралар жасалған.
Өткен жылы атқарылған іс-шаралар жайлы баяндаған ауыл әкімі Жасұлан Шынтасовтың айтуынша, округте 3415 адам, 635 отбасы тұрады. Өткен жылы ауылда жоспарлы түрде жүзеге асырылып келе жатқан «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» шеңберінде 118 еңбекпен қамтылған. Ауылда бүгінгі таңда 1462 адам тұрақты жұмыс жасайды.
Ауылда кәсіпкерлікті дамыту жүйелі жүргізілуде. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында құны 13,5 млн. теңге тұратын 3 жоба әзірленген. Олар – шаштараз, тойхана, көлік жөндеу орталығы.
Ауылдық округте мүйізді ірі қараның басы жыл санап өсіп келеді. Қазіргі таңда 3116 мүйізді ірі қара, 3319 бас қой мен ешкі, 695 бас жылқы, 383 бас түйе бар.
– «Ай-Ару» жеке кәсіпкерлігі ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан мал бордақылауға 3 млн. теңге несиеге қол жеткізді. Ол тұрғындардан мал сатып алу жолымен ет кәсібін қолға алды. Қазіргі таңда өз шаруасын дөңгелетіп отыр. Инвестор тарту арқылы ет және сүт өңдеу цехы іске қосылды. Цехты жеке кәсіпкер Марат Қожабеков аукцион арқылы жеңіп алды. Ол толық мүмкіндікте жұмыстар атқаруда, – деді Ж.Шынтасов.
Аталмыш цехқа «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында 24 млн. теңге алынып, мал сою алаңы іске қосылған. Бүгінде мал сою алаңы тәулігіне 1,5 тонна ет шығарады. Мұнда 12 адам тұрақты еңбекпен қамтылған. «Ақмар и К» ЖШС-нің ет және ет өнімдерін өңдеу орталығының өнімдері төмен бағамен нарыққа шығарылуда.
Сондай-ақ, тұрғындарды аяқ сумен қамту мәселесі де толықтай шешімін тапқан. Ол үшін бюджеттен қаржы бөлініп, «Айнакөл», «Гажданбек», «Ақ канал» каналдары тазартылған.
Былтыр есеп беру кезіндегі тұрғындар тарапынан көтерілген мәселенің бірі Қараөзек ауылындағы орталық бейітті қоршау еді. Бүгінде бұл мәселе шешімін тапты. Ол үшін қалалық бюджеттен 15 млн. теңге бөлінген. Жобаны «Құрылыс Бизнес и К» ЖШС жүргізген. Мердігер бейіттің айналасын қоршап, бұл мәселе толық шешімін тапқан.
Жиын соңында қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өткен жылы қалада атқарылған жұмыстарға тоқталды. Әкімнің есебін тындаған жұртшылық ұсыныс-пікірлерін білдіріп, көкейлерінде жүрген сауалдарын жолдады. Айтылған ұсыныс-пікірлер ретімен шешімін табатын болады.
Жарасхан ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ.