Инклюзивті білім – мүмкіндіктер алаңы

Расында, ол мүмкіндігі шектеулі балалардың қатарынан қалмай, білім алуына, тәрбиеленуіне мүмкіндік береді. Батыс елдерінде жүзеге асырылып келе жатқан аталмыш жүйе оң нәтижесін көрсеткен. Зерттеушілер денсаулығында кінәраты бар жеткіншекпен бір сыныпта қатар отырған оқушының мейірімді, қайырымды болып өсетінін дәлелдеген.
Біздің қалада да инклюзивті білім беру өз деңгейінде жолға қойылды. Осы бағытта №6 орта мектептің оң тәжірибесіне айрықша тоқталған жөн. Мұнда оқушының жағдайына қарай қолдау білдіріледі. Мәселен, тьюторлық қолдау бойынша ғимарат, бөлме ішінде еркін қозғалуына көмек көрсетіледі. Сондықтан, мұндай сыныптарға сабақ беретін педагог маманның арнайы білігі тексеріледі. Арнайы мамандар үш ай сайын біліктілігін жетілдіріп, оқу орталығында сынақтан өтеді.
Бүгінде мұнда 9 аутизммен сырқаттанып жүрген жеткіншек оқиды. Бұл ерекше балалармен жоспарлы түрде дефектолог, психолог, логопед, әдіскер сияқты 11 маман қызмет етеді.:
– Қоғамда балалардың тең құқықта білім алуы өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Инклюзивті білім беру бағдарламасы сіздерде қалай жүріп жатыр? – деген сұрағымызға арнайы әдіскер Қарлығаш Нәлібаева – Инклюзивті оқыту – оқушылардың тең құқығын анықтайды. Адамдармен қарым-қатынасына қажетті қабілеттілікті дамытуға мүмкіндік береді. Біздің мектепте осындай өрендердің білім алуына барынша жағдай жасалған. Атап айтар болсақ, «шектеусіз орта», оқу сыныптарының материалды-техникалық жабдықталуы, коррекциялау және реабилитациалау іс-шаралары оқушыларымыз үшін қызмет етуде. Олардың сабақ кестесі республикалық «Болашақ» қоғамдық қоры арқылы беріледі. Жалпы, білім беретін бағдарламамен жеке педагогтың көмегі арқылы жұмыс жасайды. Жеке тьюторлар жеңілдетілген түзету, дамыту жоспарларын жүргізеді, – деп жауап берді.

Мәдина Кенжебекова мұнда аға оқытушы болып қызмет етеді. Ол балалармен жұмыс жасауға үйреніп қалған.
– Ақыл-ойында ауытқушылық болғасын шығар, сабақ үстінде айқайлап немесе терезеге қарай жүгірген сәттерін де көрдік. Бүгінде нәтижелі жұмыстардың арқасында қазір мұндай оқушылар өзін бірқалыпты ұстайды. Оларды икеміне қарай әр өнерге баулимыз. Мүсін жасау, сурет салу, ән айту, ойын ойнау сабақтары өткізіледі. Еңбегіміз еш кетпей, оң нәтиже беруде. Балаларынан өзгеріс байқаған ата-аналар алғысын айтуда, – дейді ол.
Инклюзивті білім беру мүмкіндігі шектеулі балаларды оқуда жетістікке жетуге ықпал етіп, жақсы өмір сүру мүмкіншілігін қалыптастырады. Осы бағытты білім беру жүйесіне енгізу арқылы оқушыларды адамгершілікке, ізгілікке, қайырымдылыққа тәрбиелеудің бастауы болмақ. Бұл бағытты мектеп те, өзге ата-аналар да қолдайды. Өйткені, бала – адам баласының Алладан алған ең үлкен нығметі, ұрпағының жалғасы, көз қуанышы. Оның құқығын тапталмай, физикалық мүмкіндігін бөліп-жармай, бір деңгейге қою – біздің міндет.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.