«Ілмек» пен ізгілік
Адамның күні қашанда адаммен. Сондықтан бір-біріне сүйеу болу, қайырымдылық танытып, ізгілікті іске ұмтылу – бұл өмірге адам боп келген баршаның міндеті. Асылында, адамгершілік қасиет иманнан басталады емес пе?
Бүгін сол қайырымды жандардың қайырлы ісін үлгі етсек дейміз. Біз әрдайым кең пейілді, ақ көңіл, «жетімін жылатпай, жесірін қаңғытпаған» дана, жомарт, мейірімді халықтың ұрпағы екенімізді мақтаныш етеміз. Мұның бәрі қанға сіңген қасиет. Тек кей-кейде санамыз материалды құндылыққа ерік беріп кететіні болмаса. Иә, бойды тұрмыстық қажеттілік игеріп тұрған сәтте, атадан қалған ізгі мұраттарды естен шығаратын болармыз. Десе де, ниет болса жақсылық жасайтын адамға байлықтың да, басқаның да керегі жоғы анық.
Бұл қоғамдық ұйым негізінен жаңа туған нәрестелердің өмірі үшін күреседі. Қалай дерсіз? Кәдімгідей, қарапайым іспен. Шала туған сәбилерге тоқыма тоқу арқылы олардың аман-есен өсіп, жетілуіне қолдан келер көмегін береді. Жетекшісі Әйгерім Нұрлан ескі үрдісті заманауи түрде жандандырып жүрген ұйым туралы ең алғаш әлеуметтік желі арқылы білген. Сол мезетте «неге осы іске үлес қоспасқа?» деген ой қылаң береді. Өзі де көп ұзатпай тиісті орындарға хабарласып, істің мән-жайына қанығады. Ақырында республика көлемінде жұмыс істейтін «28 Ілмек» клубының Қызылорда облысындағы филиалы ашылып, жетекші координатор болып өзі тағайындалады. Содан бері өңірдегі қаншама шалабайдың аяққа тұруына сеп болды.
– Негізінен 500 грамм мен 2 кг салмақта туған сәбилер шала жетілген боп есептеледі ғой. Біз соларға таза жүннен киім тоқимыз. Бұл бабадан жеткен үрдіс. Кезінде шалабайларды тымаққа салып өсіргені белгілі, неше күн ерте туылса, сонша уақыт үй іргесіне күн шуаққа іліп қойған екен. Қазір заман басқа, сондықтан тымақ емес осылай тоқыма тігеміз, – дейді Әйгерім бізбен әңгімесінде.
Иә, бала – өмірдің мәні. Оның денсаулығы, амандығы ата-ана үшін маңызды. Өзі де 5 бала тәрбиелеп отырған ана мұны жақсы түсінеді. Әрі тоқыма тоқу оның бала кезден бергі ермегі. Қолдан келер істі пайдаға жарата білген жақсы емес пе? Егер ол қоғамға, адам өміріне соншалықты игілігін әкелсе тіпті, керемет. Оның да алғашқыда ойына келгені осы еді. Волонтерлықпен ертеден таныс ол, әп-сәтте өзі де ерікті жандардың қатарына қосылды.
Бастаған іс аяқсыз қалмауы тиіс. Жауапкершілік бар. Бұл бір күндік шара емес, тұрақты ұйымдастырылуы тиіс тірлік. Сондықтан бұл бір өзіне қиынға соғары анық. «Жаяудың шаңы шықпас» демей ме халқымыз, бірлескен жұмыс қашанда нәтижелі. Мұны ескерген Әйгерім тағы да әлеуметтік желінің көмегіне сүйенеді. Енді мұнда қолынан тоқу келетін, шалабайларға көмек беруге ерікті жандарды іздейді.
– Әуелгі кезде 3 келіншек көмек беруге дайын екендігін айтты. Солай іске кірістік. Шала туған балаға қажеттісі түйе мен қойдың таза жүні. Оны базардан таба алмайсың. Арнайы алдырамыз, кейде желі арқылы демеуші іздедік. Бірте-бірте қатарымыз да толықты. Іске де қаныға бастадық. Қазір ұйымда үйде отырған аналар, зейнеткер апалар, қаржы, кәсіпкерлік саласындағы қыз-келіншектер бар. Бәрі жұмысбасты, үй шаруасындағы адамдар. Соған қарамастан қайырымдылық жасауға құмар. Сәбилерге қажетті киім-кешекті үйде отырып тоқимыз. Айына бір бас қосып, жасаған дүниемізді жинақтаймыз. Ол кемі 50 шақты киімге жуықтайды. Оны облыстық «Ана мен бала» перинаталдық орталығының реанимация бөлімінде жатқан нәрестелерге табыстаймыз. Былтырғы есеп бойынша облыста ай сайын 60-қа жуық бала шала туған екен. Солардың үлкен азамат боп өсуіне үлесіміз барын сезіну бізге қуат береді, – деді қайырымды жан.
Айтуынша, бұған дейінде бірнеше жобаға қатысып, белсенді еріктілер қатарында болған екен. Тек осы «28 ілмек» клубының жұмысын қолға алғалы осында тұрақтаған. Одан бөлек қоғамдық бірлестігі тағы бар. Өткен жылы осы бірлестігі «Samruk-Kazyna Trust» қорының «Әрекет» жобасы арқылы грантқа ие болып, Тасбөгет кентінен полиграфиялық орталық ашыпты. Сол орталыққа түскен қаржы толығымен «28 ілмектің» керек-жарағын алуға жұмсалады. Ұйымдағы қыз-келіншектер өздері тоқыған киімді киген шалабайдың біразы бүгінде ержетіп қалғанын айтады. Тіпті, олардың алғаш киген тоқымасын сақтап қоятындары бар екен. Ата-анасы суретін жіберіп, алғысын білдіргенде еңбектің еш кетпегенін түсінеміз, – дейді.
Қазіргі таңда психологтар өзің жақсы көрген іспен шұғылданған адамның жетістігі де жарқын болады дегенді айтып жүр. Әрі бұл адамның ішкі дүниесін тазартып, ізгілікке толтырады-мыс. Расында, бұл сөздің жаны бар. Себебі, жақсылық жасауды бастаған адам әрі қарай тағы жасауға ұмтылады. Кейде, тіпті онысына рақмет емес, лағынет естіп жататыны бар. Сонда да бұл – адамзат жасаған істің қайырлысы.
Айдана САЙДУЛЛАҚЫЗЫ