Еңбек еткенге бақыт басын иеді

Аталмыш кәсіпке нарық тарапынан сұраныс еш уақытта да бәсеңсімесі анық. Себебі, нан өніміне тұтынушылар тарапынан сұраныс қашан да жоғары. Қарлығаш күнделікті әзірленген өнімін қайда өткіземін деп бас қатырып жатпайды. Оның тұрақты сатып алушылары бар. Өндірістің көлемі шағын болғанымен, сапаның сақталуы – әрдайым бақылауда. Біз барған кезімізде буы бұрқыраған нанды пісіруге кіріскен наубайханашы өз жұмысының қиындығы мен қызығын таразылап айтып берді.
– Біз күні бойы нанды газ пешіне пісіріп, уақытында дүкендерге жөнелтіп отырамыз. Әр нанның салмағы 500 грамды құрайды. Бір мезетте газ пешінде 80-ге жуық нан пісіріледі. Ал, тәулігіне 300-ге дейін бөлке нанға екі қап ұнды жаратамыз. Түнде қамырды илеп, бастырып қоямыз. Азанымен көмілген нанның алғашқы бөлігі ауыл дүкендерінің сөресінен табылады, – дейді ол.
Кәсіпкер алдағы уақытта осы саланы кеңейтіп, басқа да өнімдер шығаруды жоспарлауда.
– Бастапқыда қиын болды. Ауылдағы дүкендерді аралап, өз өнімімді ұсынуға тырыстым. Бір қап ұннан 150 бөлке нан шығарамыз. Оңай жерде жұмыс жоқ. Сондықтан үлкен кәсіп иесі болу үшін, мұндай қиындықтарға шыдау қажет. Мемлекет те жұмыссыз жандарға қолдау көрсетіп келеді. Осындай мүмкіндікті пайдалана білген жөн, Шағын кәсіпті сәтті жүргізу үшін күнделікті тынбай еңбектену қажет. Бұған қоса, үнемі ізденіс үстінде жүріп білім алып, кәсіби деңгейін арттыруға ұмтылмаса барлығы зая кетеді. Нан пісіруді бала кезімнен анамнан көріп, қолғабыс беріп өскендіктен аса қиналмадым. Бөлке наннан басқа түрлі тәттілерге тапсырыстар түседі. Тәттілерді өз алдына үйреніп, кәсібімді кеңейтемін. «Адамды көркейтетін – еңбек» дегенді естен шығарған емеспін. Аянбай еңбек етіп келемін. Тұрмысым да берекелі, – дейді ол.
Бүгінде қарамағында 2 адам жұмыс істейді. Наубайханада күніне 300 бөлке нан шығарылып, дүкендерге 50 теңгеден таратылады. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын оған ауыл тұрғындары да ризашылығын білдіруде.
Қарлығаштың арманы асқақ, алдында үлкен мақсаттары бар. Нақтырақ айтқанда, ілкімді істі одан әрмен қарай ілгерілетіп, ауыл тұрғындарын тұтастай нан өнімдерімен қамтамасыз етуге қол жеткізуді қалайды. Жас кәсіпкер жарқын істерімен қазірдің өзінде көпке үлгі, елге сыйлы. Иә, көп еңбек еткенге бақыт та басын иеді.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.