Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Аңыз алманың ақиқаты

Аңыз алманың ақиқаты

    Алтайдан Атырауға дейін ұлан-байтақ жерді алып жатқан Қазақ елінің дархан даласы, тау-тасы, ну орманы, шөлі мен көлі қазба байлықтар мен тылсым құпияға толы. Туған жеріміздің табиғаты жылдың әр мезгілінде ғажап қой, шіркін. Табиғат-Ана құдды бар мейірімін төгіп, сұлуы мен жылуын жарқырата жайып салғандай. Әсіресе көктем күшіне еніп, күн шуағы молынан төккен наурыз, мамыр айларында қазақ даласы қызыл-жасыл кілемдей түрленіп, ерекше күйге бөленеді дерсің. Осы уақытта тау етегін жайлаған тіршілік атаулыға жан бітіп, қыр мен сайға сән кіреді. Ендеше, түп тамырын Тарбағатай тармағынан алатын алма ағашының адамзатпен байланысын бағамдап көрейік.  
Әлі есімде, бала кезімде Алматыдан келген адамнан алманың иісі аңқып тұратын. Сөмке іші базарлыққа толы. Бақшамызда өсетін майдалау көк алма Алматы апортының қасында түк емес. Бұл бір өзгеше жеміс еді ғой. Өзі үлкен, қып-қызыл, жесең дәмі аузыңнан күн ұзаққа кетпей жүреді. Алматыдан басқа аймақты жерсінбейтін апорттың сол екенін кейін білдік. Әрине, жемістің түрі көп. Бірақ, оның ішінде алманың алатын орны тым бөлек. Қысы-жазы дастархан үстінен үзілмейтін бұл жеміске бәрі құмар.    
Ару қаладағы нағашы апаларымның ауылына жолымыз жиі түсетін. Рас, бұл өңірдің табиғаты көркем. Күзге қарай алып алма ағаштар жеміс беріп, уылжып пісіп тұратын. Қанша жесең де айызың қанбайды. Күнде оны дорбаға толтырып, үйімізге алып кетуге асығатынбыз. Қайтуға жақын  күндері алма биік бұталардың ұшар басында ғана  қалатын. Созсаң қолың жетпейді, не сілкісең түспейді. Өзіміз тойсақ та, көзіміз тоймай, әлгі алмаларға қимастықпен қош айтысып кетуші едік. Міне, сондықтан да дәмі тіл үйірер жемістің жұпар иісі бақытты балалықты еске түсіреді.    
         
Тарихи отаны – Қазақстан
 
Егеменді ел болып, еркіндік алғанына ширек ғасырдан астам уақыт өткен Қазақ елі бүгінгі таңда өзінің түпкі тарихына тереңдеп бойлай бастады. «Тарих – ел тағдыры» деп қарайтын болсақ, келешек ұрпағының бақыты үшін күрескен ата-бабамызды танып, туған өлкеміздің қасиетін түсініп, сан ғасырлық шежіреге толы мәдени мұрамызбен қатар  атамекенді аялап өту – ұрпақ парызы. Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалалары ұлттық сананы жаңғыртып, оны қайта қалыптастыруда маңызды қадам болып табылады. Онда еліміздің құнды жәдігерлеріне қатысты айтылған әрбір дәйектер мен деректер төл тарихымызды бағамдауға үлкен сеп болмақ. Әрі қазақ ұлтының бары мен бағын саралай білген маңызды құжат.
Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» тарауында «Қазақстан – Алма мен Қызғалдақтың Отаны» деп қызғалдақтың шығу тарихын тілге тиек етеді. Онда «Асқақ Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың «тарихи отаны» екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Қарапайым, бірақ бүкіл әлем үшін өзіндік мән-маңызы зор бұл өсімдіктер осы жерде бүр жарып, жер жүзіне таралған. Қазақстан қазір де әлемдегі алма атаулының арғы атасы – Сиверс алмасының отаны саналады. Дәл осы тұқым ең көп таралған жемісті әлемге тарту етті. Бәріміз білетін алма – біздегі алманың генетикалық бір түрі. Ол Қазақстан аумағындағы Іле Алатауы баурайынан Ұлы Жібек жолының көне бағыты арқылы алғашқыда Жерорта теңізіне, кейіннен бүкіл әлемге таралған. Осы танымал жемістің терең тарихының символы ретінде еліміздің оңтүстігіндегі ең әсем қалалардың бірі Алматы деп аталды», – деп атап көрсетті.

Таулы жерде тамыр жайған

Ғалымдар жемістің бұл түрінің мыңжылдық тарихы бар екенін айтады. Оның атауы қазақ топыра­ғындағы шырайлы қала – Алматының тағылымды шежіресімен бірге өріледі. Бүкіл әлем үшін өзіндік мән-маңызы зор бұл өсімдіктер осы жерде бүр жарып, жер жүзіне кең  таралған. Алма – таулы, сулы жердің, қызғалдақ – қырдың, көктеудің, маусымдық қоныстың сәні болды. Екеуі де көктемде гүлдеп, қазақ даласын әсем бір күйге бөлейді.
Әр нәрсенің өзінің отаны болады. Бұл орайда бізге ауыз толтырып мақтана алатындай негіз бар. Тарихи деректерде қытай зерттеушілері елімізде алманың өсетінін әу бастан білген дейді. Ал, апорт алмасы алдымен Еуропада өсіп одан Ресейге келген. Елге келген келімсектердің бірі Алматыға алманы ала келген деген де болжам айтылады. Содан бері Алатаудың баурайына отырғызылған жеміс ағаштары жақсы өнім берсе керек.
Қазір жемістің бұл түрі жер шарының түкпір-түкпірінде өседі. Тәтті жемісті жиі тұтынамыз. Алайда оның биологиялық қасиетіне аса қатты мән бермейміз. Бұл жайында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің жаратылыстану ғылымдарының магистрі Ақмарал Шарипова:  
 – Раушангүлдер тұқымдасына жататын өсімдіктің бұл түрі өте кең таралған. Жер шарында табиғи алманың бізге белгілі 36 түрі бар. Негізгі отаны – Орта Азия. Оның 10-12-сі шаруашылық маңызда қолданылады. Елімізде негізінен «апорт», «сиверс», «недзвецкий», «қырғыз» алмасы өседі. Бұл – жеміс ағашының жаздық, күздік, қыстық сұрпы кездеседі. Жаздық түрлері 3-4 жылдан соң жеміс бере бастайды. Өсімдіктің өмір сүру ұзақтығы әрқалай. Ол 20-100 жыл аралығын құрайды. Жемістің бұл түрінің әр гектарынан 100-300 центнер өнім алуға болады. Алма тұқым арқылы немесе өсімді жолмен көбейеді, – деді.
 Оның айтуынша, Алматының апортына басқа ешбір жеміс түрі теңесе алмайды әрі өзге өңірде дәл бұлай өспейді. Дегенмен, оны күтіп-баптаудың да қиыншылығы аз емес. Толыққанды жеміс беру үшін ерекше күтіп-баптауды қажет етеді. Ол таудың басында, белгілі биіктікте өскенде ғана нағыз апортқа айнала алады. Оған қоса, оның топырақты тез құнарсыздандырып жіберетін қасиеті тағы бар. Осындай заңдылығын сақтап отырмаса, түрі ұқсағанымен алманың апорт болып шығуы екіталай. Бүгінде шетелдік ғалымдар бұдан гөрі, жемістің жабайы түріне қызығушылық танытуда. Өйткені, бұлар өзін-өзі жаңартып, жасартып, жетілдіріп отырады. Әрі ыстыққа шыдамды, суыққа төзімді болып келеді.

Сұлулықтың символы

            Қазақ әдебиетіне үңілсек, көрнекті ақын-жазушылар өз шығарма­ларында алма жемісін сұлулықтың сим­волы ретінде де сипаттаған. Қаламгер­лер алма бет, алма ерін, алма жүз, алма мойын деген сөздермен хас сұлудың суретін салған. «Қыпша бел, алма мойын сұлу Баян, Сипаты жаннан асқан ол бір серім!» деген жолдар арқылы «Қозы Көрпеш, Баян сұлу» жырында  халық аңызындағы арудың ажары айшықталған. Ал көсемсөз шебері Міржақып Дулатов «Бақытсыз Жамал» романында «Жақсы қыз – баға жетпес бір гауһар тас, Он алты, он жетіге жеткенде жас. Жәннаттың пісіп тұрған алмасындай, қол жетсе, қандай жігіт ләззат алмас» деп аруды алмаға өте әдемі теңеген.
         Алматының алмасы,
         Күннің қызыл түсіндей.
         Ұсынғанда алмайсың,
         Жүрмін, сәулем, түсінбей.
         Кеткенің бе, сәулем-ай,
         Алма жүзің алаулап.
         Менің дағы қалды ғой,
        Жүрегімде ән ойнап, – деп ақындар әнге қосқан алманың айрықша қасиетін халқымыз ертеден түсінген.
Түз тағысы тауешкі, бұғы, арқарлар жабайы алмадан қорек тапса, халқымыз оның емдік қасиетін танып, түрлі қажетіне қолдана білді. Байырғы қазақтар осы жеміс түрінің дәнегімен жүрек, қан тамырлары ауруларын, иод жетіспеушілікті емдеген. Олай болса алманың заманауи медицинадағы пайдасы туралы кардиолог Гүлнұр Оспанова былай дейді. 
           – Алманың құрамында С, В1, В2, Р, Е дәрумендері мен марганец, калий, кальций, фосфор, натрий, молибден, мырыш, барий микроэлементі кездеседі. Ондағы темір қан айналым жүйесіне өте қажет. Сондай-ақ оның құрамында жасұнық көп кездеседі. Жеміс адам ағзасындағы бауыр, бүйрек, асқазан, ішек жолының жұмысын жақсартады. Бет терісінің жасаруына көмектеседі. Алманың құрамындағы пайдалы дәрумендер қандағы холестерин мөлшерін азайтып, іш қатудың алдын алады. Диареяны емдеп, иммундық жүйені нығайтады, – деді кардиолог маман Гүлнұр Оспанова.   
            Иә, Асқақ Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың «тарихи отаны» екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Қашанда адамзаттың жаратылысы табиғатпен біте қайнасқан. Екеуі егіз ұғым. Олар өзара үйлесімдік тапқанда ғана жер бетіне жақсылық орнайды. Демек, дүниенің дамуына да алманың тигізген әсері зор. Тіл үйірер ерекше дәмімен бірге, мұрын жаратын хош иісті жемістің пайдасын халқымыз ежелден білген. Олай болса, төл тарихын бағамдай білетін ел болашағын өткенімен сабақтастыру заңдылық.  
 
Айнұр ТӨРЕМҰРАТОВА
10 шілде 2019 ж. 1 805 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 074 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам