Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Сырнайлы сыңғыр сырғасы

Сырнайлы сыңғыр сырғасы

   Ұмытпасам, ол кезде 4-5 жаста болуым керек. Әйтеуір, мектеп табалдырығын әлі аттамаған кезім. Қыз бала өзі кішкентайынан қашанда әсемдікке құмар келеді ғой. Үйдегі әпкемнің құлағынан жылтыраған сырғаны көріп қалып, аяқ астынан "мен де құлағымды тесемін!" деп қиғылықты салғаным әлі есімде. Анамның әбден мазасын алсам керек, түс ауа құлақ тесетін көрші келіншектің үйіне жетектеп апарды. Сөйтті де "Ине қолдана бер, тарымен тесуге шыдай қоймас" деді де, маған кері бұрылып: "Ғанижамал тәтең қазір лезде-ақ әдемі сырға тағып береді. Кішкене шыда, қызым" деді. Ине деген сөзді естіген бойда-ақ зәрем зәр түбіне жеткенімен, кінә өзімнен екенін сезіп, үнсіз намысқа тырыстым. Мүмкін, райымнан қайтсам ба екен деген ойға да беріліп қоямын. Бір жағынан, анамның қолындағы кішкентай ғана жалт-жұлт еткен сырғаны көзім ішіп-жеп барады. Содан не керек, бас-аяғы 10-15 минуттың ішінде "сырғалы қыз" атандым. Әуелі екі құлағым дыз етіп, қыстың күні далада қалғандай қып-қызыл күйге енді. Артынша ыстық жалыннын алдында тұрғандай ерекше дуылдап ыси бастады. Қолымды құлағыма қарай апаруға қорқып, жанаярлықпен айнаға ғана қараймын. Қос сырға жараса қалған сияқты.
         Үлкен іс тындырғандай өз-өзімді мақтаныш сезімі кернеп, айнаға кезек-кезек қарап, күлімдеп қоямын. Неге екенін қайдам, құлағымды біреу жұлып әкетердей көпке дейін қос қолыммен көлегейледім де жүрдім. Үйге келген соң анам маған сырға көрімдігіме су жаңа бүрмелі етекті көйлек кигізіп: "Қызым, сен енді сырғалы үлкен қыз болдың. Балалық пен шалалықты қоясың. Бұл – бойжетудің алды деген сөз. Ақылды бол" деп маңдайымнан сүйді. Сол кезден бастап мен өзімді шынымен де бойжетіп қалғандай сезіндім. Бір қызығы, бар-жоғы 5 жасты енді ғана толтырған бүлдіршін болсам да, осының бәрі менің санамда әлі күнге дейін қаз-қалпынша сақталып қалыпты.
         Халқымызда қыз баланың құлағын тесу үлкен жауапты іспен тең. Құлағында сыңғырлаған сырғасы мен шашбауының қоңыраулы үні қатар тоғысқан бойжеткен қай заманда да ерекше сұлулығымен, ерекше әдемілігімен көзге түскен. Шабыт дариясының музасына айналған оларға талай ақын жырдан жаһар тізіп, "Сырғалым" деп өлең арнаған. Сазгерлер нотаны мың құбылтып, әсем әуенге қосқан. Ал, шындығына келгенде осы құлақ тесудің түп-тамырында жәй ғана әсемдік емес, үлкен тәрбие жатқанын біреу білсе, біреуге әлі де беймәлім.
         Жалпы, ықылым заманнан қалыптасқан салт-дәстүрге сүйенсек, қазақта қыз баланың өміріндегі айтулы күн ретінде оның орны айрықша. Тоғыз жасты балиғатқа толған кез деп айтады екен, ал жеті – қазақ үшін қасиетті санның бірі. Ертеректе ақылман аналарымыз қыздың құлағын көп жағдайда тек жеті жасынан бастап тескен көрінеді. Тұлымшағы желбіреген кішкентай қыз бұған дейін қуыршақ ойнаса, құлағы тесілгеннен кейін оның мінез-құлқы бірден өзгереді деген сенім қалыптасқан. Осыдан бастап "Сен енді сырғалы қыз болдың", "Сырға таққан соң қыз санатына қосылдың, енді саған қуыршақ ойнау жараспайды" деп оның құлағына жайлап сіңіре бастаған. Бұдан былай ол қуыршақ орнына қолына кесте алып, тоқыма бұйымдардын тігумен айналысқан. Демек, бұл өз кезегінде қыз баланы болашақта келін болуға дайындаудың алғашқы баспалдағы деп айтуға болады. Яғни, қыз баланы ісмерлікке, шеберлікке үйретудің басы. Осыдан кейін ол біртіндеп үй тірлігіне араласа бастайды. Қазақтың ибалы келінінің символына айналған Зейнеп Ахметова кезінде дәл осы тақырып төңірегіндегі кейбір мәселелерді жіпке тізгендей әдемі жеткізген.
         – Құлаққа сырға салуды қазір сән деп қана түсінеді. Түбінде олай емес. Қыз ол күнді асыға күтеді. Уақыты келгенде қыздың әпкелері, тәтелері, апалары жиналып "сырға той" жасайды. Оның басына үкілі тақия кигізеді. Осыдан бастап қыздар өзін басқаша сезінген. "Қызды қырық үйден тыю" деген ұғым бар. Ол осы "сырға тағу" рәсімінен кейін басталады, – дейді аталмыш рәсімнің ұлт тәрбиесіндегі орнын айшықтап.
         Бұрын дала медицинасын жетік меңгерген, қолы жеңіл апаларымыз құлақ тесерде кәдімгі тарыны қолдан көрінеді. Кейбір ауылдық жерлерде бұл әдісті әлі де қолданатындар бар. Ол үшін алдымен сырғалығының екі жағынан екі тарыны сәйкестендіре қойып, жанын кетіре уқалайды. Содан кейін ғана отқа қыздырылып, әбден тазаланған инемен тескен.
         – Әр нәрсенің емдік қасиеті мен зиянын бес саусақтай жатқа білген бабаларымыз бұрын құлақты тескен соң бірден сырға салмай, иттің жүнінен ширатылған жіпті өткізіп қоятын көрінеді. Себебі, ата-бабаларымыз бір жағынан, итті "жеті қазынаның" бірі санаса, екіншіден, ит жүнінің емдік қасиетін сол заманда-ақ ұғына біліпті. Мен де үш қызымның құлағын тестірген соң осы әдісті пайдаландым. Есесіне, әдетте сырға таққандай біресе ісіп, біресе іріңдеп әуреге салмады. Иттің жүнінен жасалған жіпті күн сайын жылжытып, қозғап отырдым. Осылайша екі-үш күннің айналасында-ақ құлағы жазылып кетті. Баланы жастайынан алтын мен жалт-жұлт еткен дүниеге еліктіріп не керек? Оны бойжеткен соң да тағып үлгереді, – дейді Гүлсара Смағұлова.
         Расында, бұрын әжелеріміз немересінің құлағына күмістен соғылған сырғаны әбден жазылған соң ғана салғанды жөн көрген. Себебі, күміс – өте таза әрі емдік қасиеті мол металл. Күміс сырға таққан баланың құлағы ешқашан асқынып кетпеген, ауырмаған әрі құлақ күміске үйренген соң, алтынға да тез бейімделеді екен. Ендеше, қыз баланың құлағын тесіп, оны болашақ келіндік өмірге бейімдеуде, тәрбиелеуде құлақ тесудің де орны айрықша екенін біліп жүргеніміз абзал.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
26 ақпан 2019 ж. 1 160 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
2425262728 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 450 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам