Тұрғындар көтерген мәселе шешімін табады
Қалаға қарасты кент-ауылды, шет аймақты түгел қамтып, елдің мұқтажын тыңдаған қала басшысы түйінді есебіне үлкен дайындықпен келіпті. «Мынаны жасадық, мынадай іс бітірдік» деген жалаң сөз емес, есепке дейін ел айтқан ұсыныс-пікірді ескеріп, шешімін табуы тиіс мәселелер үшін бюджет қаражатын да қамдап келіпті. Әкім сөзімен айтқанда есепті кездесуге дейін өткен қалалық мәслихат сессиясында тұрғындар көтерген ұсыныс 100 процент қамтылу үшін қаланың қаржы қазанынан қаржы қаралғанын атап айтты. «Қаржының басым бөлігі қаланың шет аймақтарындағы жол мәселесін шешуге бағытталады. Сондықтан бұл нағыз «Әлеуметтік бюджет» деуге негіз бар» деді қала әкімі.
Елдің күткені де осы болатын. «Есепті жиын– мәселені тыңдау – шешімі» деп айтатындай нақты мақсатпен есеп берген қала әкімінің сөзден іске ұстанымы көп көңілінен шықты.
Мемлекет басшысы Жолдауында атап көрсеткен «халықтың үнін еститін Үкімет» формуласы елордада ғана емес, аймақтарда да жүзеге аса бастағанының көрінісі бұл.