Кәсіптің көзін тапқан табысқа жетеді
Сыр өңірінде соңғы жылдары кәсіпкерлік саласына кеңінен қолдау көрсетіліп келеді. Бұл бағытта кәсіпкерлікті қолдау жылы жарияланды. Осының нәтижесінде шағын ісін бастап, оның несібесін көріп жүрген азаматтар бар. Мұндай көріністер Қызылорда қаласы мен оған қарасты ауылдық округтерде айқын аңғарылып отыр. Қала әкімінің орынбасары Бектас Нұриддинов бастаған топ бұл бағытта атқарылған жұмыстармен танысты.
Қаламызда жыл санап кәсіпкерлер қатары артып келеді. Мұндай мүмкіндіктер ауылдық жерлерде де қарастырылған. Алдымен Қызылөзек елді мекеніндегі Марат Қожабековтің шаруашылық жұмысына зер салдық. Ол кісінің өз жұмысын бастағанына біршама уақыт болды. «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында алынған 24 млн. теңгеге мал сою алаңы іске қосылған. Сондай-ақ, «Ауылшаруашылығы қаржылай қолдау қоры» арқылы 55 млн. теңге, жеке кәсіпкердің өз қаражаты есебінен 26 млн. теңгеге шұжық өндіретін цех іске қосылып, бүгінде өз өнімдерін тұрғындарға ұсынып отыр. Ал, мал сою алаңы тәулігіне 1,5 тонна ет шығарады. Мұнда 12 адам тұрақты еңбекпен қамтылған. «Ақмар және К» ЖШС ет және ет өнімдерін өңдеу орталығының өнімдері төмен бағамен нарыққа шығарылуда.
Келесі бағытымыз Талсуат ауылы болды. Мұнда кәсіпкерліктің бірнеше түрін кездестіруге болады. Айсұлу Боранбаева 2018 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы 4 млн. теңгеге наубайхана ашқан. Қазіргі таңда екі адамды еңбекпен қамтып отыр. Наубайханада күніне 300 бөлке нан шығарылып, дүкендерге 50 теңгеден таратылады.
– Бастапқыда қиын болды. Ауылдағы дүкендерді аралап, өз өнімімді ұсынуға тырыстым. Бір қап ұннан 150 бөлке нан шығарамыз. Оңай жерде жұмыс жоқ. Сондықтан үлкен кәсіп иесі болу үшін, мұндай қиындықтарға шыдау қажет. Мемлекет те жұмыссыз жандарға қолдау көрсетіп келеді. Осындай мүмкіндікті пайдалана білген жөн, – дейді ол.
Ал, жеке кәсіпкер Әлия Керейбаева өз қаражаты есебінен Талсуат ауылынан 12 млн. теңгеге монша ашып, тұрғындарға пайдасын тигізуді жөн көрген.
Сәрсенкүл Сүлейменова тігін цехын ашып, ауылына өз пайдасын тигізуде. Ол кісі отбасының әлеуметтік жағдайын жақсартуға және халыққа қызмет көрсетуге қолдау білдіріп отырған мемлекет саясатына дән риза.
– Қазіргі таңда көптеген адамдар жеке кәсіп ашуды ойлайды. Алайда, бизнестің қай түрін таңдарын білмей қиналады. Мемлекет тарапынан да көрсетіліп жатқан қолдауға арқа сүйеп, ештеңеден қорықпай, кәсіп ашуға болады. Жобам қолдау тауып, құрал-жабдықтар сатып алуға қаражат бөлінді. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 2,7 млн. теңге алдым. Сол арқылы өз кәсібімді бастадым, – деі ол. Қызылжарма ауылында да кәсіп ашып, өз нәпақасын тауып жүргендер қатары аз емес. Олардың да істері алға басуда. Мәселен, жергілікті тұрғыны Ғалымжан Бисенов өткен жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы арқылы» 3 млн. теңге алды. Оған Қазалы тәтті конфетін шығаратын цех ашып, өнімдерін қала тұрғындарына ұсынуда.
Ал, осы ауылдағы Қуаныш Дәуренбековтің бастаған ісі көңілге қуаныш ұялатады. Ол өзі туып өскен елді мекендегі жас өрендерге «Оқу орталығын» ашқанды жөн көреді.
– Оқу орталықты ашу үшін қаржы көзін іздедім. Бұл мақсатта мемлекет тарапынан түрлі қолдау бар. Мен «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы инновациялық жобаларға арналған байқауға қатысып, одан 500 мың теңге қайтарымсыз қаржыны алдым. Оған осы орталықты аштым. Мұнда 3 мұғалім сабақ беріп, 1 логопед қызмет көрсетеді, – деді Қ. Дәуренбеков.
Оқу орталығында бастауыш және жоғары сынып оқушыларына математика, ағылшын тілінен тереңдетілген математика, ағылшын тілі, ментальді арифметика сабақтары өткізіледі. Қазіргі таңда 70 оқушы білімін шыңдауда. Аптаның 6 күнінде сабақ өткізіледі. Оқу ақысы да қалтаға қонымды. Болашақта кәсіпкер IT паркте резидент болып, виртуалды оқыту жүйесін енгізуді жоспарлап отыр.
Кәсібінен нәсіп тапқан жандармен кездесу арқылы біраз жайтты бағдарлауға болады. Бастысы – ісің алға басуы үшін мамандардың бірлігі мен іскерлігі талап етіледі.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.