Әжемнің оймағы
Ес білгелі әжем үнемі тігін тігумен айналысатыны есімде қалыпты. Қолы қалт етіп босай қалса, түйіншегін жазып жіберіп, көрпе көктейтін. Бір түйеге жүк болар қарағайдай текеметті бір өзі олай да былай өңгеріп, әп-сәтте-ақ жиек жіппен бастырып шығатын. Қалың мақпал көрпешелерге дейін осы ісмер әжемнің қолынан туған. Қолөнердің озық үлгісіндей болған бұл дүниелердің өте ұқыпты тігілгені соншалық ауылдағы қарашаңырақта әлі күнге дейін міні құрымастан кәдеге жарап тұр. Осыдан соң қағілез ғана келген жанның осыншалық қайраты мен шеберлігіне қалайша тәнті болмассың?
Ал, біз әжемнің жанынан бір елі тастамайтын сол бір түйіншегін ашып бір көруге құмар едік. Ол кісінің бүкіл тігін ісіне қажеттінің бәрі осында сақталғанын білсек те, әрбір балаға тән көрсеқызарлықпен әйтеуір қызықтап отыратынбыз. Әжем қызыл түйіншекті әкеліп шеше бастағаннан қанталапайға таласқандай біз де оны айнала қоршап жайғаса қалатын едік. Ондай кезде ол ақ сүп матаға түйілген кішкентай ғана түйіншекті дереу қоңыр сандық түбіне лақтыра салатын. Мұнысы ойын баласының қолында жүріп жоғалып кетер дегені болса керек. Ал, біз – баламыз ғой. Ештеңенің байыбына терең бара бермейміз.
Жылдар өте сол түйілген заттың не екенін білмей біз де бойжеттік, басынан кимешегі, қолынан ине-жібі түспеген әжем де бақилық сапарға аттанды. Кейін адам аяғы басылған соң, әжемнің аманаты бойынша анам қоңыр сандықты ашып, бар жиған-тергенін әулеттің келіндері мен қыздарына теңдей үлестіріп берді. Сандықтың аузы айқара ашылғаны сол, баяғы бала күннен көз алдымда қалған түюлі ақ мата жиһаз түбінде әлі де жатқанын аңғардым. Көзіме оттай басылды. Тек әппақ мата уақыт табымен сарғаяйын депті. Іші тола – оймақ. Иә, кәдімгі іс тігерде саусақты инеден қорғайтын оймақтың түр-түрі бар екен мұнда. Олардың арасында жұқа жез темірден, былғарыдан жасалған, тіпті, жүзікке баумен бекітіп қоятын түрлері де бар. Инені әрі қарай өткізуді жеңілдету және қолды жарақаттаудан қорғау үшін сұқ немесе ортаңғы саусаққа киілетін қарапайым ғана құралдың мұндай түрі бір қарағанда, әуелде қыз-келіншектердің зергерлік бұйымдарына қатты ұқсайды. Кезінде шебер әжеміз оймақты жоғалтып алмас үшін осылай сақинаға бекітіп қою әдісін пайдаланса керек.
– Бұл тігін құралдарын әжең кішкентай бала күнінен жинаған. Өзі де жастайынан тігінге құмар болып өскендіктен, осындай дүниелерді жинауды әдетке айналдырған. Мына бір ескілеуі өзінің анасынан қалса, қалғандарын сыйға алған. Солай-солай жиналған. Қазіргі тілмен айтқанда жеке коллекционерлік істің бір түрі ғой. Көзі тірісінде осыларды маған аманаттап кеткен еді. Үйдегі киіз, текемет, қалың көрпенің барлығын әжең осы оймақтың көмегімен тігіп шықты. Қанша іс тігіп, ине қадап жатса да, ол кісінің саусақтары сүйріктей әдемі еді. Оның сыры осы оймақта жатса керек, – деді анам.
Осылайша біз үшін ғазиз жанның аманатын орындаған ол "Әжеңнің көзіндей көр" деп әлгі он оймақтың бірін маған да ұсынған еді. Күнде іс тігіп, ине сабақтап жатпаған соң мен де оны матаға орап, сандығымның түбіне тастағанмын. Аракідік бір сүртіп, орнына қайта қоятыным бар. Ондай кезде бізден қызғыштай қоритын әжемнің баяғы қылықтары кеше болғандай қаз-қалпынша көз алдыма келеді.
Сірә, естелік деген дүниенің өзі де осынысымен құнды екен ғой. "Көзіндей көр" деген екі ауыз сөздің де мәнісін енді ұғынып жүргендеймін. Саусақ басындай ғана кіп-кішкентай сол бір жез темір бедерінде балалық шақтың тәтті естеліктері жазулы қалғандай. Сондай қымбат...
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.