Бектеміс Ботпаев: Актердің өресі биік болуы керек
Қазақтың халық жазушысы, белгілі драматург, сыншы Ғабит Мүсірепов «Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» деп пікір айтқан екен. Иә, расында да қиыннан қиыстырылған гармонияға толы шығармашылық әлемі адамзат баласын рухани қазынамен байыта түседі.
Қазақ сахнасында актерлік ұғымды тұлғалық танымға жеткізіп, сүрлеуі мен соқпағы көп сырбаз өнердің шыңына жеткен жандар аз емес. Олардың бұл орайда таудай образды шебер орындап, театр өнеріне кең тыныс әкелген талантын елемеу мүмкін емес. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз де шоқтығы биік өнердің майталманы. Табиғаты мен болмысы ағын судай таза әрі жас баладай аңқылдаған адал жан. Алпыс жастың асуына аяқ артса да бойы сергек, қимылы ширақ. Ол кісімен жүздесу арқылы бойындағы талантын жазбай тани аласың. Сөйлеген сөзі мен жүрісі қалжыңға толы өнер иесінің театр сахнасындағы толымды еңбегі талайдың есінде. Әсіресе, Қалтай Мұхамеджановтың «Құдағи келіпті», Қомшабай Сүйенішовтің «Кемпір шалдың кенжесі», Сәкен Жүнісовтің «Қысылғаннан қыз болдық» секілді комедиялық спектакльдерінде басты рөлді сомдауы өнер сүйер қауымның көңілінен шығып, бағасын алды. Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері Н.Бекежанов атындағы драма театрының әртісі, мәдениет қайраткері Бектеміс Ботпаев.
Қазақ сахнасында актерлік ұғымды тұлғалық танымға жеткізіп, сүрлеуі мен соқпағы көп сырбаз өнердің шыңына жеткен жандар аз емес. Олардың бұл орайда таудай образды шебер орындап, театр өнеріне кең тыныс әкелген талантын елемеу мүмкін емес. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз де шоқтығы биік өнердің майталманы. Табиғаты мен болмысы ағын судай таза әрі жас баладай аңқылдаған адал жан. Алпыс жастың асуына аяқ артса да бойы сергек, қимылы ширақ. Ол кісімен жүздесу арқылы бойындағы талантын жазбай тани аласың. Сөйлеген сөзі мен жүрісі қалжыңға толы өнер иесінің театр сахнасындағы толымды еңбегі талайдың есінде. Әсіресе, Қалтай Мұхамеджановтың «Құдағи келіпті», Қомшабай Сүйенішовтің «Кемпір шалдың кенжесі», Сәкен Жүнісовтің «Қысылғаннан қыз болдық» секілді комедиялық спектакльдерінде басты рөлді сомдауы өнер сүйер қауымның көңілінен шығып, бағасын алды. Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері Н.Бекежанов атындағы драма театрының әртісі, мәдениет қайраткері Бектеміс Ботпаев.
– Аға, жалпы осы өнерде жүргеніңізге қанша уақыт болды? Алғашқы ойнап шыққан рөліңіз есіңізде ме?
– Театр өнеріне қызығушылығым белгілі актер Бақытбек Алпысбаевтың «Күшік күйеу» пьесасында Бекболаттың рөлін сомдап шығуынан бастап оянды. Сол қойылымды көріп отырып ерекше әсер алдым. Ал, негізгі шығармашылық жолым 1982 жылдан бастау алады. Театрға ең алғаш келген жылы маған бұйырғаны – Әділбек Тауасаровтың әзіл-қалжыңға құрылған «Аса құрметті –Х» қойылымындағы Айдаболдың образы. Режиссер әр актердің қарым-қабілетіне, болмыс-бітіміне қарап рөлді бөліп берген болуы керек. Міне, содан бері табиғатым сатиралық жанрға жақын.
– Образ туралы айтып қалдыңыз. Осы уақытқа дейін өзіңіздің сахнада аша алмаған бейнеңіз болды ма?
– Белгілі режиссер Серік Шотықовтың туындысындағы Жантықтың рөлін ойнап шықтым. Осы образымды шығар шыңына жеткізіп орындай алмадым. Көрерменнің жүрегіне жетпеген секілді. Дайындық аз болды ма? Әлде қойылым дұрыс жүрмеді ме? Бұл өнеріме театр сыншысы Әшірбек Сығай да оң бағасын берген жоқ.
– Қазір театр табалдырығын жаңа аттаған жас актерлермен әңгімелесе қалсаң, Гамлетті, Отеллоны сомдағысы келетінін жасырмайды. Сіздің ойыңызша, өнер адамының кемеліне жетпей жатып, классикалық дүниелерде ойнауға ұмтылуын қалай түсінесіз?
– «Армансыз адам қанатсыз құспен тең» демекші, армандаған, әрине дұрыс. Бірақ, классикалық тұлғаны орындау үшін ең алдымен білім мен тәжірибе керек. Оған актердің ішкі жан дүниесі дайын болуы шарт. Өзін алдын ала дайындап, сол кейіпкерге енгені дұрыс. Ол үшін ішкі жан дүниесі мен сыртқы бейнесінің қабысып тұруы да рөлді алып шығуына басымдық береді. Өкінішке орай, бүгінгі жас буынның көбі сылдырақ, жылтырақ бос сөзге әуес. Бойынан жасандылық айқын аңғарылып тұрады. Оның бәрі еңбекпен, ізденіспен келетін дүние.
– Актердің бейнесін ашатын, яғни өзінің оң жамбасына келетін рөлдері болады. Сізде қалай?
– Менің болмысыма, мінезіме әзіл-қалжыңға құрылған сатиралық бағыттағы образдар жақын. Әсіресе, «Құдағи келіпті» қойылымындағы Дауылбайдың образы, «Кемпір шалдың кенжесі» туындысындағы Қомшабайдың образы сәтті шықты. Бірақ енді сондай кейіпкер қашан бұйырады екен деп күтіп жүре алмайсың ғой. Режиссердің рөлді бөліп беруіне орай, кәсіби деңгейде кез келген жағдайдан шығып кетуің керек. Ол үшін үлкен ізденіс керек. Актер алдымен өз рөліне сенуі тиіс. Олай болмағанда өзгені сендіру тіптен қиын. Сондықтан, мұның барлығы –еңбекпен келетін дүние. Ол үшін актердің өресі биік болуы керек.
– Дегенмен, сомдаған рөлдер ішкі болмысыңызға әсер ететіні анық қой?
– Әрине, әсер етеді. Сахна актердің күнделікті өмір-тіршілігіне де тәрбие береді. Кейде өмірде кездесетін мынадай сәтте осылай жасаған дұрыс емес екен ғой деп өзгеріп, мықты сабақ та алып жататын сәттер болады.
–Бір образды ашу үшін қанша уақыт дайындаласыз?
– Көп ізденемін. Жаңа айтқандай сомдайтын кейіпкеріңнің болмысына кіріп, соның орнына өзіңді қойып көру керек. Бұл бір ай немесе одан да көп уақытты талап етуі мүмкін. Сол себепті, бұл жолда еңбек пен ізденіс қатар жүреді.
– Сахна өнерінде жеткен жетістігіңіз үшін кімге алғыс айтасыз? Театр қабырғасында жүргенде өзіңіз тәлім алған ұстаздарыңыз бар ма?
– Театр – адамның жаны, көңіл-күйі, болашаққа деген көзқарасы. Алғаш еңбек жолымды театрдан бастағанда жанымда ақыл-кеңес беретін ағалар көп болды. Сахна деген киелі. Халықтың алдына шығып өне көрсету – жауапты дүние. Сценарийді беске жаттап алсаң да, ондағы айтылар әрбір сөздің астарына назар аударып, қимылыңды бағыттамасаң, дайындығың босқа кетеді. Рөліңді сәтті сомдап, халық сенімен бірге күліп отырса әртіс үшін одан асқан бақыт жоқ. Жалпы, өнер саласында жүріп көп нәрсені үйрендім. Бұл орайда театр өнерінің майталманы, белгілі режиссер Райымбек Сейітметов ағамызды айтпай өту мүмкін емес. Ол киелі мекен Түркістан қаласынан жас актерлерге арнап оқу орнын ашып, қазақ театрының дамуына сүбелі үлес қосты. Бұдан бөлек, Якуда Қалықұлов, Алмагүл Артықбаева, Гүлжаһан Әбікенова сынды өнер иелерінен үйренгенім көп.
– Бүгінде сіз де артыңыздан шәкірт тәрбиелейтін ақсақалдық жасқа жетіп қалдыңыз? Талантты жас толқындардан кімді айтасыз?
– Әрине, алдыңғы аға буынның жолын қуып, өнерде биікке жетсем деген жас актерлер көп. Олардың сахнада ойнау шеберлігіне сөз жоқ. Үйренуден жалықпайды. Әрдайы ақыл-кеңесін сұрап жүреді. Мәселен, Асқар Оразалиев, Нұрлыбек Шынәлиев, Бақытбек Темірбеков, Ұғым Баймаханов сынды актерлерді өте талантты деп айтар едім. Келешегінен зор үміт күттіретін жастар.
– Өнер адамы болмағанда қай саланы таңдар едіңіз?
– Қазақта «Түйе мінген қазақ төрт ауыз өлең біледі» деген сөз бар. Сол секілді кейде мен де қолыма қара домбыра мен гитараны алып ән шертемін. Оны өңдеп сазгерлерге көрсетемін. Мен бұл істен рухани ләззат аламын. Жұмыстан бір сәт шаршап келгенде демаламын.
– Аға, бағанадан бері сізбен әңгімелесу барысында көзіңізде бір мұңның барын байқадым. Өмірде әттеген-ай, деген өкінішті сәттеріңіз көп пе?
– Дұрыс айтасың, қызым. Соқпағы көп мына өмірде қиындықсыз адам болмайды. Бұл нәрсе жалғыз менде емес, көп адамның басынан өткен шығар. Дегенмен сіздің бұл сұрағыңызға бір шумақ өлең жолымен жауап берсем деймін.
Серігім мұң досым да жанашырым,
Сенем соған жанымның бар асылын.
Тірі жанға айтпайтын сырымды айтам,
Жас буласа көзімнің қарашығын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұқбаттасқан Айнұр ТӨРЕМҰРАТОВА