Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » «Сыр сұлуы» – табыс кепілі

«Сыр сұлуы» – табыс кепілі

 Белгілі сазгер Шәмші Қалдаяқов «Сыр сұлуы» әнінде өңірдің өзгеге бергісіз маржандай ақ күрішін жайқалған әсем аруға қалай теңеген десеңші. Құрақты жері, қыратты тауы, нулы орманы болмаса да, қасиетті де, қастерлі туған жердің табиғаты көркем ғой, шіркін. Сыр өңірі десе, алдымен оның ақ күріші еске түсері хақ.
Жайқалған ақ күрішің
Иә, расында аймақ үшін бұл дақылдың орны бөлек. «Жеріне қарай, егін ек, жолына қарай жегін жек» демекші, біздің өңір климаттық жағдайы құбылмалы, суармалы егіншікке бейімделген. Сондықтан ауыл шаруашылығы дақылдарының ішінде бізге сай келетін – күріш. Бір кездері «Сыр еліне не егуге болады?» деген ой туындапты. Сол уақытта бидай дақылын еккісі келген жандар да табылған екен. Сонда ақ күріштің атасы Ыбырай Жақаев өңірдің табиғи ерекшелігін байқап, «Бұл жер сұр топырақ, сондықтан күріштен қолайлы дақыл жоқ» деп айтқан көрінеді. Содан бері елімізді ақ маржан астықпен қамтамасыз етіп отырған Қызылорда жұртшылығы жайқалған егіннен мол несібе тапты, берекелі тіршіліктің қазынасын тасытты.
Қазір, қоңыр күз мезгілі. Бұл уақытта Жер-Ана бар байлығын төгіп, еңбек еткендердің несібесін еселей түседі. Астық қамбаға толып, егіншілер де ақ адал маңдай тердің төгілген зейнетін көреді. «Нан болса, ән де болады» деп, халық пен диқанның көңілі шаттыққа кенеліп, еңбек мерекесін ел тегіс тойлайды. Сондықтан бұл тойдың да ауылы алыс емес.
Аймақта ауыл шаруашылығы саласы ерекше қарқын алып келеді. Бұл мақсатта агроөнеркәсіп кешенін 2020 жылға дейін дамытудың арнайы бағдарламасы қабылданды. Мәселен, соңғы 5 жылда облыстың жалпыөңірлік өнімдегі шаруашылық үлесі 2,6-дан 3,7 пайызға ұлғайған. Осыған сәйкес аймақтың экспорттық әлеуеті де артқан. Атап айтқанда, 2013 жылы біз тек 3 өнім түрін сыртқа шығарсақ, қазір олардың саны 18-ге жетіп отыр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, ағымдағы жылы облыс бойынша 183,1 мың гектарға егін егілсе, оның 87,9 мың гектары күрішке тиесілі. Өткен жылмен салыстырғанда, күріштен басқа дәнді дақылдардың егістік алқабы 2,4 мың гектарды құраса, мал азықтық дақылы 3,4 мың, ал картоп, көкөніс және бақша дақылдары 639 гектарға артқан. Соның ішінде ең маңыздысы – күріш екені белгілі.
Сынақта сыр берген жоқ
Бүгінде «Таң ЛТД» ЖШС Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институты ғалымдары шығарған жергілікті «Сыр сұлуы» күрішін жинап алды. Мамандардың айтуынша, дақылдың бұл сорты тұздылыққа және төмен температураға төзімді. Байқаулық сортсынақта өнімділігі жағынан гектарына 70-80 центнерге жетіп, стандарттан 4-7 центнер артық өнім берген.
– Биыл алғаш рет «Сыр сұлуы» күріш сорты 8 гектар алқапқа егілді. Оның әр гектарынан 50 центнер өнім алдық. Ең жоғары көрсеткіш түптену фазасының басында және аяғында азот тыңайтқышымен үстеп қоректендіргенде алынды. Бұл сортты Қазақстанның күріш өсіретін барлық аймағында егуге болады. Ауа райының қолайсыз жағдайы мен топырақ ерекшелігінен қауіптенудің қажеті жоқ. Себебі, сапалы әрі мол өнім алуға толық мүмкіндік бар. Егіс алқабында бұған дейін күріштің «Лидер» деп аталатын сорты егіліп келді. Ақ маржанның екі түрін салыстыратын болсақ, «Сыр сұлуы» сорты мерзімінен ерте піседі, – деді «Таң ЛТД» ЖШС-нің бас агрономы Ербол Ақбергенов.
Қай сала болмасын оны ғылыммен байланыстырмау әсте мүмкін емес. Өңірде күріш шаруашылығын дамытып, одан мол өнім алуда Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының еңбегі зор. Олар бұл орайда жаңа сорттар мен заманауи технология енгізуде жан-жақты ізденіс жүргізіп келеді. Жетекші мамандар осы аймаққа бейімді, жоғары сұрыпты күріш дақылын шығаруда тынбай еңбек етуде. Осындай ғылыми жұмыстың нәтижесінде келген жоғары сорттың бірі – «Ақмаржан». Сонау 1987 жылы енгізілген дақылдың бұл түрі бүгінге дейін сұраныстан түскен емес. Өйткені, көп жағдайда ерекше күтімді талап ете бермейді.
– Биыл күріштің «Сыр сұлуы», «Әйгерім» сұрпын егуді бастап кеттік. Олардың өзге күріш және ресейлік сорттардан көптеген артықшылығы бар. Алдағы жылы Сыр өңірінде егілетін күріш алқабының 20-25 пайызы отандық жаңа сорттармен қамтамасыз етіледі. 2021 жылға дейін олардың ауқымын 50-55 пайызға дейін арттыру межеленіп отыр, – деді Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институты бас директорының міндетін атқарушы Әсет Тоқтамысов.
Күріш сапасы қалай?
Қазір бәсекелестік орнаған заман. Тұтынушының талабына сай өнім шығару – бүгінгі күннің басты қажеттілігі. Қазір күрішке сұраныс көп. Тұтынушы жергілікті базарға келгенде алдымен оның түріне, содан соң тауардың белгісі мен жылтырлығына аса мән береді. Көпшілік өнімнің ұзынша әрі ірі болғанын қалайды. Қала тұрғыны Алтынай Жұмаділова күріштің сапасына қатысты былай дейді:
– Қазір базарға барсақ, күріштің сан түрі самсап тұр. Көбіне «Элита» сортын тұтынамыз. Бірақ, қазір оның сапасы да әртүрлі. Сыртқы қабы мен қағазы бірдей болғанымен, кей жағдайда күріштің құрамы көңіл көншіте бермейді. Сол себепті ең алдымен оның ірі әрі бүтін болғанын қалаймыз, – деді ол.
Тұтынушының талабын ескерген ғылыми-зерттеу орталығының ғалымдары да осындай сұрыптар дайындауға жұмыс жасап келеді. Соңғы шығарылған «Сыр сұлуы» сорты аталған талаптарға сай келеді. Ал егу технологиясына келетін болсақ, Сыр өңірінде суға бастырып егу әдісі кеңінен қолданылады. Оның үстіне қазір күрішке тек астық ретінде қарайтын заман емес. Оның басқа да қасиеттерін ашып, өндірістің басқа да саласына пайдалану мүмкіндігі туып отыр. Мәселен, шет елде оның сыртқы майын алу үшін озық технология ойлап тапқан. Алынған майды машина жөндеу саласына қолданып жүр. Сонымен бірге сабақтарын нығыздап, отын ретінде қолдану арқылы түрлі бұйымдар жасау жолға қойылған. Ал біздің ел әлі мұндай жетістікке жеткен жоқ.
Қазақта «Егінші мәрт, жер жомарт» деген аталы сөз бар. Егер әрбір диқаншы мерзімінде жерін баптай білсе, астығын да молынан қаптай білетіні сөзсіз. Ендеше ырзық несібесін Жер-анадан терген диқаншылардың еңбектері еселене бергей!

Айнұр ТӨРЕМҰРАТОВА
17 қыркүйек 2019 ж. 1 585 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 084 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам