Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Құс қанат ғұмыр

Құс қанат ғұмыр

       Табиғатқа сән беріп, бостандық пен еркіндіктің символына айналған құстармен қайта қауышу – көктем мезгілінің ең керемет сәттерінің бірі. Жаратылысқа жан бітіріп, жер мен көкті базар мекені ететін қанаттыларды биыл да қуана қарсы алып жатырмыз. Тіршілік жаңарып, аспан әлемі әдемі күйге бөленетін шақ та келіп жетті.        
     Әсемдікпен қатар жақсылық нышанына баланған жаратылыс иелерін данышпан халқымыз сонау ықылым заманнан қадір тұтқан.  Сондықтан олардың кейбірі киелі қасиеті арқылы ел арасында түрлі символдық танымға ие болған. Мәселен, аққу – пәк махаббаттың, көгершін – бейбіт заманның, қыран – мәрттіктің, қарлығаш – қамқорлықтың белгісі десе, самұрық – ел қорғаны ретінде бағаланған. Әсіресе, қарлығашты адал құс, мейірімділіктің белгісі деп қатты құрметтеген. Тіліміздегі «Қарлығаштай қанатымен су сепкен» деген теңеу мағыналы сөз тіркестері осыдан қалса керек. Мейірімділік дегеннен шығады, ел аузындағы аңызда талай дау-дамайдың төрелігін айтқан Төле бидің өнегелі ісі туралы ғибратты әңгіме бар. Ақтабан шұбырынды заманында жұрт басын қайттап үдере көшкен сәтте шаңырағына тұрақтаған қарлығаштың ұясын бұзуға қимай, көште жалғыз үй қалған көрінеді. Мұның өзі текті бабаларымыздың құс атаулысын ерекше қастерлегенінің айқын дәйегі. Тіпті, қарғаның өзін ұзақ өмірдің өлшемі деп пайымдаған. Ал, жағымсыз түсінікте қалыптасып кеткен көкек те кезінде киелі құс қатарына саналыпты. Үлкендердің айтуынша, ертеректе май мол болады деп ырымдап, ол қонған бұтақты сүт құйған сабаға салып қояды екен. Осылайша, қанаттылардың әрқайсысын жақсылыққа балап, жағымды жаңалықтың жаршысы деп білген халқымыз олардың бағытына зер салып, жыл мезгілін болжап, шаруашылық қамына кіріскен.                                          
       – Құстар – ерекше жаратылыс иелері. Олардың ұшып-қонуы, қалықтауы бізге жәй ғана қимыл-қозғалыс болып көрінгенімен, оның өздеріне тән заңдылықтары бар. Оны аспанда қалықтап жүргенде аңғару қиын емес. Мәселен, құстар қайтқан кезде алдыңғы және соңғы лек бойынша әрдайым кезектесіп ұшып отырады. Біздің өңірге ұзақ, шымшық, торғай сынды құстар түрі бірінші оралады. Себебі, оларға осы жақтың ауа райы қолайлы көрінеді. Бірақ, бұрынғыдай топ-топ болып қиқулап ұшқан құстар қатарын сирек көретініміз өкінішті, – дейді Тұрар Әлімбетов есімді қала тұрғыны бүгінгінің басты мәселесінің бірін алға тартып.                           
       Расында, кейінгі кезде қанаттылар санының күрт азаюы қоғамда алаңдаушылық тудырып отыр.Жалпы, дереккөздерге сүйенсек, республикамызда құстардың 480-нен астам түрі кездеседі екен. Ал, біздің өңірде жылдың әр мезгілінде қанаттылардың 300-ге жуығы мекендейтін көрінеді. Демек, бұл елімізде ұзын саны 23 құс отрядының 20-сы аймағымызды жайлы мекен етеді деген сөз. Әйтсе де, сонау бір жылдары құс базарына айналған өңірдегі бүгінгі қанаттылар жайы айтпаса да белгілі. Ауылдағы көнекөз қариялардың өзі даланы әнге бөлейтін жаратылыс иелерінің кейінгі уақытта саны айтарлықтай азайып кеткендігін өкінішпен жеткізеді. Тіпті, бұрын төбеңнен ұшып, шаңыраққа ұя салатын ақ бауыр қарлығаштардың өзі ауылды жат санап кеткендей. Торғай мен кептер, қарға мен сауысқаннан басқа көзге түсер құс түрі азайған секілді. Осы орайда елімізде 14 ақпаннан 14 маусымға дейін көктемгі аң аулау маусымында құс атуға тыйым салынды. Заң бойынша шектеу 3 жылға есептелген. Мұның басты себебі, республиканы мекен ететін құстар саны өткен жылдармен салыстырғанда 2 миллионға азайып кеткен көрінеді. Ал, бұл өз кезегінде бостандықты сүйетін жаратылыс иелеріне жыртқыштық танытуға кедергі жасамақ.                                                                                                                                 Қалай десек те, табиғаттың сыйы саналатын құстарды қорғау – әрбіріміздің адамзаттық парызымыз екенін ұмытпаған абзал дейміз. Ал, ерке Сыр жағасындағы бас қаланың бүгінгі шуақты шырайы ерекше. Себебі, сырбаз сұлулықтың символындай болып біздің өлкеге құстар қайта оралды...
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
Суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.

01 сәуір 2019 ж. 1 940 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
2425262728 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 449 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам