Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Қызылорда – бизнеске қолайлы қала

Қызылорда – бизнеске қолайлы қала

  Соңғы жылдары қала ерекше құлпырып, келбеті жаңарып-жасанып келеді. Таза көше, жаңғырған жол, әсем үйлер мен түрлі архитектуралық үлгімен салынған ғимараттар, заманауи ойын-сауық орталықтар – бәрі-бәрі алыстан көз тартады. Әсіресе, көктем-жаз айларында шаһар шырайы ерекше шырайлана түседі. Хош иісті гүлзар мен абатты аллеялар көңілге жайлылық сыйлайды. Бір қуантарлығы, мұндай оңтайлы өзгерістер мен толымды істер игілігін көруде тек қала орталығы ғана емес, шеткі аймақ та көлеңкеде қалмапты. Жаңарудың, өрлеудің өзгеше лебі еседі.    
         Айта кетейік, апта бойы қалаға қарасты ауылдық округтер мен кенттерде өткен әкімнің халық алдындағы есептік кездесуі облыс орталығында да жалғасын тапты. Жоғары аталған қаладағы тың серпілістерді шаһардың шеткері аймағы – Титов қыстақ ауданындағы М.Ералиева атындағы мәдениет үйіне келер жолда біз анық аңғардық.
         Жыл бойғы қол жеткен жетістіктер мен алдағы уақытта атқарылар жоспарлар туралы қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ел алдында кеңінен әңгімеледі. Өңірде Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған іс-шаралар жүзеге асырылып келеді. Оған елеулі өзгерістер мен жарқын бастамалар айқын дәлел. Әлеуметтік төлемдер мен жалақы көбейту, жаңа мемлекеттік бағдарламалар мен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру секілді маңызды істер жүйелі жүзеге асырылуда. Бүгінде Қызылорда өңір экономикасының барлық салаларындағы өрелі өзгерістердің алдыңғы шебінен көрініп, жаңа серпінге ие. Жаңашыл істермен көш бастап келеді. Қазақстан Республикасының 2011-2020 жылдарға арналған тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамыту бағдарламасына сай соңғы 6 жылда 130-дай көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өткен. Қазір қала тұрғындары жаңа заманға сай модернизациядан өткен, өжіресі таза, сырланған әдемі әрі қолайлы үйлерде өмір сүруде. Бір қуантарлығы, Қызылорданың халық санында тұрақты өсім байқалады. Осы ретте жер алу кезегінде тұрған азаматтарға тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін беру мақсатында жеке тұрғын үй секторының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту, жайластыру шаралары да кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Оған бүгінде республикалық бюджеттен 1,2 млрд. теңге қаржы бөлінген. Ал, халық санының артуы өз кезегінде құрылыс саласының қарқынды түрде дамуына түрткі болды. Соның нәтижесінде облыстағы жалпы құрылыс жұмысының 37 пайызы осы қалаға тиесілі болып отыр. Демек, бұл – қала қарқынды құрылыс алаңына айналды деген сөз.
     
    Былтыр Қызылорда – бизнеске қолайлы өңір мәртебесіне ие болды. Себебі, қазіргі таңда аймақта кәсіпкерлік саласы ерекше өркен жайып келеді. Мәселен, қызылордалықтар енді өз жерімізде өндірілген жейделер мен шұлықтарды тұтынуда. "Орда" шұлық цехы енді күнделікті жұмысқа қолданатын қолғаптар мен қаптар, сондай-ақ қыз-келіншектерге арналған колготки де шығармақ ниетте.
         Есеп беру барысында қала тұрғыны Айжан Желдербаева өзінің патронат ана екенін айтып, 10 жылдан бері мемлекет тарапынан берілетін үй кезегінде тұрған баласының баспанаға қашан қол жеткізетінін сұрады.
         – Қазіргі таңда 23 мыңдай азамат үй кезегінде тұр. Оның тізімі заң талаптары бойынша қатаң бақылау үстінде. Ешқандай да бармақ басты, көз қысты әрекетке жол жоқ. Осыдан 4-5 жыл бұрын кезекте 17 мың адам тұрған еді. Біз соңғы жылдары 8 мыңнан аса пәтер берілді. Әйткенмен, халықтың саны күннен-күнге көбейіп, сұраныстың артуына байланысты олардың да саны керісінше өсіп жатыр. Сондықтан тізімде тұрған азаматтарға үй кезең-кезеңімен беріледі, – деп жауап берді қала әкімі.
         Сондай-ақ, көлік саласының ардагері Жәнібек Нұрқышұлының "2006 жылы жер кезегіне тіркелгендер үшін жер телімі қашан беріледі?" деген сауалына шаһар басшысы осы мәселе төңірегінде тұрғындар тарапынан орын алған кейбір кемшілікті тілге тиек ете отырып жауап қатты.
         – Қазір жер кезегінде 53 мыңдай адам тұр. 2016 жылы жаңадан ашылған "Бәйтерек" мөлтекауданынан 6 мыңға жуық азаматқа жер телімін табыстадық. Осы тұста бір айта кетерлігі, сол аумақтар әлі күнге дейін игерілмей тұр. Өкінішке орай, шатыр көтеріп, тұрып жатқан тұрғындар саны санаулы-ақ. Ал, біз сол аймақ толық игерілмей тұрып, келесі әрекетке көше алмаймыз. Жер алып, әлі де пайдасына жаратып үлгермегендер үшін 3 жыл уақыт беріледі. Тиісті уақыттан соң мемлекет үйді қайта өзіне қайтарып, келесі кезекте тұрғандарға береді. Біз 2005 жылы тіркелгендерді толықтай қамтып болдық. Ендігі кезек 2006 жылы жасалған тізімге беріледі, – деді ол.
         Мұнан соң жиналған жұртшылық қаланың күн санап өркендеп келе жатқанын айтып, жүзеге асып жатқан бастамаларға оң көзқарас танытты.      Бұл облыс орталығында көптеген түйткілді дүниенің түйіні шешіліп, қат-қабат мәселелердің көбесі сөгіліп, елдің жоғы біртіндеп түгенделіп келе жатқандығын білдіретін тәрізді. Біз осыған қуандық.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
22 қаңтар 2019 ж. 1 221 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам