СЫРДЫҢ САМАЛ ЖЕЛІ

Иә, тура осылай... Бұл құбылыс Қызылорда тұрғындары үшін етене таныс. Аңызақ, алақұйын, керімсал, зулама дейсіз бе желдің барлық түрін осыннан табасыз. Қара жердің қыстай қатқан тоңы жібіген жазғытұрым кезден-ақ Ақмешіттің ақ шаңғыт желі көтеріле бастайды.
Осыдан бірнеше жыл бұрын қалада жел тұрса болды ауыз ашып сөйлемек былай тұрсын, көзді ашып жүрудің өзі мұң болып, төңіректі үйіріп соға беретін. Ал, қазір Ақмешіттің ауа райы бір қалыпқа түсейін дегендей. Қаланың тазалық сапасы да артты. Әйтеуір, желмен ұшқан қоқыс секілді келеңсіздікті сирек байқап жүрген жайымыз бар.
– Өзге өңірлерге барғанда өзіңді қызылордалықпын деп таныстырсаң, көбісі бұл жақтың желі мен аңызақ ыстығы туралы әңгімелей бастайды. Десе де, шетке шыққанда оның осы желіне дейін сағынамыз. Туған жердің тау-тасы да қымбат деген рас екен. Қараса көз тоймайтын жап-жасыл әсем табиғаты болмаса да, Қызылорда әрбір туған перзенті үшін алты құрлықтан артық мекен болып қала береді, – дейді Жаннұр Мұсабекова есімді қаланың жас тұрғыны.
Ал, ауызекі тілде самал, қоңыр, майда жел деп айта бергенімізбен сонау қадым заманнан қалыптасқан дүниетанымдағы жел түрлерін жатқа біле бермейтініміз анық. Мәселен, халқымызда топырақты кептіріп жіберетін, көктемнің басында соғатын жылы жел – ескек жел, күздегі суықты қара жел, қыстың мезгілінің соңында қарды әкететін жел – алтын күрек, бірде басылып, бірде үйіріп соғатын желді қума жел, ал жазғытұрымда соғатын жайсыз желді өкпек деп атап кеткен. Сондай-ақ, шілденің аптағында болатын ыстыққа әуір, терімсал желдері деген атау берген. Дегенмен, бүгінде бұл атаулардың кейбірінің тілдік қолданыстан ығыстырылып қалғанын байқау қиын емес.
Әу баста өзге ұлт өкілдері астана Орынбордан Ақмешітке ауыстырылғанда «…қазақтар жел мен құмға көшіп барады» деп кекеткен деседі. Әйтсе де, әр қадамын жүз ойланып, мың толғанып басатын данышпан халқымыз бұл жолғы үлкен шешімнен де қателеспепті. Қалың қазақтың ортасы, тоғыз жолдың торабында қоныс тепкен бұл қала бүгінде қазаны қайнаған, даласы жайнаған берекелі өлкеге айналды.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.