Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » » Бекзат өнердің биік шыңы

Бекзат өнердің биік шыңы

  Қазақ сахнасында би өнерінің қашанда алар орны бөлек. Біле білгенге ол жәй ғана дене қимылы мен қозғалыс емес. Би де ақындар жазған өлең, сазгерлер шығарған әуен, суретші салған бейне секілді тең шығармашылық дүние. Бәлкім, бір қараған адамға немесе өнердің тілін түсіне алмаған жанға солай да шығар. Бірақ, оның да өзіндік айтар ойы, өрнегі бар. Мұны тек осы өнерге ерекше мән беріп, оны ықыласпен тамашалаған адам ғана оқи алатыны шындық.
   Қай өнердің саласы болсын, оның көпшілік біле бермейтін жағы мен өзіндік сыры, әдіс-тәсілі болады. Сол сияқты бидің де әсемдік пен әдемілікке құрылып, жұртшылықты жақсылыққа баурайтыны мәлім. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын қазақ халқы ертеден өнерді бағалай білді, бағамдай түсті. Еліміздің әр аймағы өзіндік өнер әлемін қалыптастырып, соның бәрін бір арнаға тоғыстырды. Біздің Сыр өңірі де бұл өнерден құр алақан емес. Сыр өңірінен шыққан талай тума дарын жырдан шашу шашып, әнді әуелетіп, би өнерін бағындырды. Ендеше, Сыр өңірінде осы өнердің туын биіктетіп, қалың көрерменді таңдай қақтырып, көпке танылып жүрген «Томирис» би ансамблінің өнерін айтпай кету мүмкін емес.
   Талантты жастар тобынан құралған ұжым 2001 жылы облыстық филармония жанынан белгілі өнер жанашыры Сәрсен Ибрашеваның бастауымен тұсауын кесті. Міне, содан бері, аталмыш би ұжымы талай асудан асып, бидің қыр-сырына қанықты. Қызғалдақтай құлпырған қыздар ұлттық нақыштағы қазақ билерімен қатар, әлем халықтары мен заманауи үлгідегі би үлгілерінің озық түрлерін қазақ сахнасына алып шығуда.
   Таланттарды тауып, оларды гүлдей баптап, жұлдызы жануына жетекші үлкен қызмет атқарады. «Томирис» би ансамблінің көркемдік жетекшісі, әрі бас балетмейстері Гүлбану Мырзабаеваның өнер жолындағы еңбегі елеулі.
Ол өз ісін жан-тәнімен беріле сүйеді. Саналы өмірін осы жолға арнаған жан алда да үлкен мақсаттары бар екенін жасырған жоқ. Ансамбль басшысымен сөйлесу барысында ол кісінің өз ісіне берілген жан екенін аңғардым. Нұрлы жүзінен өнерге деген сүйіспеншілігі төгіліп тұрды. Бала кезден биші болам деп арман жетегінде өскен жан, бүгінде қажырлы еңбектің арқасында аға ұстаз, білікті маман болды. Жиырма жылдан бері ол Сыр өңірінің іргелі оқу орындарының бірі, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «хореография» мамандығының оқытушысы қызметін атқаруда. Сондай-ақ, қырық жылдан астам тарихы бар облыстық филармония қабырғасында өнермен бірге біте қайнасып келеді. Бар ғұмыры бимен етене байланысып жатыр. Ол әр жылдары еліміздің «Үздік хореограф», «Үздік балетмейстері» номинациясының иегері атанды. Оған қоса, жоғары оқу ордасындағы жемісті педагогикалық еңбегі үшін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің академиялық доценті атағы берілді.
  Жауынгер, сақ патшайымының тарихи есімін тұмар етіп таққан «Томирис» бүгінде талай байқаудың жүлдегері атанып, өнер жолында өзіндік өрнегімен танылды. Әрине, мұның бәрі шәкірттеріне бар білгенін үйретуден жалықпаған білікті ұстаздың арқасы деп білеміз. Биші қыздардың әрқайсысын өз баласындай көріп, бауыр басқан бас балетмейстер бидің қойылу техникасына ерекше мән беретінін айтады. Ұстаз ретінде «әрдайым қыздарға биді «биші биді әйтеуір билеп шықсам болды» деп ойламай, оның көріністік әсерінен гөрі, оның айтайын деген ішкі сырына көбірек мән беріп, елдің назарын соған қарай аударуға ден қойса екен деймін» – деді. Иә, расында да сахнаға шыққан бишінің шын көңілін, өнерге деген ықыласын оның бет-жүзінен ақ аңғаруға болады. Биші биді жәй ғана қимыл-қозғалыспен емес, оны жүрегімен жеткізсе ғана көрермендер көңіліне жылу ұялатады.
   Гүлбану Елубайқызы өзінің қызметтік міндетін атқару барысында тәртіптің болғанын қалайды. Содан болар, аз уақыттың ішінде 30-40 шақты бишіні халықтың алдына алып шығу үшін ең бірінші темірдей тәртіптің керектігін алға тартады.
   «Білікті маман бишілерге байқауға барып, бағын сынап көргені жақсы. Білмегенін біліп, білгенін өзгеге үйрету оларды одан әрі шыңдай түседі. Осы ретте аймақ басшылығында отырған азаматтардың білдірген қолдаулары аз емес. Біздің қыздар еліміздің өзге өңірлерінен келген хореографтардан да шеберлік дәрісін алып келеді, – деп ағынан жарылды.
   Халықтық өнерді насихаттап жүрген қыздар бүгінде бір ғана қазақ би өнерінің өзінен 30-ға жуық түрін жоғары деңгейде орындап келеді.
   Би қимылын қарапайым өмірден алуға болады. Жүрген жерімде көзіме қандай әдемі көрініс кездессе, содан бидің бір элементі болса да  шығаруға тырысамын. Тіпті, қабырғада ілулі тұрған суретке қарап-ақ би қоюға болады. Ол үшін ұшқыр ой мен кереметтей қиял қажет. Өзім осы саланың кәсіби маманымын. Бірақ, сонда да үлкен ізденіспен жүремін. Бидің арнайы әдіс-тәсілі жазылған кітаптарды алып оқимын. Осы бағытта арнайы методикасына арналған кітап шығардым, – деді. ¬
   Өзін білікті маман ретінде дәлелдеген ол тек шәкірттеріне тәлім үйретіп қана қоймайды. Ол отағасымен бірге қыздардың үстіне киетін костюм үлгісіне дейін бірігіп ойластырады. Тіпті, кей жылдары көршілес елдерге барып, сол жақтан арнайы киімдерді тіктіріп келген кезі болған.
  Би – тұтастық пен бірліктің белгісі. Онымен қоса адамның көңіл-күйін көтеріп, ағза жұмысын реттеп, ақыл-ойын ізгілікке баулиды. Сондықтан, өнердің биік белестерін бағындырып жүрген «Томирис» тобы Сыр өңірінің өнері мен мәдениетінің жоғары деңгейде дамуына үлкен үлес қосып келеді.

Айнұр ТӨРЕМҰРАТОВА






10 қыркүйек 2019 ж. 1 482 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам