ВОЛЕЙБОЛДАН ТАРТЫСТЫ ЖАРЫС ӨТТІ
10 желтоқсан күні «Мұз айдыны» спорт кешенінде ҚР Тәуелсіздігі күніне арналған волейболдан 2004-2005 жылдары туылған жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында №2 облыстық олимпиадалық резерв мектептің ашық турнирі өтті. Жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған жарысқа Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарынан 12 команда, 150 спортшы қатысып, ойын өрнегін көрсетті.
Нәтижесінде ұлдар арасында 1-орынды Шиелі ауданының Бестам ауылы, 2-орынды Қызылорданың №2 олимпиадалық резерв мектебі, 3-орынды Шиелінің №9 олимпиадалық резерв мектебінің командалары иемденді.
Қыздар арасында 1-орынды Маңғыстаудың Шетпе ауылы, 2-орынды Қызылорданың №2 олимпиадалық резерв мектебі,3-орынды Жаңақорғанның Байкенже ауылының командалары иеленді.
Номинациялар бойынша ұлдар арасында «Үздік шабуылшы» - Бекнұр Болат (Қызылорда) және Нұрдаулет Жолдасбеков (Бестам), «Үздік тосқауылшы» - Қамбар Құрбаналиев (Түлкібас), «Үздік үйлестіруші» - Рауан Еркінұлы (Шиелі), «Үздік төреші» - Мыңжасар Өмірбек (Қызылорда), қыздар арасында «Үздік ойыншы » - Камила Мұратова (Қызылорда), «Үздік шабуылшы» - Аққу Сәрсенбек (Шетпе), «Үздік қорғаушы» - Сағыныш Асанқызы (Қызылорда), «Үздік хатшы» - Сарина Тыныштықбай (Қызылорда) марапатталды.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегер командаларға диплом, медаль және естелік сыйлықтар берілді.