Мейірім төгілген күн
Тыныс-тіршілігімізге нәр берген күн шұғылалы көктем келді. Бұл табиғаттың жаңаруы, жаңа өмірдің бастауы. Жер-дүниенің тоңазыған денесін жібіткен мезгілдің алғашқы күнінде соңғы жылдары тамыры тереңде жатқан Алғыс айту күні ерекше тойланады. Расында, жаныңдағы жақсы жандарға ризашылық білдірудің маңызы өте зор. Қазақта «Қарғыс алма, алғыс ал» деген сөз бар. Біреудің шынайы алғысына бөлену адамға үлкен рухани әсер береді. Алғыс білдіру арқылы адамдар арасындағы өзара құрметі аңғарылады. «Ел алғысын алсаң елеулісі боларсың» деп аталарымыз ұрпағына үнемі осындай ізгілікті өсиет еткен. Бұл адамның адамға деген шынайы ниетін білдіреді. Бабалардан қалған бұл үрдіс бүгінде өз жалғасын табуда.
2016 жылдың 14 қаңтарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні – 1 наурызды Алғыс айту күні етіп жариялағаны белгілі. «Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күн, яғни 1 наурызды жыл сайын барлық этностың бір-біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Бұл күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді», – деген болатын Елбасы.
Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылу күнімен тұспа-тұс келген бұл мерекенің біздің қоғамдық-саяси өміріміздегі орны ерекше. Ол тарихтан сыр шертетін тағылымды мереке ретінде бағаланады. Қазіргі таңда елімізде сан түрлі ұлттар мен ұлыстар тату-тәтті өмір сүруде. Ең алдымен, атаулы күн елімізде тыныштық пен үндестік, сенімділік пен құрметтің орнығуына негіз болған бейбітшілік пен келісімнің мерекесі ретінде бағаланады. Ол Тәуелсіз Қазақстан құру жолында аянбай тер төккен ел азаматтарының бір-біріне құрмет көрсетуі болып табылады. Кешегі қилы заманда қазақ халқы тағдырдың жазуымен елге келген өзге этнос өкілдеріне құшағын кең жайып, бауырына тартты, бір үзім нанымен бөлісті. Өздерінің тұрмыстық жағдайы оңып тұрмаса да қазақ отбасылары оларды үйіне кіргізіп, қамқорлық танытты. Сол бір сүреңсіз жылдарда Қазақстанға Беларусь, Ресей және Украинадан 1,1 миллион адам қоныс аударды. Ал 1930 жылдары ұжымдастыру барысында 250 мың шаруа жер аударылып, тағы 1,2 миллионға тарта адам өнеркәсіп нысандарын тұрғызуға келген. Олардың бәрі Қазақстанда орнығып, қиын кезеңді қазақ халқымен бірге еңсерді. Сондықтан елдегі мерекелер қатарының Алғыс айту күнімен толығуы игілікті іс болды.
Бұл күннің астарында қазақ халқының бауырмалдығы мен мейірімділігіне ризашылық білдіру жатыр. Сондай-ақ, бір ел, бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан ұлт пен ұлысты ұйыстырып, татулықты одан әрі бекіте түсті. Бабаларымыздың кең, ақжарқын пейілінің арқасында жерімізді мекендеген этнос өкілдері оларға әрқашан алғыс айтып жүрері сөзсіз. Жалпы, «Жақсы сөз жан семіртеді» демекші бір-біріне ризашылық білдіру – қанымызда ежелден бар қасиет. Сондықтан да кішіпейілдік танытып, ізгі ниетін жеткізу мұсылманға парыз. Себебі, текті халқымыздың бойынан адамға деген мейірімдік ықыласы әрқашан табылады.
Әлемде мұндай мерекелі күндер бар. Бірақ әр ел аталған мейрамды әр кезде тойлайды. Олардың ортақ мүддесі – береке мен бірлік, адамдардың бір-біріне деген құрметі, ризалық сезімі. Ризалық сезімін білдіру күні әлемде ең әуелі ағылшындардан бастау алған. АҚШ және Канада халықтары қараша айының әрбір төртінші бейсенбісінде рақмет айту күні деп атап өтеді. Дегенмен күннің халықаралық дәрежесі жоқ. Мереке алғашында 1621 жылы ағылшындық колонистердің бастамасымен тойланды. Осы жылы қыс қиын болып, адамдар аштыққа ұшырағандықтан губернатор Уильям Брэдфорд қарамағындағы адамдардың көңіл-күйін көтеру үшін Алғыс айту күнін белгілейді. Оның шынайы ниетін қабылдаған халық қаһарлы қыстан аман-есен шыққандарына қуанады. Бұл мереке тек дастарқан жайып, тамақ ішу емес, жүректегі жылы сезімді ризашылық арқылы жеткізу шарасы ретінде тойланды. Кейіннен, 1789 жылы Джордж Вашингтон Рақмет айту күнін ұлттық мереке деп жариялайды. Осы күні отбасы мүшелері дастарқан басына жиналып, туыстарына жақсылық жасауға асығады. Жақындарын қуанту үшін түрлі тосын сыйлар жасайды.
Алғыс айту дәстүрлі қазақтың болмысына сай келеді. Дана халқымыз ежелден жабырқағанның жасын сүртті, сүрінгенді қолтығынан демеді,жығылғанның жанынан табылды. «Жақсылық – бұл, кереңнің ести алатын, соқырдың көре алатын дүниесі» деп Марк Твен айтқандай, адамға жақсылық жасау, жақсы нәрсе тілеу адамдықтың белгісі.
Көптеген адамдар материалдық жағынан толық қамтамасыз етілген болса да, алғыс айта білмегені үшін рухани кедей болып қалып жатады. Сол үшін де бір-бірімізге құрметпен қарап жүргеннің артығы жоқ. Мейірімі төгілген осынау шуақты мереке күні өткенге ризашылық білдіріп, болашаққа сеніммен қадам басайық! Бейбіт елде тұрып, аман-есен өмір сүріп жатқанымызға шүкіршілік етіп, «Рақмет» деген сөзді айта жүрейік. Ал «Рақмет» сөзі «Маған жасаған жақсылығы үшін сол адамға рақым ете көр» – дегенді білдіреді екен.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.