Шиеліде шағын кәсіп жандануда
Шиелі ауданында 4500-ге жуық азамат кәсіп ашуға ниет білдірсе, оның 4107-сі шаруашылық түрімен тұрақты түрде айналысуда.
Мәселен, биылғы жылдың 7 айында «Еңбек» бағдарламасы бойынша құны 147 млн.теңгені құрайтын 42 жоба қаржыландырылды. Мұнан өзге, ауыл шаруашылығын қолдау қоры мен «Өңірлік инвестиция орталығы» арқылы құны 178,4 млн.теңгені құрайтын 55 жоба қолдау тапқан. Қайтарымсыз несие алып, іс бастаған кәсіпкерлер саны да аз емес. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасы аясында 59 жобаға 14,8 млн.теңге қаражат бөлінген. Ол үшін аудандық 53 жас арнайы оқу курсынан өтіп, кәсіппен айналысудың қыр-сырын меңгерді. Бұл көңіл қуантарлық жағдай. Ауданда атқарылып жатқан ілкімді істер шаруашылық саласында оң өзгерістердің барын байқатады.
Елді мекенде кәсіпкерлік ширап келеді. Мемлекеттен несие алып, өз ісін дөңгелетіп отырғандардың бірі – Сейітқазы Әлібаев. Ол Шиелі ауданы Тартоғай ауылдық округінде өзінің алма бағын өсіруде. Жалпы аумағы 10 гектар жерді құрайтын аумаққа алма жемісін отырғызған. Жергілікті кәсіпкер ол үшін 2017 жылы «Өңірлік инвестиция орталығы» арқылы 6,5 млн.теңге несие алған.
– Бастапқыда жалға алған жеріміздің арам шөбін отап, оны сексеуіл мен жыңғылдан тазартып, бақ жасауға барымды салдым. Содан кейін 20 мың түп алма ағашын әкеліп отырғыздық. Кәсіпті жандандыруға отбасымызбен бірге атсалысып келеміз, – дейді Сейітқазы Әлібаев.
Алма бағында алма ағашының Голден делишин, Ренет Симиренко сұрыптары өсіріледі. Егін шаруашылығына ерекше күтіммен қарай білетін кәсіпкер келесі жылы мол өнім алуы жоспарлап отыр. Ол алдағы уақытта мал шаруашылығымен де айналысуға ынталы.
Раушангүлдер тұқымдасына жататын өсімдіктің бұл түрі жер жүзінде өте кең таралған. Басты отаны Орта Азия саналатын жемістің бірнеше түрі шаруашылықта маңызға ие. Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында алма ағашының шығу тегі мен тарихи отанын тілге етеді. Қарапайым, бірақ бүкіл әлем үшін зор мәнге ие бұл өсімдік туралы зерттеуді тапсырды. Олай болса, ендігі кезекте Елбасы айтқан танымал жемістің сұрпын көбейтіп, жер-жерде өсіруді қолға алу қажеттігі туындап отыр.
Өз кәсібін дөңгелетемін деген жандарға мемлекет тарапынан кеңінен қолдау көрсетіліп келеді. Елді мекенде мал шаруашылығы да қарқын алған. Шиелі ауданы Гигант ауылдық округінің тұрғыны – Қарлығаш Айымбетова. Ол «Өңірлік инвестиция орталығы» арқылы кәсіп ашуға қол жеткізген. 2018 жылы оған мемлекеттен 4 млн.теңге көлемінде шағын несие берілген. Оған 15 бас ірі қара мал сатып алып, қазіргі таңда мал бордақылау жұмысымен айналысуда.
– Келешекте шаруашылықтың жерін ұлғайтып, фазенда салу жоспарда бар. Әрі қарай мал басын көбейтіп, тұқымын асылдандыруды көздеп отырмыз, – дейді Қарлығаш Айымбетова.
Шағын және орта бизнестің дамуы жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Бүгінде мемлекеттік бағдарламаның тиімділігі арқылы өзінің жеке шаруашылығын ашып, одан табыс көзін еселеп отырған кәсіпкерлердің қатары жыл санап артып келеді. Шиелі ауданы бұл бағытта оң нәтижеге қол жеткізіп отыр. Ендеше, еңбектің көзін тапқан жандардың ісіне тек береке тілейміз!
Айнұр МАМАНҚЫЗЫ