Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » «Әлімсақ» журналына – 10 жыл

«Әлімсақ» журналына – 10 жыл

Әдеби-мәдени, тарихи-танымдық бағытты ұстанған журнал 2009 жылдың сәуір айында оқырманның қолына тиді. Баспа жүзін көрген Сыр елінің алғашқы журналын аймақ тұрғындары жылы қабылдап, жоғары бағалады.
«Әлімсақ» журналы – тарихтың тереңінен тамыр тартып, ұрпақ санасына рухани байлық сіңіруді мұрат еткен, осы арқылы ұлттық тәлім-тәрбиені қазақ атауын арқалаған тәуелсіз мемлекет тірегіне айналдыруды мақсат тұтқан бірден-бір басылым.
Журналдың маңайына ә дегеннен руханият әлемінде орны бар жанашыр азаматтар жиналды, кейін олар басылымның өсу жолында авторларға айналды, әр кез тілектестік білдіріп отырды. «Әлімсақтың» алғашқы саны жарыққа шыққанда журналдың бас редакторы Нұрлан Көбегенұлы Алматыға арнайы барып, Қазақстанның Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтен батасын алды.
«Әлімсақ» журналы әдеби-мәдени, тарихи-танымдық бағытты ұстанғандықтан әр шығарылым сайын қазақ тарихында ізі қалған айтулы тұлғалар туралы, бұрын-соңды баспа жүзін көрмеген материалдармен оқырманына жол тартып келеді. «Ақсауыт», «Тарих-таразы», «Жәдігер», «Зерде», «Көкжиек», «Шамшырақ», «Алтын көмбе» сынды арнайы беттері тұрақты оқырманның талғамынан шықты.
Сонымен қатар «Сыр-сұхбат» белгілі азаматтарды ой бөлісуге шақырса, «Бұйымтай» ой-пікір отауы оқырмандар хаттарымен толықты. Нөмір сайын проза мен поэзия беттері арқылы әңгімелер мен өлең-жырларға орын беріп, оқырманды бір сәт әдеби кейіпкерлермен жүздестіреді. Ал, «Қызылордалық масаның» жөні тіпті бөлек. Журнал бетінде жарияланатын әзілдерден қоғамның келеңсіз тұстары, жағымсыз кейіпкерлердің портреттері нөмір сайын оқырманды күлдіре отырып, ой салды.
Оқырманға оралымды ойлар мен тың мақалалар, сырлы сұхбаттар мен толғақты туындылар ұсынып келе жатқаны журналға серпін береді. Он жылдың ішінде Сыр бойы батырларының антологиясын жасауда «Әлімсақ» журналының бастамасы көпшіліктің қолдауына ие болды. Сыр өнеріне елеулі еңбек еткен бейтаныс есімдер мен белгілі музыканттарды «Сарын сыры» айдары арқылы жарыққа шығару да – журналдың тың тақырыптарының бірі.
Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары журналдың ұстанымына сай болғандықтан әр кез осы бағытта үзбей материалдар топтамасы жарық көріп тұрды. Осы тұрғыда журнал тарихи орындардың тылсымға толы құпиясын ашуды мақсат тұтты. Тың деректермен, соңғы жаңалықтармен оқырманды құлақдар ете отырып, облыс тарихының имиджін көтерді. Әсіресе, Сыр бойының киелі орындары мен тарихи ескерткіштері туралы тереңірек сөз қозғап, деректі де дәйекті мәлімет таратуы оқырмандар санын арттыра түсті.
Сонымен бірге әр жылдың салмағын таразылап, басымдық беріп отырды. Мәселен, ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына, Қазақ хандығының 550 жылдығына, Қызылорда қаласының 200 жылдығана орай жыл бойы атаулы датаға байланысты оқырманды салмақты мақалалармен сусындатты.
«Әлімсақтың» өзге басылымдардан ерекшелігі, өткенді бүгінмен сабақтастыруда тек басылым бетінде көрсетіп ғана қоймай, нақты әрекетке көшуінде. Шығармашыл жастарды аға буынның шығармашылығымен таныстыруды әрі оларға рухани дем беруді жолға қойды. 2012 жылдан бері Сыр өңірінен шыққан қайсар ақын, жазушы Зейнолла Шүкіровтің рухын асқақтату мақсатында «Бір жұлдыз болып жанам мен» атты облыстық мүшәйра ұйымдастырып, жас ақындардың жұлдызын жағып келеді.
Ал, өткен 2018 жылы «Әлімсақ» журналы қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен бірлесіп, Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай «Қызылорда – тарих пен тағылым таразысы» атты ғылыми жұмыстар байқауын ұйымдастырды.
«Әлімсақ» журналы 2009 жылы Қызылорда облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен өткізілген «Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары» атты облыстық байқауға белсене қатысқаны үшін марапатталған. Өз кезегінде «Әлімсақ» журналының руханият саласындағы орны бағаланып, журналдың бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты Нұрлан Нұрмаханов 2014 жылы «Руханият жаршысы» номинациясының, 2015 жылы «Тарихи таным» номинациясының иегері атанды.
Өткен тарихтан тағылым алып, өскелең ұрпақ бойына ұлттық иммунитет қалыптастырып жүрген «Әлімсақ» журналы қазақтың әлімсақтан келе жатқан хатқа түскен тарихы, өлеңмен өрілген өмірі, ұлттық болмыс-бітіммен астасқан әдебиеті мен мәдениеті, тілі мен діні, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі арқылы ұрпақ жадын жаңғыртуды жалғастыра бермек.

26 сәуір 2019 ж. 2 037 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 449 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам