Біз кестенің шебері

– Мен ес білгелі анам қолөнермен айналысатын. Қашан көрсең, көрпе-жастық тігіп, тоқыма тоқушы еді. Әлі тігіп аяқтамаған жұмысын біздің қолымыз жетпейтін жерге қойып, үнемі қызғыштай сақтап жүретін. "Ит қорыған жерге өш" демекші баламыз ғой. Анамның көзін ала бере тоқыма-кестелерін алып, жіптерін бір-біріне байлап, соңында бүлдіріп қоятынмын. Мендегі қызығушылық осылай пайда болды. Балалы-шағалы болған соң, күндердің күнінде менің көзімдей көрсін деп осындай көркем дүниемен айналысуды жөн деп шештім, – дейді Қаншай әжей бізбен әңгімесінде.
Расында, көркем дүние десе, дегендей. Үйдің төрт қабырғасында Қаншай Әбдіраманның қолынан туған туындылар қаз-қатар самсап тұр. Қараған көздің жауын алады. Байқағанымыздай, кесте өнерінің шебері пейзаж көрінісін ерекше жаны сүйеді екен. Оның әрқайсысында кесте арқылы тұмса табиғаттың көзтартар сұлулығы жіппен өрнектеліпті. Бір қарағанда, әуелде оны майлы бояудың құдіретімен кенеп бетінде бедерленген кәдімгі сурет пе деген ойға келесің. Тек оған аяңдап жақындай түскенде ғана, әрбір нүктесіне дейін өте ұқыптылықпен тігілген кесте екенін аңғарасың.
Түстер үйлесімділігі, жібектей нәзік жіптердің өзара бір-біріне қабыса қалуы ақ мата бетіндегі бейнені одан әрі айшықтай түсіпті. Әппақ қар үстінде қонжығын құшырлана құшағына қысқан ақ аю, көк мұхитта көкке атылған қос акула, қызылды-жасылды желпіқұйрығын дөңгелете жайған әдемі тауыс құсы, құлынымен желдей ескен арғымақ бейнелері өте шебер әзірленгені соншалық қадалған жанарды еріксіз тоқтатып, көркемдік әлемін паш етіп тұрғандай. Әжейдің жіптер түсіне деген талғамы да ерекше. Құдды бір, сол жаратылысты өз көзіңмен тамашалап тұрғандай әсерде қалдырады. Себебі, ине жаншылған мұндағы әрбір нүктеде үлкен төзімділік, шыдамдылық пен асқан талант жатыр емес пе? Шебер бір отырғанда қозғалмастан 3-4 сағаттап тігуге бар. Бұл да бір оның өрелі өнерге деген шексіз іңкәрлігін аңғартып тұрса керек. Аталмыш өнерді ұршықша иірген кесте тігудің шебері дұрыс тігілмеген бір ғана жіптің өзі астарындағы сурет бейнесін ойдағыдай шығуына кері септігін тигізетінін айтады. Демек, бұл жұмыс тек шыдамдылықты ғана емес, аңғарымпаздықты, байқампаздықты да талап етеді.


Шындығында, көкбөрінің төсін емген ербаланың бейнесінен адам жанын елжіретер жанашырлық лебі бір қарағаннан-ақ жылылық сыйлайды. Бүгінде он саусағынан өнер тамған әжей аталмыш өнерді баға жетпес сыйдың ең қадірлісі деп біледі. Балаларына, құда-жекжаттарына да сый ретінде осындай төл туындысын ұсынғанды жөн көреді. Себебі, өнердің мәңгіге өміршең болып қалатынын ақ жаулықты кейуана әлдеқашан ұғынып қойғандай.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
Суреттерді түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.