Сенаторлар әлеуметтік мәселелерді саралады
Сыр еліне жұмыс сапарымен келген Парламент Сенатының депутаттары Мұрат Бақтиярұлы мен Еламан Бекмырзаев Арал ауданының тұрғындарымен жүздесті. Аудандық мәдениет үйінде өткен шарада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының ХVІІІ съезіндегі нақты тапсырмалары тақырыпқа арқау болды.
Жиынды ашқан аудан әкімі Мұхтар Оразбев құрылғанына 20 жыл толған «Нұр Отан» партиясының бүгінгі таңда ең ірі саяси ұйымға айналғанын тілге тиек етіп, өкілетті биліктің заң шығарудағы орны айшықты екенін алға тартты.
Сенатор Еламан Бекмырзаев әлеуметтің әлеуетін көтерудегі оң бастамаларға кеңінен тоқталды.
–Бақуатты қоғам. Бұл – елдің ертеңін еңселі ету жолындағы басты қадамдардың бірі болып табылады. Аты айтып тұрғандай, Мемлекет басшысы негізге алған 10 мақсат барша қазақстандықтарды кемел келешекке бастаудың бірден-бір жолы екені ақиқат. Біз тәуелсіздікті тұғырлы ету жолында қаншама белестерді артқа тастадық. Рас, бәрі жақсы деп айтуға әлі ерте. Мәселелер де бар. Алайда, соны шешудің жолдары ешқашан күн тәртібінен түскен емес, – деді ол.
Мұдан кейін Мұрат Бақтиярұлы заңдардағы бірқатар өзгерістерді көпшілік назарына ұсынып, Президенттің пәрменімен көпбалалы аналардың жәрдемақысын өсіру, мұғалімдердің жалақысын арттыру, ауылдардың көкжиегін кеңейту және басқа да жарқын істердің қолға алынатынын атап өтті. Яғни, ол еліміздің бас партиясында қаралған міндеттері мемлекеттің алдағы онжылдықтағы даму барысын айқындайтынына басымдық берді.
Қала тұрғыны Қазыбек Аяпов балаға төленетін жәрдемақы төңірегінде көкейтесті сауалын қойып, әрбір шаңырақтың жай-күйімен танысатын арнайы комиссия жасақталуы қажеттігін айтты. Ал зейнеткер Аманжол Жолмағамбетов те осы сауал төңірегінде тұрғындар тарапынан әлі де түсінбестік бар екенін ортаға салды.
Жиынды қорытындылаған аудан басшысы Сенат депутаттарының аралдық сайлаушылармен жүздесуін жақсылықтың нышанына балап, алдағы уақытта халық қалаулыларының жастар арасындағы жұмыссыздықты жоюға, еліміздегі инфрақұрылымды жақсартуға, әлеуметтік мәселелерді шешуге үлестерін қосатынына сенім білдірді.