Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Қызылөзек: ауылда амбулатория ашылады

Қызылөзек: ауылда амбулатория ашылады

  Таң бозынан қаладан 25-30 шақырым қашық Қызылөзек ауылына бет бұрдық. Мақсатымыз – ауыл халқының жай-күйін көзбен көру, атқарылған жұмыстармен танысу. Байқағанымыздай, ауыл әкімінің есепті кездесуіне асыққан халықтың қарасы қалың. Әкім – басшы, біз қосшы дегендей бір жағынан қолдап, бір жағынан көкейдегі көп сұраққа көкейге қонымды жауап алғысы келеді.
          Ауылға қарасты Айнакөл елдімекенінің тұрғыны Тұрсын Ибраева әкім келеді деген хабарды естігеннен клубқа қарай қамдана бастапты. Жиынға ертерек келіп, алдыңғы қатарданойып орын алды. Болмысын бақсақ белсенді, оның ойымен бөліскенді жөн деп таптық.
          – Сәлеметсіз бе, апа!
          – Сәлеметсің бе!
          – Апа, кездесуде әкімге айтар маңызды бұйымтайыңыз бар-ау?
          – Еее, өзің кім боласың?
– Жергілікті газеттің тілшісімін. Ауылдың ахуалын тұрғындардың өзінен сұрайын деп... Қандай өзгеріс, жақсы жаңалық бар? Атқарылған шаруаға көңіл тола ма?
          –  Шүкір, шүкір. Біршама оң өзгеріс бар. Ауылда түйткілді мәселе көп қой. Ақырындап шешімін тауып келеді. Былтыр көптен бері жөндеу көрмеген біраз жол жөнделді. Соған ризамыз. Қалаға қатынау жеңілдей түсті. Өзім Айнакөл елдімекенінде тұрамын. Алдыңғы жылы әкімге сондағы көшелерді жөндеп берсеңіз деп өтініш айтқанмын. Сөзімді жерге тастамады. Енді биыл да қалған көшелерді асфальттап берсе, түнгі жарық шамдарын орнатса деймін. Әйтпесе, тұрғындарға обал болды. Жарықсыз, айқыш-ұйқыш көшеде түнде жүру қиын. Кейде үлкен кісілер құлап қалып жатады. Ауырып қалсаң, көше аяғындағы фельдшердің жетуі мұң болады. Енді биылдан қалдырмай осы мәселені шешіп берсе деген өтінішім бар, – дейді ол.
          Көп ұзатпай белгіленген уақытта әкім есебі де басталды. Алдымен Қызылөзек ауылындағы игі істер сарапқа салынды. Малға, егінге жайлы, шаруаға қолайлы ауылда ауылшаруашылығы өркен жайған. Бұл бағытта  мемлекеттік бағдарлама аясында жеңілдетілген несие алған шаруа қожалықтары кәсібін дамытуда. Жаңа жобалар жүзеге асырылып, жаңа жұмыс орындары ашылған. Ондағы «Ақмар и К» ЖШС биылдан бастап ауылда шұжық өнімінен бөлек консервіленген ет өндіруді көздеп отыр. Сол сияқты, ауылдағы инфрақұрылым жағдайы да жақсарған. Былтыр кіреберіс жолдар мен бірқатар ауылішілік көше асфальтталған. Маңызды аумақтарға электр бағанасы, түнгі жарық шамдары орнатылып, желі сымдары ауыстырылған. Ауыз су мәселесі шешіліп, көлік қатынасы, байланыс жүйесі, санитарлық тазалық, қоғамдық тәртіп жайы да қалыпқа түскен. Ал, тұрғындар үшін ең басты қуаныш – ауылдық амбулаторияның ашылуы. Маңызды нысан жақында ел игілігіне беріледі деп күтілуде. Ауыл әкімі Сәкен Әбдіжаппардың баяндауынан шалғай ауылдың тынысынтани түстік.         Ал, қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың есебін жұртшылық ұйып тыңдады. Зал ішіне орнатылған үлкен экраннан қаланың бүгінгі тыныс-тіршілігін, ел игілігіне жасалған жұмыстарды көзбен көргендей болды. Жиында шаһар басшысы қаланың бүгінгі жетістігін тәуелсіздік жолындағы тартысты тағдырда сынбай, береке мен бірлігін жоғалтпаған, өскелең ұрпақ бойына ауызбірлікті дарыта білген аға буынның еңбегімен бағалады.   
          Қос әкімнің атқарған жұмысы тыңдалған соң, кезек тұрғындарға келіп жетті. Қала басшысы әдетінше көпшіліктен бар мәселені ашық айтуды өтінді. «Әкім бол, халқына жақын бол» деген қағиданы ұстанған шаһар басшысына алғашқы сауалды ертесімен кездесуге асыққан тұрғын Тұрсын Ибраева жолдады. Алдымен әкімдердің жұмысына оң бағасын беріп, алғысын айтты. Артынша өтінішін жеткізді. Осылайша, жұртшылық кезегімен өз сұрақтарын қойды. Бірі ауылға газ құбырлары тартылса, ендігісі сол маңдағы жекенің қолына өткен жерлер қайтарылып, мал азығын дайындайтын цех ашылса деген ұсынысын айтты. Халықты тағы бір мазалаған жайт жуырда ашылатын амбулаторияға білікті мамандарды тарту болды. Оған №5 қалалық емхана басшылығы қаперге алатындығын жеткізді.
          Байқасақ, ауыл тұрғындарының көкейтесті мәселесі көп. Әсіресе, ауыл көгілдір отынмен қамтылса,  ел қатарлы жайлы өмір сүрсек дейді. Бұл қаржы мәселесіне қатысты болғандықтан, алдағы уақыттың еншісінде. Дегенмен бұл газ құбыры мүлде жүргізілмейді деген сөз емес. Көпшілік осыған иланды. 
         
Айдана САЙДУЛЛАҚЫЗЫ
25 қаңтар 2020 ж. 1 216 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам