Әсел Серікбай, шахматтан Әлем чемпионы: ЖЕҢІЛІС АРҚЫЛЫ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТЕСІЗ
Тақта үстіндегі текетірес – ой мен даналықтың ойыны. Спорттың қай түрі болмасын үлкен жауапкершілікті, төзімділікті талап етері анық. Сыр перзенті Әсел Серікбай шахматтан халықаралық ФИДЕ шебері. Ол 3 дүркін Əлем, 7 дүркін Азия, 17 дүркін Қазақстан чемпионы. Алдағы додаларға дайындалып жатқан Әсел Серікбаймен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Әсел, дайындық барысында сұхтаттасуға уақыт бөлгеніңе рахмет. Алдымен ойынға тоқталайық. Шахматты неше жасыңнан бастап ойнап келе жатырсың? Спорттың дәл осы түрін таңдауыңа не себеп болды?
– Мен шахмат тақтасымен 6 жасымда таныстым. Бірінші сынып оқып жүргенде ұстазымыз 10 баланы шахмат үйірмесіне шақырды. Бастапқы уақытта мені ондағы пішіндер, олардың жүру бағыттары қызықтырды. Кейін үйірме жетекшісі Риза Қошқарова оқушылар арасынан іріктеп алды. Сол кісінің арқасында шахматтың қыр-сырын үйрендім. Стратегиялық ойынға деген қызығушылығым арта түсті. Одан кейін 2015 жылдан бастап қазіргі жетістікке жетуіме жетекшім Шимелков Василий Владимирович көмектесті.
– Күніне қанша сағат дайындаласың?
– Күніне 3 сағаттан 6 сағатқа дейін дайындық болады. Жиындарда 8 сағатқа дейін дайындаламыз. Таңертең 4, түстен кейін 4 сағат. Бұл максимум. Бар қажыр-қайратымызды сарқып тастаймыз. Қазір үйреніп жатқаныңды кейін қарсыласыңа қолданасың. 10-12 сағат дайындалатын шахматшылар бар дегенге мен аса сене бермеймін. Осыншама уақыт бойы 100 процент дайындалу мүмкін емес.
– Алғашында шахматпен ойнау қаншалықты қиынға соқты?
– Алғашында шахматқа деген қызығушылығым болған соң, қатты қиындыққа түскен жоқ. Тек жарыстарда жеңіліп қалған кезде қиын болатын. Кішкентай кезімде тек жеңуді ойлайтынмын, жеңілгенінді мойындағыныз келмейді. Бірақ уақыт өте оған да үйренесіз, себебі жеңіліс арқылы жеңіске жетесіз. Қателеріңізді түсінесіз.
– Шахмат балалық шағынды ұрлаған жоқ па?
– Жоқ, шахмат балалық шағымды ұрлаған жоқ. Себебі басқа балалар ойнап жүрген кезде, мен жарыстарға шығып, көптеген қаланы, елді көрдім. Жетістіктерге жеттім. Осы мүмкіндік үшін алдымен Аллаға, одан кейін жаттықтырушыларыма алғыс айтқым келеді.
– Озат оқушы болдың ба?
– Иә, озат оқушы болдым. Мектепті «Алтын белгімен» бітірдім. Ұстаздар әрдайым түсіністікпен қарап, көмектесіп отырды.
– Сен әрдайым сапарда жүресің. Оның барлығына қаражат қажет. Жалпы, шахматтан табыс табуға бола ма?
– Мықты шахматшылардың демеушілері бар. Бізге қазір біршама жеңіл болды. Өйткені кейбір шығындарды демеушілер мен федерация төлейді. Облыстық спорт басқармасы және 1 ОРМБЖМ бізді жарыстарға жіберіп отырады.
– Ырым, наным-сенімге қалай қарайсың?
– Әртүрлі жағдай болады. Дәптерді ашып, кітапты оқисың.Сол күні жеңіске жетесің. Соны қайталап істеу керек деп ойлайсың. Бірақ әр кезде әр қалай, барлық ырымдарға сене берудің де қажеті жоқ деп ойлаймын.
– Шахмат саған не үйретті?
– Шахмат маған жауапкершілікті түсінуді, әр уақытты үнемді пайдалануды үйретті.
– Шахматшылар ойы алғыр болуы үшін көп кітап оқу керек дейді. Сен қаншалықты кітап оқисын? Сүйікті жазушың кім?
– Иә, негізі адам шахматшы болмаса да кітап көп оқу керек деп ойлаймын. Шахмат кітабы болса, Гарри Каспаровтың кітабы. «Мои великие предшественники» деген. Ал, әдеби кітап болса, көбіне детектив ұнайды. Сүйікті жазушым Агата Кристи.
– Спорт адамның мінезін қалыптастырады. Шахмат мінезіңді өзгертуге қандай да бір септігін тигізді ме?
– Шахматтың арқасында кішкентайымнан дербес болуды үйрендім. Адам еңбектенсе ғана қандай да бір жетістікке жетеді.
– Шахмат тақтасындағы ең жақсы фигураң қандай?
– Ең жақсы көретін фигурам – Ферзь. Ол – мен үшін күшті фигура.
– Бос уақыт спортшыларда бола бермейді. Уақытты қалай үнемдейсің?
– Рас, бос уақыт спортшыларға үшін тән емес. Егерде бос уақытым бола қалса отбасыммен өткіземін. Көбіне салауатты өмір өмір салтын сақтауға арнайтыным жасырын емес. Сондай-ақ, әсем әуен тыңдап, кино көріп, тіл меңгеруге машықтанамын.
Сұхбаттасқан Жарасхан Қуанышбайұлы